1.06.2021, 16:50
Оқылды: 207

Облыс әкімі төтеншеліктермен кездесті

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы авариялық-құтқару жасақтары жыл басынан бері жедел дабылмен 588 оқиға орынында болып, 410 тұрғынды ажалдан арашалап қалған. Олардың 89-ы балалар болса, 511 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 77 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

 ч1

Бұл туралы БҚО ТЖД ғимаратында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен авариялық-құтқару техникасы мен құралдарының таныстырылымы бойынша өткен кеңес отырысында айтылды.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегеновтың мәлімдеуінше, соңғы үш жылда төтеншеліктер жеті мыңнан аса оқиға орынынан табылып, екі мыңдай адамды өлім ауызынан құтқарған. Сонымен қатар өңірде орын алған 1893 өрт оқиғасы ауыздықталып, 84 адамның өмірін тілсіз жаудан аман алып қалған. Облыс көлеміндегі бес мыңнан астам нысан өрт қауіпсіздігіне тексеріліп, 24 мыңдай нысанның белгіленген тәртіпке сәйкес келмейтіндігі анықталған.

ч2

- Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде шалғай жерлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы бекеттер ашу жұмыстары қолға алынуда. Сонғы жылдары Тасқала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Бәйтерек, Бөрлі аудандарына қарасты ауылдық округтерден 25 шақырым қашықтықта орналасқан 62 елді мекенді қамтитын 18 өрт бекеті жасақталды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2021-2025 жылдары 9 өрт бекеттерін жасақтау жұмыстары жоспарланды. Соңғы төрт жыл ішінде аудандардан ашылған өрт бекеттеріне 16 өрт сөндіру техникалары берілді. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен үш эксковатор мен үш бульдозер техникасы алынып, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақжайық, Жаңақала, Казталов аудандарына берілді. Бүгінгі таңда департамент құрылымдарының қажетті техникалармен қамтылуы 46,6%-ды құрайды. Бұл түйіткіл төтенше жағдайлар орын алған кезде тұрғындарға қажетті көмек көрсетуге қолбайлау болуда. Қолда бар арнайы техникалардың біразының тозығы жеткен. Өрт сөндіруге қажетті автокөліктер мен авариялық-құтқару жасақтарына арнайы техникалар алу мәселесі туындап отыр. Сонымен қатар судан құтқару көліктері мен сүңгуірлерге арналған арнайы киімдер де жетіспейді, - деді Е.Өтегенов.

ч3

Кеңесте сөз алған «Агрореммаш» АҚ бас директоры Мирлан Бисенов, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнеломедов, «Астел» АҚ өңірлік директоры Анатолий Ким өз кәсіпорындарында өндірілетін төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті өнімдермен таныстырды.

ч6

- Төтенше жағдай жылдың қай мезгілінде, қай уақытта болса да туындайтыны анық. Жаз мезгілінің келуімен қатар өрт қаупі күшейіп, адамдардың суға кету дерегі де өрши түсетіні белгілі. Осы кезеңдерге тыңғылықты дайындықпен келуіміз керек. Егер сапасы жақсы, бағасы тиімді болса, қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті өндірушілерден сатып алуға біздер ниеттіміз. «Агрореммаш» АҚ шығарған арнайы техникаларды лизинг арқылы алуға тырысамыз.

ч4

Өрт сөндіруге пайдаланылатын тіркемелерді аудандарға да алу жолын қарастырайық. Төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті түрлі құрал-жабдықтардың сызбаларын жергілікті кәсіпорындарға ұсынып, солардан жасатуға тырысуымыз керек. Ал судан құтқару қызметіне қажетті қайықтар мен сүңгуірлерге арнайы киімдерді алуға қаражатты алдағы мәслихат отырысында талқылайтын боламыз. Сіздердің қызметтеріңіздің қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Сол үшін бұл салаға әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Қайғылы оқиғаның алдын алып, адам өміріне араша түсетін еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 ч9

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале