21.03.2021, 14:54
Оқылды: 353

«Наурыз – жаңа күн»

Жүректерге нұр сепкен әз Наурыз жетті. Көктегі күн-көктем беттен өбіп, шуағымен жер бетіндегі тоң атаулыны жібіте бастады. Ұлыстың ұлы күні Наурызды жыл басы деп тойлаудың жөні бар.

C7B0D405-52DB-4D69-A6A5-0B07F26BF5BA

Наурыздың 14-інен Абай атамыз айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» деп келетін шақ, көрісетін кез басталады. Үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет осылайша жыл бойына жалғасады. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеседі, қыстың қаһары қайтып, табиғат тіріле бастайды. Бұған қуанбайтын пенде кемде-кем. Бір сөзбен айтқанда, бұл күн - халықтардың ынтымақ күні. Алайда алқымнан алған тажтажалдың кесірінен шуақты мерекені онлайн сипатта атап өтуге мәжбүрміз. Облыстың  «қызыл белдеуде» тұрғаны ескеріліп, өңірдегі мерекелік шаралардың 80%-ы қашықтан өткізілуде. Сондай іс-шаралардың бірі Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде «Наурыз – жаңа күн» атауымен өтті. Театрландырылған онлайн концертті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аталмыш мәдениет үйінің ұжымымен бірге ұйымдастырды.

EA3FE8DB-8E17-4646-814A-C37DB119D30D

Мерекелік концерт барысында көктемнің келуі, табиғаттың жаңаруы, бейбітшіліктің, жылулықтың нышанындай көктен нұрлы шуақтың төгілуі,  ізгілік пен жақсылықтың жаршысындай қар астынан қылтиған жауқазынның көктеуі күн мен көктем-қыздың бейнелері  арқылы сомдалып, қалың бұқараны ізгілікке, мейірімділікке үндегендей болды. Бағзы замандардан-ақ жыл басы Наурызда халықтың қамқоры, ырыс-береке, құт әкелуші Қыдыр ата әр елге, әр шаңыраққа  бас сұғып бата береді деген ұғым қалыптасқан. Сол наным-сенім бойынша  Қыдыр атамыз   концерттік сахна төрінен көрініп, халыққа ақ батасын беріп, көңіл тоғайтты. Әдемі безендірілген сахнадағы тағылымдық театрландырылған қойылымдармен басталған бағдарлама әз Наурыздың қадір-қасиетін, мән-маңызын ашуға бағытталған ән-күйлермен, термелермен алма кезек өріліп отырды.  

05FEB645-B5DB-4FF4-8FE4-0BEA95D11CBD

Шараға арнайы қатысқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, игі тілегін білдірді.

-Әз халқымыз Наурыз мерекесін қашанда көтеріңкі көңілмен, кең пейілмен ерекше қарсы алады. Ұлтымыздың ұлық мейрамы - ел тарихының айнымас бір бөлшегі, мәдениетіміз бен дәстүріміздің киелі бастауы. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам басқан мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды.

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталды. Ұлыстың ұлы күнін ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұластырудың маңызды екенін айтып өтті.

Біз берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап келеміз. Татулық пен тұрақтылықтың арқасында еліміздің еңсесі биік. Халқымыздың қастерлі қасиеті мен бекзат болмысы арқасында күрделі кезеңді еңсеріп шығатынымыз сөзсіз.

Наурыз мерекесінде Орал өңірін берекелі еңбегімен құтты мекенге айналдырған қаламыздағы барша ағайынға зор денсаулық, баянды бақыт пен мол ырыс тілеймін, - деді Абат Абайұлы.

Одан кейінгі мерекелік  концертте «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі (жетекшісі Д.Таңатаров), қазақтың әсем күйлерін нақышына келтіре орындады.  «Салтанат» би ансамблі (жетекшілері Б.Сапарғалиева, М.Таңатова) көздің жауын алатын ұлттық киімдерімен мың бұрала биледі.  Онлайн кештің сәнін «Әуен» ән үйірмесі (жетекшісі Дария Бақытова), «Қарақат» мектеп-студиясының оқушылары (жетекшісі Л.Нигмаш) және "Терме" үйірмесінің мүшелері Шұғыла Исатай, Саян Ерсайын өз өнерлерімен арттыра түскендей болды. Ал вокалды-аспаптар ансамблінің әншілері Азат Қабиев, Рүстем Кереев, Бибігүл Берекетова, Әсел Қажымова, Аэлита Ерсайынова және Назгүл Қабиева, Кенесары Болғанбаевтар мерекелік әндерден шашу шашып, көрермен тыңдаушылардың көңіл күйлерін көтерді.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале