8.08.2022, 11:16
Оқылды: 70

Оқушылар айтысады!

10 тамыз күні сағат 11:00-де Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде «Тартынбай сөйлер асылмын» атты аймақтық оқушылар айтысы өтеді. Екі кезеңнен тұратын сөз сайысында  Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының 10-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары бақ сынап, өңірімізге танымал ақындар қазылық етеді. 

200103130125307e

Фото дереккөзі: inform.kz

Айтысты балалар және ТМД-ның халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылына орай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастыруда. Сырым Датұлының 280, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған бұл айтысқа Орал қаласы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Мұндағы мақсат – еркіндік үшін айқасқан батырлардың ерлігін жырға арқау ету, олардың ұрпаққа қалдырған асыл қазынасы – тағылымды сөздерін үлгі қылу, жастарды отансүйгіштікке  тәрбиелеу.

– Қатысушылардың сахна мәдениетін сақтауы, сөз өткірлігі мен тапқырлығы, ізденісі мен білімпаздығы, берілген уақытты тиімді пайдалануы, тақырыпты аша білуі, қарсыласына ұтымды жауап қайтару шеберлігі бағаланады. Сөз саптауына, суырыпсалмалығына, жаттандылыққа салынып, айтыстан қашпауына, айтылған сөздің, әзілдің әдемілігі мен өтімділігіне, сынның әділдігіне баса назар аударылады. Тақырып ашылмай, ақындар сәтсіз өнер көрсеткен жағдайда, қазылар алқасы айтысты белгіленген уақыттан бұрын тоқтатуға құқылы. Айтыстың екінші кезеңінің өтуі қазылар алқасының ортақ шешіміне сәйкес анықталады. Осылайша жас ақындардың шеберлігін шыңдап, олардың көпшілікке танылуына мүмкіндік бермекпіз, – дейді айтыстың ұйымдастырылуына жауапты қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің өкілі, «Шұғыла» балалар аула клубындағы жас ақындарға арналған үйірменің жетекшісі Орынбек Меңдіқұл.

Айта кетейік, айтысқа қатысқан жас ақындардың барлығы дерлік ақшалай сыйлыққа ие болады.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале