29.09.2022, 12:01
Оқылды: 165

 «National Geographic» семинары

Орал қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектепте «Қызықты ғылым» жобасы аясында семинар өтті. Бұл жобаны «Шеврон» компаниясының қолдауымен «KAZMEDIA  HOLDING» ЖШС жүзеге асыруда. Аталған жобаны іске асырушы мамандар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің география пәні мұғалімдеріне арналған семинар ұйымдастырды.

dc89332f-3967-491e-9766-0ecd6d122b1f

«KAZMEDIA HOLDING» ЖШС-ның басқарушы директоры Қанат Абашовтың айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – әлемдік ғылыми ресурстардың қазақ тілінде қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сонымен қатар 134 жылдық тарихы бар «National Geographic» жорналының ресурстарын тиімді қолдану. Ең алғаш 1888 жылы АҚШ-та шыққан бұл жорнал әлемдегі география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фотобейне деректерінің бай қорын қалыптастырған. «National Geographic Qazaqstan» жорналының редакциясы 2016 жылдан бастап осы жорналды қазақ тілді оқырманның назарына ұсынған.

– Қазіргі таңда редакциямызда 10-нан астам маман қызмет атқарады. Әлемдегі 40-қа жуық елдің тіліне аударылатын жорналдың 70-80% ақпараты – ортақ контент. Ал қалған бөлігін әр ел өзінің жергілікті жердегі ғылыми жаңалықтармен толықтырады. Біз де ақпараттың 20-30%-ын Қазақстан аумағындағы ғылыми жаңалықтар арнаймыз. Ғылымизерттеу жұмысымен шұғылданатын адамдармен іскерлік қарым-қатынас орнатамыз. Себебі ғылымға қатысты қызықты жаңалықтарды қалың оқырманға түсінікті тілде  таныстыруымыз қажет. Бұл жорналға шығатын мақалалардың көбі жалпы адамзатқа, планетаға ортақ тақырыптар. Мәселен, дүниежүзінде климаттың күрт өзгеруі, орман өртінің пайда болуы, әлемдегі су тапшылығы немесе су тасқыны секілді өзекті әрі кең көлемдегі мәселелерді айтуға болады. Алдағы уақытта да осындай әлемдік деңгейдегі ақпараттарды тікелей ағылшын тілінен қазақшаға сапалы түрде аударып, оқырмандарға жеткізу – біздің міндет, – деді  Қанат  Нұралыұлы.

Айта кетейік, «Шеврон» компаниясы мен «KAZMEDIA HOLDING» ЖШС бұған дейін де бірлесіп, жасөспірімдердің ғылымға қызығушылығын арттыру мақсатында бірнеше жобаны қолға алған. Атқарған жобаларының бір ерекшелігі – зерттелген, нақты ғылыми контентті жорнал үлгісінде мектептегі ұстаздар мен оқушыларға таныстырып келеді. «Қызықты ғылым» жобасы аясында Қазақстанның аталған үш өңіріндегі мектеп кітапханалары «National Geographic Qazaqstan» жорналының үш жылдық топтама, яғни әрқайсысы 36 санымен қамтамасыз етіледі.

Семинарға қала мектептерінен 50-ге жуық мұғалім қатысты. Іс-шара барысында жиналған ұстаздар қауымына бүгінгі қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, зерттелген ақпараттарды аталмыш жорналдың сайтынан алуға болатыны айтылды. Сондай-ақ білім беру кезінде осы сайттарды пайдаланып, оқушыларға түрлі қызықты ақпарат ұсынудың жолдары да көрсетілді. Барлық мұғалім қалта телефондарын қолдарына алып, экранда берілген сілтемелер мен QR кодтар арқылы жорналдың сайтына өтіп, қолдану тәсілін үйренді. Семинарда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Quantum Stem School» аталатын мектептің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі Динара Сағадатова қазіргі таңда мұғалімдерге қандай ресурстардың қолжетімді екенін айтты.

– Бұл жерде мұғалімдер үшін ең керекті нәрсе – электронды кітапхана. Мұнда  география пәні бойынша сабақ жоспарларының да үлгілері бар. Бұл электронды кітапхана ішінен ұстаздарымыз ақпарат алып қана қоймай, түрлі идеяларды да кездестіреді. Сол идеялар мұғалімдер үшін маңызы зор болған сабақ жоспарын жасауда көп көмегін тигізеді. Сонымен қатар «MapMaker» деген вебсайтты көрсеттік. Мұнда география пәнінен сабақ беретін мамандар өзіне қажет карталарды құрастыра алады. Тағы бір айта кететін нәрсе, жорналдың «YouTube» желісіндегі бейнероликтерін аутоматты түрде қазақшаға аудару арқылы оқушылардың назарына ұсынуға болады. Себебі қазірдің өзінде қазақ тіліндегі ақпараттар жетіспейді. Осы әдістерді өзім де сабақ барысында жиі қолданамын. Бүгінде балаларды мәтіннің ұзақтығы шаршатып жіберетіні белгілі. Сондықтан  пәнге қатысты қысқаша бейнероликтерді оқушыларға қазақ тілінде көрсетіп жүрмін, – деді Динара Есетқызы.

Жиынның соңында ұстаздарға «National Geographic»-тің  білім және ғылым саласындағы онлайн ресурстарын сабақ барысында тиімді қолдану» семинарына қатысқаны үшін «National Geographic Qazaqstan» жорналының бас редакторы Еркін  Жақыповтың атынан сертификаттар табысталды.

– Шәкірттердің қызығушылығын ояту үшін жаңа дүниелерді ұсына білуіміз керек. Осы орайда «National Geographic» жорналының арнайы сайтынан сенімді ақпараттарды қалай алуға болатынын түсіндірді. Әрине, қазір ақпарат заманы болғандықтан кез келген хабардың көз ілеспес жылдамдықта таралып кететініне куә болып жүрміз. Алайда ақпараттың анық-қанықтығына адамдардың көбі көз жеткізе бермейді. Біз оқушыларға дұрыс әрі сапалы білім беруіміз қажет. Сондықтан да осындай мүмкіндіктерді пайдалана білу – біздің міндеттеріміздің бірі, – деді М.Ықсанов атындағы №36 мектептің география пәнінің мұғалімі Нұрсұлу  Жұмағалиева.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале