7.05.2024, 16:32
Оқылды: 42

«Олар – Отан қорғаушылар»

Мамырдың 7-сі – Отан қорғаушылар күні екені баршаға белгілі. Бұл ретте ұлт мүддесі, елдің болашағы, тыныштығы һәм татулығы үшін басын бәйгеге тіккен әр азамат құрметке лайық. Былтыр өңірден жыл ішіндегі есеп бойынша басқа аймақтарға 1 181 сарбаз аттанса, биыл көктемде алғашқы легімен 297 жігіт кеткен. Ал жалпы облыстағы жүктеме бойынша 600 адам көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыртылуда.

65fca5ee-53a8-43af-a3e5-732dce95ef9b

Мереке қарсаңында Орал қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының №5517 әскери бөліміне барып, ондағы жас сарбаздармен танысып-білістік. Бұл әскери бөлім туралы қысқаша айтсақ, 1995 жылдың 15 ақпанында құрылған. ҚР Ұлттық ұланы сарбаздары негізгі 9 тапсырма бойынша міндеттерін атқарса, соның екеуін аталмыш бөлімдегі сарбаздар мүлтіксіз орындап келеді. Яғни оның біреуі – қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, енді біреуі – Оралдағы екі түзету мекемесін күзету. Ал келісімшарт бойынша жүрген мұндағы 1000-нан астам әскери қызметші мен жас жауынгерлер Маңғыстау, Атырау, Алматы және Шымкент облыстарынан екен. Олармен тілдесу барысында олардың Отанға, отбасыға, жалпы айналаға деген сүйіспеншіліктерін байқап, әрқайсысының арман-мақсаттарының айқын екеніне қуандық.

Нұрбол Асқап (1)

Алдымен аталған бөлімдегі әскери жасақ бастығы, ефрейтор Нұрбол Асқапты әңгімеге тарттық. Ол жуырда ерлікпен тең әрекетімен батысқазақстандықтардың ризашылығына бөленген еді. Әскери бөлім қызметшілері сәуір айының басынан бері өңірдегі аудандар мен қала маңында су тасқынының алдын алу шараларына атсалысқан. Орал қаласы маңындағы екінші саяжайға тасқын су келгенде тұрғындарға жедел көмек көрсету мақсатында төтеншеліктер, әскерилер және полицейлер де сол жерден табылған. Сарбаздар сәуірдің 21-і күні әдеттегідей саяжайларда патрульдік міндетті атқарып, бос қалған үйлерді бақылауда ұстаған. Таңғы сағат 10-нан кеткенде екінші саяжайдағы эвакуацияланбай қалған адамдарға су басу қаупі барын қайта ескертуге барған. Әне-міне дегенше, құм толтырылған қапшықтардан жасалған бөгетті бұзып өткен су саяжайға басып кіріпті. Құтқарушылар адамдарды биіктеу жерге шығарған. Бәрін қауіпсіз жерге орналастырдық деп енді ес жия бастағандарында Нұрбол қуаты қатты ағыстың 60 жас шамасындағы ер адамды әкетіп бара жатқанын байқаған. Дереу жанында тұрған полицейге және тұрғындарға да ескерткен. Олар бір-бірінің қолдарынан мықтап ұстап, судағы ер адамды құтқарып қалған. Көмекке бірінші болып ұмтылған Нұрбол өзінің бұл әрекетін ерлік деп қабылдай алмайтынын және сын сағатта ойланып тұруға уақыт болмағанын айтты.

– Тұрғындардың өмірі, қауіп­сіз­дігі бәрінен қымбат. Оларды қорғау – біздің бұлжымас міндет. Сын сағатта көмекке ұмтылғандар көп. Су ағысының қаттылығы сонша – ол жағдайда бір адам жүзіп барып құтқарып қалатындай мүмкіндік болмады. Сосын саяжай тұрғындары және төтеншелік қызметкерлер бар – бәріміз бірлесе әрекет етіп, құрғақ жерге алып шықтық. Мұндайға бірінші рет тап болып тұрған жоқпын. Жұмыс барысында осындай оқиғалар жиі болады, – деген ефрейтор Нұрбол Арманұлынан өзі жайында, болашақ арман-мақсаты туралы сұрадық. Ол 2001 жы­лы Сырым ауданының Өлеңті ауылында дүниеге келген. Ж. Досмұхаме­дов атындағы жалпы білім бе­ре­тін орта мектепті 2019 жылы тәмам­дап, Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға түсіп, ІІ курсында сондағы №2201 «Б» шекара қызметіне әскер қатарына алынған. Отбасындағы төрт баланың үлкені Нұрболдың арманы әскери адам болу екен. Қазіргі №5517 әскери бөліміне осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысқа орналасқан.

– Мектеп бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға тапсырдым. Өкінішке қарай түсе алмадым. Дегенмен қазір әскери қызметшілердің қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Әрине, мұнда жұмыс оңай болмайды, алайда адамдардың қауіпсіздігі үшін тер төгіп жүргеніме өкінбеймін. Әкем үнемі «Ер жігітке еңсесін тік ұстап, елі үшін еңбек ету – ең негізгі міндет» деп айтып отырады. Бала күнімнен осындай сөздер бойыма жігер беріп тұратын, – деді ол.

Әлизар Туртуров

Әскери бөлімдегі міндетін адал атқарып жүрген сарбаздардың арасынан ұлты өзгесін де ұшыраттық. Олардың қазақ тіліне деген құрметін көріп риза болдық. Солардың бірі – ұлты түрік Әлизар Туртуров. Қазақша үйренгеніне көп болмаса да, қиналмай ойын жеткізіп тұрғаны көңіл қуантты. Оның ата-анасы да, өзі де Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келген. 2004 жылғы бозбала мектеп бітіргеннен кейін әрі қарай оқуға асықпаған. Алдымен Отан алдындағы борышын атқаруды ойлайды. Үй ішіндегілері де қолдап, әскерге шығарып салған.

– Әскерге бару, Отан алдындағы борышын өтеу – кез келген ер-азаматтың қасиетті міндеті. Былтыр желтоқсан айында осы Орал қаласындағы №5517 әскери бөліміне келіп, қызмет ете бастадым. Мұндағы әр іс-әрекет жігіттің жауапкершілігін оятады. Ал қазақ тілін қалай үйренгенімді айтар болсам, негізі көп уақыт болған жоқ. Мен мектепте орыс сыныбында білім алдым. Тек кейінгі уақыттарда ғана қазақ балаларымен дос болып жүрдім де, әскерге келгенде айналамдағы қазақ жігіттерінің сөйлегендеріне ілесе бастадым. Әуелгі кездерде қиындау болғанын жасырмаймын, – деді сарбаз. Талғарлық түрік ба-уырымыз әскерде әр іске мұқият болып, сөзге байыппен қарауды үйренгенін жеткізді. Қолы қалт еткенде, қазақ әдебиетіндегі шығармаларды да оқып тұрады екен. Кітап оқу кейінгі уақытта кәдімгідей әдетіне айналыпты. Содан да болар, мүдірмей сөйлеп, ойын нысанаға дәл тигізе анық айтып тұрғаны. Сонымен қатар ол мереке қарсаңында өзі құралпы қарулас жігіттерді құттықтайтынын, олардың Отанға, Ана тіліне деген құрметі арта беруін тілейтінін айтты. Өзі де қазақ халқын ерекше жақсы көретінін, көз ашқалы қазақтың салт-дәстүрі жайлы естіп-біліп жүргенін ақтарды. Біз де жас сарбазға сәттілік тіледік.

Мұндағы орта, тәртіп оларды айналаға мейлінше шынайы, достық пейілмен қарауға үйреткендей. Өйткені біз тілдескендерінің бәрі әуелгі кезекте «Мұндағы достарым...» деп бастайды әңгімесін. Достық, шынайылық, төзімділік секілді тақырыптарда ақтарыла айтады сосын. Бір үйдің баласындай тату жүрген оларға қарап іштей сүйсініп те қалдық. Дегенмен олар әрқайсысының өзіндік міндеті барын ұмытпайды.

Ш1 (1)

Бізбен қазақ тілінде еркін сөйлескеннің бірі – лейтенант Шамиль Магамадовтың ұлты шешен екен. Жетісу облысының Қаратал ауданында 1998 жылы жарық дүниеге көрініпті. Ол 2016 жылы мектеп бітіре салысымен, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінде борышын өтеген. Кейін келісімшартпен әр облыста әскери қызметтерде жүріпті. Былтыр маусым айында Орал қаласындағы №5517 әскери бөліміне келісімшарт бойынша қызметке келіп, взвод командирі болған.

– Бүгінде өзімнің қарамағымдағы сарбаздарға жауаптымын. Қызмет қиын деп айта алмаймын. Әскери адам болып қалыптасуға деген құштарлықтың арқасында қазір бар ынтам мен уақытымды осында арнаймын. Ес білер шақта, нақтырақ айтсам, 12 жасымда анаммен базарға барған едім. Сонда қалың жұрттың арасынан әскерилерді көріп таңғалдым. Олардың жүріс-тұрысына, өзгеше киінген-деріне қарап қызықтым. Анамнан сұрағанымда «Олар – Отан қорғаушылар» дегені көңіліме мықтап бекіп қалды. Бастапқыда қызығушылық үшін болса, кейін анам айтқан сөздің салмағын сезініп, сана-лы түрде әскери адам боламын деген мақсат қойдым. Сөйтіп, мектеп бітірген бойда Астана қала-сындағы ҚР Ұлттық ұланына шақырту алдым да қуана бардым, – деді лейтенант Шамиль Хасанович.

Болашағын айқындап алып, алдағы күндеріне жоспарлы түрде қадам жасап жүрген жігіттердің талап-тары мықты екеніне көзіміз анық жетті. Осындай ер-азаматтар бір-біріне серік болса, көңілдері дос, мүдделері мен тілек-ниеттері ортақ болса, елдің тыныштығына да алаңдай қоймаспыз деген ой келді.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале