Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту және инновациялар енгізу мәселелері қаралды. Дәрілік заттар өндірісін кеңейту, заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру және инвесторлар үшін жағдайларды жетілдіру мәселелері талқыланды, - деп жазады primeminister.kz.

Премьер-министр ұлт денсаулығын сақтау мәселесі Конституцияда алғаш рет бекітілгенін атап өтті.
«Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жеке капиталды тарта отырып, медициналық нысандар құрылысын озық қарқынмен жүргізу міндетін қойды. Үкімет осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын және 2024-2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Бұл стратегиялық құжаттар медициналық көмекті жетілдіруді, инновациялық технологияларды енгізуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін нығайтуды көздейді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қабылданып жатқан шаралар оң нәтижесін беруде. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жылға жуықтады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 1 млн-ға жуық азамат медициналық қызметтерге қол жеткізді. Соңғы үш жылда өңірлерде 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды, алдағы уақытта тағы 70 нысан салу жоспарланып отыр. Шетелдік инвесторлар мен халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен көпсалалы, университеттік және балалар ауруханаларын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Фармацевтика саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндағы нарық көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 31%-ға өсті. 390 млрд теңгеден астам сомаға 500-ге жуық дәрі-дәрмек атауын шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған сегіз ірі инвестициялық жоба пысықталуда. Сәуір айында Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ДДҰ әдіснамасы бойынша Ұлттық реттеу жүйесінің үшінші жетілу деңгейіне жетті және «бірыңғай терезе» қағидатын енгізді. Сондай-ақ жоғары стандарттарға ие елдерден келетін препараттарды тіркеудің 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асатын жеделдетілген рәсімі енгізілді.
Халықаралық іскерлік қоғамдастық атынан бизнестің ұсыныстарын Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының (AmCham) атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС бас директоры Әділет Назарбаев, AstraZeneca Kazakhstan бас директоры Елена Трогова, Pfizer компаниясының Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша өңірлік директоры, AmCham Директорлар кеңесінің мүшесі Дмитрий Козенков жеткізді.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалдың маңыздылығын атап өтті. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыру мәселелері де қозғалды.
Johnson & Johnson Kazakhstan компаниясының бас директоры Әділет Назарбаев дәрілік заттарды мемлекеттік өтемақы тізбесіне енгізу тетіктерін жетілдіру және денсаулық сақтауды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту мәселелерін көтерді. Ем алушылардың заманауи препараттарға қол жеткізуінің және халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді.
AstraZeneca Kazakhstan компаниясының бас директоры Елена Трогова сирек кездесетін аурулары бар пациенттерді қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Ем алушыларға емдеудің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай дәрілік препараттардың тізбесін қалыптастыру тәсілдерін жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
«Pfizer» компаниясының Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша өңірлік директоры Дмитрий Козенков фармацевтика саласын дамытудың басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, өндірістерді локализациялау, интеллектуалды меншікті қорғау және болжамды реттеуші ортаны дамыту бойынша одан әрі жұмысқа баса мән берілді.
Көтерілген мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға халықаралық фармацевтикалық компаниялардың ұсыныстарын нақты қарауды және саладағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шараларды пысықтауды тапсырды. Инвестицияларды тартуға, дәрілік заттар өндірісін локализациялауға, озық технологияларды енгізуге және халыққа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.