22.11.2022, 9:01
Оқылды: 169

Нағыз нардың өзі еді

Еліне айрықша еңбек сіңірген азаматқа көптің өзі жоғары баға берері хақ. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген мәтел осындайда айтылса керек.

IMG-20221122-WA0003

Өмір жолында кездескен жандарды еске алып отыру, мүмкін болса, оның жақсы жағын келер ұрпаққа үлгі ету – көзкөргендерге міндет. Ақас Аманғалиев өнегелі ісі есте қаларлықтай, айта жүрерліктей ардақты азамат болды. Мен онымен 1990 жылдардың орта тұсында таныстым. Ақас сол жылдары – КСРО мемлекеттік қауіпсіздігі комитетінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, полковник дәрежесінде демалысқа шығып, елге түпкілікті келген екен. «Заманы бірдің амалы бір» дегендей, ауданауылдардан көшіп келгендер қалада жиі бас қосатын едік. Бұрын аракідік ұшырасып қалып жүргенімізбен, бір-бірімізді жете білмейтінбіз. Ерулік, шілдехана, мерейтой секілді тағы басқа қуанышты сәттерде жүздесіп қалғанда ашық-жарқын әңгімелесетінбіз.

Осылай аралас-құралас бола жүріп, бір-бірімізді жақыннан тани түстік. Ақас адамдармен бірден тіл табысып кететін. Ақжарқын, жайдары мінезімен, әзіл-қалжыңға жүйріктігімен көпшілікті баурап алатын. Ақ Жайық өңірінің ардақты азаматтары – Болат Молдашев, Еркін Бөлегенов, Қуаныш Қитаров, Сағын Сапаров сынды достарымыз да Ақаспен кездескенде, ізеттілік танытып, емен-жарқын сөйлесіп, сый-құрмет көрсететін. Ақас біраз жыл Мәскеу қаласында тұрды, көптеген шетелде болды. Мәскеуде тұрған кезде өңіріміздің, беделді азаматтары Ақасқа жиі жолығатын. Олардың біразын үйіне қош алып, дастарқанынан дәм татуға шақыратын. Бәріміз аса құрметтейтін асыл жары Розаның дәмдеп құйған шайын біздің қатардан ішпегені кем де кем болар.

Қиын кезеңді басынан кешіріп, жәрдем сұрай келген талай азаматқа сүйеніш болып, қолтықтан демеген Ақастың жанашыр қасиетін, адами қарым-қатынасын Роза Сұлтанғалиқызы, Төлеген Себепов, Зейнолла Ашықов, Серік Рашев, Тілекқабыл Бөлеев, Сатыбалды Ахметов, Әділғазы Нұрғалиев, Ғазиз Хаймулдин, Бақтығали Ахметов, Рахметолла Сүйербаев, Нәжімеден Есқалиев сынды замандастары сүйіспеншілікпен еске алып, кеңінен әңгімелейді. Халқымыздың «Қайырымы бардың қадірі бар» дегені ақиқат қой.

Ақас қазақтың әдет-ғұрпын, ауызекі сөздерін білгенімен, қызмет бабымен шетелде, басқа ортада болғандықтан, ана тілінің алтын қабатын терең тануға, тілдік қолданысты жетік меңгеруге мүмкіндігі болмағаны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазақтың өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін ұдайы оқып отыруды дағдыға айналдырды. Көрнекті ақындар Қадыр Мырза Әли, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтың көптеген өлеңін, қазақтың би-шешендерінің даналық сөзін жатқа айтатын. Тіпті мақал-мәтел, афоризмді сөз орайына орынды қолдану тұрғысынан бәрімізден асып түсті. Оның қолға алған істі аяғына дейін жеткізуі, табанды түрде ізденуі – кәсіби мамандығының жемісі болса керек деп ойлаймын.

Осы жылдар ішінде Ақаспен айнымас дос болдық. Әзіл-қалжың айтқанды жақсы көретін. Кейбір ұтымды әзіл-сықақты қайта-қайта айтқызып, риясыз күліп, балаша мәз болатын еді. Жан дүниеміз үндес болғандықтан, жиі сырласып, әңгімелесетінбіз. Көпшілік жағдайда әңгімеге өзі тартатын. «Қамшының сабындай қысқа өмір ғой, бізге сыйластық пен адами қарым-қатынастан басқа не  керек?»  деп отыратын.

Ақас жан дүниесі таза адам еді. Ешкімге жамандық тілемейтін, тарыққанға ақыл-кеңес беріп, жақсылық жасаудан айнымайтын және соған бола ешкімнен ештеңе дәметпейтін, шыншыл, әділ, ар жолын, намыс туын биік ұстаған нағыз нардың өзі дер едім. Осындай азаматтардан үлгі-өнеге алған келер ұрпақ елін, жерін қорғайтын рухты батыр боларына сенімім  мол.

Жаның жәннатта болсын, рухың ұрпағыңды желеп-жебеп жүрсін. Біз сені ұмытпаймыз, досымыз Ақас.

Нұрлан Ізтілеуов,

еңбек ардагері,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале