23.07.2021, 9:18
Оқылды: 201

МХҚО-ға 50 000 тұрғын жүгінген

Аутокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін ресімдеу және ауыстыру, мемлекеттік баж салығын төлеу секілді қызметтердің барлығын қала тұрғындары үйден шықпай-ақ ала алады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы түрлі мобильдік қосымшалар, әлеуметтік желілер арқылы өңір тұрғындарына мемлекеттік қызметтің ондаған түрін онлайн режімде ұсынады.

цон

Жақында филиал директоры Нәдір Құрымбаев мамандандырылған ХҚО-да өңір журналистеріне пресс-тур ұйымдастырды. Бұл жерде жүргізуші куәлігін алу, аутокөлікті тіркеу және нөмірлік белгіні беру т.б. қызмет түрлері ұсынылады. Мамандандырылған ХҚО «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейді. Сондықтан жүргізушілер қажетті құжаттарды кешенді түрде ала алады.

Аутокөлікті арнайы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО филиалына тіркеу барысында жүргізушілерге өтініш бланкілерін толтыру, анықтама қағаздарын жинау қажет болмайды. Орталық операторлары жүргізуші жөніндегі тиісті мәліметтерді дерекқордан өздері таба алады. Мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігін алу кезінде медициналық комиссиядан тез өту үшін орталықта дәрігерлерге арналған кабинеттер орналасқан. Үміткерлер практикалық емтиханды аутоматтандырылған аутодромда тапсырады. Мұнда болашақ жүргізуші қашықтықты өздігінен жүріп өтеді, ал электронды жүйе өзі бағалайды. Сондай-ақ ғимаратта жүргізуші куәлігін алуға теориялық емтихан тапсыру үшін емтихан сыныбы бар, онда бір уақытта 15 адам тест тапсыра алады. Аутокөлікті шетелден сатып алғандарға тиісті рәсімдерден өту үшін кедендік бақылау бекеті бар. Орталықтарда маман-кеңесшілер, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлері жұмыс істейді.

Мамандандырылған ХҚО-ның тыныс-тіршілігімен таныстырған филиал директоры Нәдір Құрымбаев көрсетілетін қызметтердің басым бөлігін онлайн режімде алуға болатындығына тоқталды. Алайда цифрландырудың ілгерілеуіне қарамастан, күн сайын жүздеген азамат ХҚО-ға қызмет алу үшін жүгінеді екен.

– Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы қызмет көрсету. Орталықта барлық қызмет оңтайландырылған, енді қала тұрғындары өз уақыттарын алып кезекте тұрмайды. Өтінімді ресімдеу кезінде жеке деректерді және алынатын құжаттар туралы ақпаратты толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Жүргізуші куәлігін кез келген ыңғайлы уақытта электрондық үкімет порталы арқылы айырбастауға болады. Құжатты ауыстырудың бұл тәсілі азаматтардың уақытын үнемдейді және кезекте тұру қажеттілігін болдырмайды, – дейді филиал директоры.

Мамандардың айтуынша, бірінші, екінші топтағы мүгедек жандар мен соғыс ардагерлері қызметкерді үйге шақырса, қазір 65 жастан асқан азаматтар маманды үйге шақыра алады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға орай, 65 жастан асқан азаматтар қызметке шақыру үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек.

Жыл басынан бері Оралдағы мамандандырылған ХҚО қызметіне өңірімізден 50000-ға жуық тұрғын жүгінген. Алғаш рет жүргізуші куәлігін алуға 10000 адам өтініш тапсырып, оның 1400-і емтиханнан сүрінбей өтіп, өз құжатын алған.

Мемлекеттік баж салығын QR-кодтың көмегімен төлеуге болады. Қандай да бір қызметке тапсырыс беру кезінде клиент менеджерден төлем жасау үшін QR жасауды және бір минут ішінде смартфонның көмегімен төлем жасауды сұрай алады.

Айта кету керек, QR-код әрбір қызмет бойынша және әрбір клиент үшін жеке көрсетіледі.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале