2.11.2026, 16:30
Оқылды: 12

Олжас Бектенов жол саласын реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы бойынша кеңес өткізді. Жиында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында жол құрылысының сапасын арттыру және заманауи автомобиль жолдары желісін қалыптастыру мәселелері қаралды, - деп жазады primeminister.kz.

9_80

Премьер-министрге жол жабынындағы жарықтардың пайда болуы,  ойықтардың және өзге де ақаулардың негізгі себептері, сондай-ақ өңірлердің климаттық жағдайлары мен нақты көлік жүктемелерін ескере отырып, қолданыстағы нормативтерді жаңарту жөніндегі ұсыныстар баяндалды.

Жол жабындарының сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстар:

  • текше пішінді қиыршықтастың ұсақ фракцияларын пайдалану, негіздік битумды және оның иілгіштігін қамтамасыз ету үшін модификациялау әдістерін қолдану;
  • модификацияланған битум түрлерінің ойықтар мен жарықшақтардың пайда болуына төзімділігін арттыру;
  • жол жабындарының беріктігін қамтамасыз ету үшін тұтастығын бұзбай бақылау әдістерін қолдану және жаңа технологиялар енгізу, жарық шағылысатын жол белгілері мен жол таңбаларын пайдалану.

Кеңесте автомобиль жолдарын салу және пайдалану сапасының стандарттарын жетілдіру, жол құрылысына қажетті материалдар дайындау мен қолданудың барлық кезеңінде технологиялық талаптарды сақтау, сондай-ақ жол жабынының сапасы мен ұзақмерзімді беріктігі үшін мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды. Талқылауға Құрылтай депутаттары Замир Сағынов пен Мейрхат Қасымбаев, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев және басқалар қатысты. Кеңеске қатысушылар автомобиль жолдарын салу және пайдалану мәдениетін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп битумды тасымалдау және сақтау жүйесіне түгендеу жүргізілгенін баяндады. Оның қорытындысы бойынша өнім сапасын арттыру, зауыттардың біркелкі жүктелуін қамтамасыз ету және жақсартылған сипаттамалары бар полимерлі-модификацияланған битум өндірісіне көшу тәсілдері әзірленді. Каспий битум және Павлодар мұнай-химия зауыттары тиісті өтінімдер болған кезде 50/70 және 70/100 маркалы өнімдерді, сондай-ақ полимерлі-модификацияланған құрамдарды шығаруға дайын.

Жиында жол құрылысының жаңа технологиялары, соның ішінде Superpave және полимерлі-модификацияланған асфальтбетонды қолдану, сондай-ақ пайдаланылатын материалдардың сапасын қамтамасыз ету және зертханалық бақылауды күшейту шаралары талқыланды. Жол құрылысын ұйымдастыру, жол бойындағы сервисті дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және цифрлық мониторинг құралдарын енгізу мәселелері қаралды.

Жол жабынын сақтау мақсатында салмақ пен габаритті бақылауды күшейту көзделген. Автоматтандырылған өлшеу стансаларын айналып өту сияқты тағы да басқа салмақ пен габаритті бақылау талаптарын бұзғандарды автоматты түрде тіркеуді заңнамалық тұрғыда бекіту және артық жүктеме үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Цифрлық бақылау құралдарын бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіру жалғасуда.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жүйесін жетілдіруге баса назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жұмыс тобы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жүйесін жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ жол жұмыстарының сапасы үшін жауапкершілікті арттыру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Климаттық және аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жол жабындарының конструкцияларын анағұрлым егжей-тегжейлі аудандарға бөлу қажеттігі атап өтілді.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев автожол саласындағы тексерулердің алдын ала нәтижелері туралы хабарлады. Жоспарлау мен құрылыстан бастап жолдарды пайдалануға дейінгі әртүрлі кезеңдерде жүйелі бұзушылықтар анықталды. Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтар бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Келтірілген залалдың алдын ала мөлшері шамамен 8 млрд теңгені құрайды. Тергеу жалғасуда. Бұдан бөлек, негізсіз шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою есебінен 36 млрд теңге сомасына шығындардың алдын алынды. Атап айтқанда, бұрын жөнделген жолдарды, оның ішінде мердігерлердің қолданыстағы кепілдік міндеттемелері бар нысандарды жөндеуге жаңа тендерлер жариялау жағдайлары анықталды.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов осы жылдың қараша айының соңына дейін автожол саласын реформалау жөніндегі Жұмыс тобына талқылауды аяқтауды және ұсыныстардың кешенді пакетін дайындауды тапсырды.

Премьер-министр нормативтерді қайта қарауды, құрылыс материалдарының сапасын арттыруды және жаңа технологияларды енгізуді қоса алғанда, ұсынылған шараларды жан-жақты бағалау қажеттігін атап өтті. Қорытынды құжатта жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылу себептерін жоюға және мердігер ұйымдардың орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді шешімдер көзделуі тиіс. Барлық ұсынылған шаралар өзара байланысты болуы және республикалық әрі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ете отырып, құрылыс пен пайдаланудың толық циклін қамтуы тиіс.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале