28.06.2022, 9:08
Оқылды: 169

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов: «Өнер – мәдениет нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту жыл сайын жалғасатын үрдіс»

– Сайран Темірғалиұлы, екі жылдан астам уақыт жер-жаһанды жайлап, дүние жүзінің халқын әбден әуре-сарсаңға салған індет бүгіндері аяғын тартып, айылын жиған сыңайлы. Облыс өнерпаздары енді шалғай аудан, алыс ауылдарға шығып, ел-жұрттың еңсесін көтеруге ықыласты ма?

даулеткерей оркестрі
– Біздің облыстың аумағында ұзын-саны 679 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Солардың екеуі драма театр, екеуі концерттік мекеме, 360-сы кітапхана, 258-і клуб, бес автоклуб, бес кинотеатр (оның ішінде үшеуі жеке), 15 киноқондырғы, 23 музей, бір көрме залы, екі орталық (халық шығармашылығы орталығы, Қ.Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығы), «Атамекен» өнер ордасы және тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция.

Өңір өздерінің тікелей мақсат-міндеттеріне сәйкес мәдениет мекемелері тәлім-тағылымы мол әр түрлі мазмұн-бағыттағы шараларды ұйымдастырып келеді. Облыс орталығына қоса, аудан-ауылдардағы өңірімізге, елімізге белгілі әнші, жыршы-термешілерді дәріптеп, дарынды жазушылар мен ақиық ақындарымыздың мерейтойлық шараларын ұйымдастыруда. Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанындағы халықтық «Ақжайық», үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі сықылды өнер ұжымдары шалғай ауыл, алыс аудандарды аралап, концерттік бағдарламамен гастрольдік сапарлар ұйымдастырып тұрады.
Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы шалғай аудан-ауылдардағы талантты өнерпаздар мен көркем­өнерпаз ұжымдарының шығармашылығына үнемі қолдау көрсетіп, кәсіби деңгейде өнер көрсетуіне ықпал жасап, түрлі жанрдағы байқау-фестивальдер мен өнер кештерін ұйымдастырып, дарынды өнерпаздардың өнерін облыс жұртшылығына танытып, өнердің өрістеуіне жол ашып келеді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығы былтырғы жыл соңында, яғни ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық көркемөнерпаз ұжымдарының «Тәуелсіздікке тарту» өнер мерекесін ұйымдастырды. Бұл өнер мерекесіне ауыл-аудандардан 160-қа жуық көркемөнерпаз ұжымдары мен әнші, термеші, күйшілер қатысып, облыс жұртшылығына өнерлерін паш етті. Бүгінгі таңда облыс бойынша «халықтық» (үлгілі) атағы бар 111 көркемөнерпаз ұжымы ел-жұртқа жүйелі мәдени қызмет көрсетуде. Көркемөнерпаз ұжымдары халықтың рухани қазынасын байыту мен ел ішінде мәдениет пен өнерді насихаттау жолындағы еңбектері жоғары бағаланып келеді.
Алматы қаласында өткен республикалық «Қазақстан таланттары» би байқауында Бәйтерек аудандық үлгілі «Нұр-ай» би ансамблі бас жүлде, Тасқала аудандық үлгілі «Қиялдан» би ансамблі «Мен де жұлдыз боламын» республикалық өнер байқауында және Түркістан қаласында өткен халықаралық «Жұлдызға қадам» би байқауында үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі жүлделі орындарды еншіледі. Сонымен қатар Казталов ауданы Жалпақтал ауылының үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблінің «Қыз Жібек келді ортаңа» концерттік бағдарламасын ұйымдастырып, өрісті өнерлерімен елдің рухын көтеріп, көрерменге рухани керемет әсер сыйлады. 2022 жылдың сәуір айында «Қыз Жібек» ансамблі Түркияның Ыстамбул қаласында өткен халықаралық «Eurasia Star» байқауында табысты өнер көрсетіп келді. Осындай ауқымды шаралар барысында жастар мен балалар шығармашылығына арналған «Дала дарындары», «Балдәурен» фестивальдері жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылады. Биылғы «Балдәурен» фестиваліне 300-ге жуық жасөспірім-көкөрім өнерпаз қатысып, жаңа есімдер елге танылды. Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығы «AQJAIYQ» телеарнасымен бірлесіп, «ФОЛК-арт» жаңа тележобасы қолға алынды. Бұл жобада аудан, ауыл-аймақтардан және қаламыздағы дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын қосып, телеарналық түсірілім жасалды. Сәуір айында өткен бұл жобаға 100-ге жуық өнерпаз қатысты. Жобаның мақсаты дәстүрлі ән-күй, терме өнерін одан әрі дамытып, телеарна арқылы халыққа кеңінен насихаттап, ұлттық өнер төріне жаңа есімдерді шығарып, олардың өнерлерін бейнетаспаға түсіріп, алтын қорда сақтау. Алдағы уақытта бұл жоба «AQJAIYQ» телеарнасы арқылы көрермен назарына ұсынылады.
Биыл «Тағылым тұмары» жобасы аясында қазақтың би өнерін насихаттап, ауылдық елді мекен тұрғындарына рухани қызмет көрсету мақсатында халықтық «Ақжайық» би ансамблі ауыл-аймақтарға гастрольдік сапарға шығу жоспарлануда. Қадыр орталығына қарасты Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттайтын «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымы індетке дейін бірталай жерге табан тіреп, ауыл-аудандарға барып, жұрттың ықыласына бөленіп келеді. «Дала дидары» өзіміз өңірдің аудан-ауылдарына қоса, тіпті Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына да барып, қошеметке бөленіп қайтқан болатын. Осы көшпелі өнер ұжымы бүгіндері Қызылорда, Түркістан облыстарына қоса, Қырғызстан жағында өнер сапарында жүр.

WhatsApp Image 2022-06-14 at 12.24.21
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы биылғы жылдың 14-24 наурыз аралығында Батыс Қазақстан облыстарының Бәйтерек ауданының Володарка, Трекин, Янайкин, Көшім ауылдарында, Тасқала ауданының Ақтау, Аманкелді ауылдарында гастрольдік сапармен барып, «Айналдым елім» атты концерттік бағдарламамен ауылдағы өнерсүйер ағайынға сазды кеш өткізді. Жаз айларында шалғай ауылдарға да концерт беру жоспарлануда.
– Биыл біздің өңірге, жалпы кең байтақ елімізге қатысы бар қандай тұлғалардың мерейтойлары республикалық, халықаралық деңгейде аталып өтілмек?
– Биылғы жыл мерейтойлық даталарға жомарт болуына байланысты танымал тұлғалардың шығармашылығын дәріптеуге арналған біраз шара ұйымдастырылады. Соның ішінде ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында шығармаларынан жинақталған қойылым қою жоспарланды. Қазақтың қаһарман қыздары, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция және Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығы аясында патриоттық шаралар өткізу жоспарланды.
Даңқты дирижер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі Шамғон Қажығалиевтың 95 жылдығына орай ІV республикалық дирижерлер конкурсы, күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің 120 жылдығына орай республикалық домбырашылар байқауы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің 70 жылдығына арналған республикалық турне, Хадиша Бөкееваның 105 жылдығына арналған республикалық монофестиваль өткізу жоспарға енгізілді. Сонымен қатар биыл Орал қаласында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр, әрі би Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарлануда. Конференцияға еліміздің әр облысынан белгілі ғалымдар, тарихшылар арнайы шақырылады. Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалысы – бүгінгі өскелең ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуде зор рөл атқарады. Осындай тау­тұлғамыздың тарихтағы орнын айшықтайтын ауқымды шаралар Сырым ауданында жалғасады. Майдангер журналист, соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевтың 100 жылдығы мен ақын Сағынғали Сейітовтің 105 жылдығына орай республикалық және облыстық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылады.
– Облыс орталығында өнер-мәдениет саласына маман даярлайтын университет (БҚУ) және музыкалық колледж, әрі Орал қаласына қоса, біраз аудан-ауылдарда арнайы музыкалық мектеп бар. Демек, облыс көлемінде мәдениет саласының мамандарына мұқтаждық жоқ деп айтуға негіз бар ма?
– Шығармашылық ізденіс пен Қазақстанның ең үздік мәдени дәстүрлерін өрістетуге кәсіби біліктілік керек екені шүбәсіз. Осы орайда облысымызда БҚУ және Құрманғазы атындағы музыкалық колледжді бітірген кәсіби мамандар ауылдық жерлерге қызметке орналасып, тұрақтануда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2021 жылы барлығы 12 жас маман қызметке орналасты, оның алтауы мәдени демалыс орталығына, қалған алтауы облыстық кітапханалар желісіне. Жеті жас маман пәтермен қамтылды, тоғыз маман қосымша төлемақы алды. Сөйте тұра, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарына кәсіби мамандардың жетіспеушілік мәселесі бар. Әсіресе, режиссер, хореограф, музыка жетекшісі, сүйемелдеуші және ұлттық аспаптарда ойнайтын мамандарға зәрулік байқалады.
– Сайран Темірғалиұлы, биыл біздің өңірдегі қай елді мекендерде мәдениет ошақтары жаңадан салынбақ немесе күрделі жөндеуден өтпек? Аудан-ауылдардағы мәдени ошақтарының материалдық-техникалық әлеуеті сізді қанағаттандыра ма?
– Ауылдық елді мекендерге қатысты мәдениет саласын дамытуға жергілікті әкімшілік тарапынан кең қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыс атқарылуда Жыл сайын мәдениет нысандарының материалдық-техникалық қоры жаңартылып, дыбыс күшейткіш аппаратуралар жиынтығы, сахналық киімдер, халықтық ұжымдарға сахналық киімдерге қоса, ұлттық аспаптар, ЛЭД экран, сахнаны жарықтандыру құрылғылары, компьютер, аутокөлікпен қамтамасыз етілуде. Әрине, материалдық әлеуетті нығайту шаралары жыл сайын жалғасады.

Былтыр төрт мәдениет нысанына құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылындағы музей ғимаратының реконструкциясы, «Жұмыспен қамту – 2021» жол картасы бойынша Шыңғырлау ауданы Тасмола мәдениет үйінің құрылысы жүргізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылында саябақ пайдалануға берілді. Сонымен қатар өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6 мәдениет нысанына ұлттық қордан 544 млн 050 мың теңге бөлініп, Бәйтерек ауданындағы Егіндібұлақ ауылдық клубы мен Махамбет ауылдық клубына, Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығына, Казталов және Қаратөбе аудандық орталық кітапханалары, Жәнібек ауданындағы Қамысты ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Жаңақала ауданында Мәстексай ауылдық мәдениет үйінің құрылысы, Ақжайық ауданы Ақсуат ауылдық мәдениет үйі және Бударин ауылдық мәдениет үйіне жаңалап-жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сол сияқты мәдениет нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын табады. 2022 жылы Теректі ауданы музей ғимаратының, Бәйтерек ауданы Калинин мәдениет үйінің, Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы мәдениет үйі мен Жәрмеңке ауылдық клубы, Сырым ауданы Алғабас ауылдық клубының күрделі жөндеу жұмыстарына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық музей қорығының визит-орталығының құрылысын салу үшін жеке инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Ал 2021 жылы музей қорығының 1852 жылы салынған аурухана-стационар ғимаратына республикалық бюджеттен бөлінген 25,0 млн теңгеге реставрация жұмыстары жүргізілді. Музей қорығының басқа да нысандарын реставрациялау үшін алдағы жылдары республикалық бюджеттен қаржы қаралады деген үміттеміз.
– Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, «Атамекен» өнер орталығы бүгіндері оралдықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Үшбу мәдениет нысаны бүгіндері қажетті маман, керекті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған ба?
– 2021 жылы «ҚПО б.в.» мекемесінің қаржылай қолдауымен Орал қаласында 900 орындық «Атамекен» өнер ордасының құрылысы аяқталып, қазан айында пайдалануға берілді. Концерттік зал заманауи цифрлық дыбыс және жарық аппаратурасымен қамтамасыз етілген. Оркестр ойығының оркестр музыканттары және дирижермен негізгі сахнамен бір деңгейде болатындай көтерілу мүмкіндігі бар.
«Атамекен» өнер ордасында БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі – 40 адам, «Арнау» этнофольклорлық ансамблі – 10 адам, «Время» бэнді – 5 адам, жастар музыкалық театры – 30 адам, «Әдемі» би ансамблі – 8 адам, хор ұжымы 35 адам жұмыс істейді. Айтпақшы, Орал қалалық суретшілер одағы да (10 адам) «Атамекенде» орналасқан.
Жаңа өнер ордасының мәдениет сарайының негізгі міндеті – өңіріміздің баға жетпес музыкалық мұрасын насихаттау, алыс-жақын шетелдерден келген және өлкеміздің өнер иелеріне қолдау жасау, жас ұрпаққа музыкалық-эстетикалық тәрбие берудің үлгісін көрсету әрі қалың бұқара үшін мәдени демалыс ұйымдастыру. «Атамекен» өнер ордасында мәдениет және өнер саласына қатысты 200 адам қызмет етеді. Қазіргі таңда мекеме қызметкерлерінің штаттық кестесі өнер орталығының жобалық қуатына сәйкес толықтырылуда. Ал қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
– Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға заман талабына сай ғимарат қажеттігі ел ішінде, халық арасында біраздан бері айтылып келеді. Бұл өзі жуық уақытта шешімін табатын шаруа ма? Аталмыш мәселеден облыстың қазіргі басшылығы хабардар ма?
– Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы – Қазақстандағы тарихы бай, байырғы кітапханалардың бірі. Кітапхана Карев үйі тарихи ғимаратында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясымен бірге орналасқан. Қазіргі кезде кітапхана қорының көлемі 400 мың сақтау бірлігінен тұрады. Жыл сайын кітапхана қоры 4000 данадан астам кітап өнімдерімен толықтырылып отырады.
Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана өңіріміздегі 360 кітапхананың үйлестіруші әдістемелік орталығы қызметін атқаратындықтан, облыс кітапханаларына келетін әдебиеттерді қабылдап, тарату үшін кітап қорын жабдықтау бөлімі 2021 жылы бөлек ғимаратқа көшірілді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды кітап қорын қалыптастыру мақсатында өзіміздің өңірге қатысты кітаптарды сандық форматқа айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Сол себепті қазіргі таңда орталық кітапхананы ақпараттық техникалармен қамтамасыз ету жұмыстары барынша белсенді атқарылуда. Атап айтсақ, биыл облысымыздың бас кітапханасының компьютер паркін жаңғыртуға қаражат сұралып отыр, 20 моноблокты компьютер сатып алу арқылы оқырмандар ақпараттық қызмет көрсету деңгейінің жақсаруына мүмкіндік алады. Алдағы уақытта цифрлық орталық ашу үшін қажетті кәсіби кітап сканерін және өз баспа өнімдерін, шағын форматтағы кітаптарды шығаруға мүмкіндік беретін шағын типография жабдығын сатып алу көзделуде. Көтеріліп отырған бұл мәселе бойынша облыс басшылығы хабардар. Қазіргі кезде мәдениет нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін жаңарту, соның ішінде кітапханаларды модернизациялау мәселесі қолға алынуда.
Жалпы, облыстың басты кітапханасының оқырмандарына заман талабына сәйкес жан-жақты қолайлы жағдай жасау үшін таяу жылдары арнайы ғимарат салынар деген үміттеміз.

Сұхбаттасқан Бауыржан Салық,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале