27.04.2020, 15:26
Оқылды: 148

Облыс әкімі құрылыс жобаларына бөлінген қаражатты үнемдеу керектігін айтты

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев басқарма басшылары және аудан әкімдерімен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы ауқымында жобаларды жүзеге асу барысын онлайн режимде пысықтады. Бағдарламаның орындалуы жайында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов есеп берді.

DA11001D-B9AF-4094-8238-B6E41FD26C31

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 178 жобаны жүзеге асыруға 35,5 миллиард теңге тартылады. 25,6 миллиард теңге мемлекеттің ішкі займы, 9,9 миллиард теңге республикалық трансферт есебінен бөлінеді. Қазіргі уақытта 13 жобаны қайтадан қарастырамыз. Сонда  білім саласы бойынша 32, мәдениетке қатысты 14, спорт саласы бойынша 4, жол құрылысына қатысты 48, әлеуметтік сала бойынша 5, денсаулық саласы бойынша 14, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа байланысты 53 жоба жүзеге аспақ. Жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігерлер анықталуда. Ал бағдарлама аясында бөгеттер құрылысына қатысты жоспарланған  жобаларды алып тастадық, – деді Тимуржан Шәкімов.

Жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан басшыларына жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражатты дұрыс жоспарлау керектігін ескертті.

– Құрылыс жобасы ұсыныс енгізуден басталады. Жоба басталар алдында бірнеше мәрте ойланып, кесіп-пішіп алу керек. Егер жоба қажет болса, оны жүзеге асырудың ең тиімді әдістерін қараңыздар. Шыңғырлау ауданындағы бөгетті жаңғыртуға 450 миллион теңгені жұмсау жоспарланған. Оның қандай қажеттілігі бар? Осы бөгет суын қанша шаруа қожалығы пайдаланбақ? Жарты миллиард теңгені жұмсайтындайтнақты негіздемесі бар ма? Облыс үшін қандай тиімді жобалар бар? Былтыр жобалық-сметалық құжаттама есебі тиімді жоспарланбаса, қаражат бөлінбейтінін бәріңе ескерттім, – деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданы Сарыой ауылындағы мектепті жөндеуге жұмсалатын 450 миллион теңге қаражат жайын сұрады. «Ауылдық округте тұрғындар саны артуда. Сарыойға қарасты Көздіқара елді мекенінде жалпы білім беретін негізгі мектеп бар. Осы мектепте 33 бала оқиды. Болашақта оны бастауыш білім беретін мекемеге айналдырып, Сарыойдағы мектеп ішінен интернат пен балабақша ашуды жоспарладық», – деп жауап берді Сырым аудының әкімі Төлеген Төреғалиев. Аудан әкімінің айтуынша, интернат үшін мектеп ғимаратындағы екі-үш бөлмені дайындауға болады.

– Ескі мектеп ғимаратын жөндеуге бөлінгелі отырған 450 миллион теңге – қомақты қаражат. 250 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа жаңа мектеп салуға болады. Жобалық-сметалық құжаттамасына байланысты нақты есеп жүргізбей, қаражат сұрайсыңдар. Содан кейін облыс әкімдігі тарапынан қолдау болмады деп айтасыңдар. Әуел бастан жоспарлауы тиімсіз жобаларды қолдамаймыз. Халыққа өздерің түсіндіресіңдер. Кейбір шағын ауылдардағы нысандар құрылысына ірі көлемде қаражат құю дұрыс емес. Тимуржан Әдиетұлы, барлық жобаны қайта қарап, пысықтаңыздар. Үнемделген қаржыны сол аудандағы басқа жобаға жұмсаймыз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

«Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыру кезінде 8787 жұмыс орны ашылады. Жұмыс орындарының 50%-ына тұрғындар халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналасады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев аталған бағдарлама ауқымында жұмысқа орналасқандарға ең кемі 85 мың теңге еңбекақы төленетінін, құрылыс учаскесіне басқа елді мекеннен келетіндерге үстемеақы берілетінін, жұмыс орнының есебі нақтыланып жатқанын хабарлады. Облыс әкімі Ғали Есқалиев «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыруға жауапты құрылымдар апта сайын есеп беретінін айтып, құрылыс жұмысы аяқталған соң, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды қаперден шығармауды тапсырды. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Орал қаласы бойынша бақылауда тұрған жобалар туралы баяндады.

 Нұртай Текебай

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале