3.10.2018, 16:01
Оқылды: 71

Облыстық ауруханада жаңа құрылғы іске қосылды

Облыстық клиникалық ауруханаға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы магниттік резонанстық томография құрылғысы алынып, жұмыс жасай бастады. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов ауруханада болып, аталған аппараттың қызмет көрсету барысын көрді.

oblys akimi (5)

Ауруханадағы ультра сәулелік бөлімнің меңгерушісі Асылбек Бахаевтың айтуынша, алынған жаңа құрылғы адам ағзасына толыққанды тексеріс жүргізуге зор мүмкіндік бермек. Бұл аппарат бұрынғыға қарағанда тез әрі сапалы жұмыс жасап, тексеріс жүргізу уақытын екі есеге қысқартады. Адам ағзасының белгілі бір жеріне тексеріс жүргізген кезде осы құрылғы арқылы бірнеше мәрте үлкейтіп қарауға зор мүмкіндік бар. Атап айтқанда бас, іш құрсақ, буындарға толық тексеріс жүргізе алады. Бүгінде Ресейдің Мәскеу қаласынан арнайы келген мамандар облыстық ауруғана дәрігерлерін жаңа құрылғымен жұмыс жасауға баулуда. Мүмкіндігі зор апаратты толық үйрену үшін өңір мамандары үш саты бойынша оқудан өтпек. Күні бүгін аталған аппаратпен тәулігіне 10-15 адамның ағзасына, ал мамандар жаңа құрылғыны толық меңгерген соң күніне 20 шақты науқасқа қызмет көрсете алады екен.

-Мемлекет басшысының адам денсаулығын қадағалауға дұрыс жағдай жасау, медициналық қызметтің сапасын арттыру туралы бірқатар тапсырмалары бар. Еліміздегі денсаулық бағдарламасы аясында облыс көлеміндегі ауруханалардағы медициналық құрал жабдықтар жаңартылуда. Бүгін міне магниттік резонанстық томография құрылғысын мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы алдық. Осы кезге дейін жұмыс жасап келген аппарат біраз уақыт бұрын істен шығып, өңір тұрғындары басқа облыстарға барып, тексеріліп жүрген болатын. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы алудағы мақсат – облыс бюджетіне бірден салмақ түсірмей, медицина саласына аса қажетті әрі өте қымбат тұратын құрылғыны алуға қол жеткізу болып отыр. Жекеменшік серіктестікпен екі ортада жасалған келісім бойынша 3-5 жыл ішінде қаржысы қайтарылатын болады. Оған дейін бұл құрылғы халықтың игілігіне қызмет жасай береді. Сонымен қатар алдағы уақытта екі ангиограф аппаратын алуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта кардиология орталығынан аритмология кабинетін ашу арқылы жүрек ауруларының алын алуға және емдеуге жағдай жасалмақ. Ал Ақжайық аудандық ауруханасынан инсулттық орталық ашу жоспарда бар. Ол жерге мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы компютерлік томография аппараты қойылатын болады. Сондай-ақ онкологиялық диспенсерге құны 2 миллиард теңге тұратын сәуле үдеткіш аппарат ауадай қажет болып отыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер жүргізу арқылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында қажет құрылғыларды алуға қол жеткіздік. Келер жылы осы заманауи құрылғыларды алсақ, өңірдің денсаулық сақтау саласына үлкен қолдау болмақ. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласын жоғары білімді медицина мамандарымен қамту мақсатында да бір қатар жұмыстар атқарылуда. Тек биылдың өзінде облысымыздағы 112 маман шақырылған болса, күні бүгін солардың жартысы өңірге келіп, қызметке кірісті. Оның сыртында Астана қаласынан үш кардиохирург шақырылған болса, қазір екі маман келіп, жұмыс жасауда, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

oblys akimi (8) oblys akimi (9) oblys akimi (10)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале