6.06.2022, 12:45
Оқылды: 98

Оңалту орталығы ашылды

Өткен жұма күні коронавирусқа шалдығып, сауығып шыққан тұрғындарға медициналық көмек көрсету, сауықтыру мақсатында Орал қаласында Оңалту бөлімшесі ашылды.

1

Салтанатты іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау саласының мамандары, өңірдегі дәрігерлер мен сала ардагерлері қатысты.

Нақтырақ айтсақ, былтыр шаһарда облыс тұрғындарын КВИ-ден емдеуге арналған 340 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілген еді. Пандемия кезінде аталмыш ауруханада 10 203 науқас жатып, емделіп шыққан. Шүкір, бүгінде індетті еңсере келдік. Бірнеше айдың жүзі болды аталмыш аурухана бос тұр. Өткен жұма күні сол аурухана қайта жабдықталып, онда Оңалту бөлімшесі ашылды.

2

- Ақ Жайыққа келген сапарымыз барысында Оңалту орталығының ашылғанына куә болып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, медицина саласының мамандары коронавирусты жеңу үшін екі жылдан астам уақыт күресті. КВИ-ден жазылғандардың басым бөлігі айлар бойы өзін әлсіз сезініп, терең тыныс алуы қиындайды, неврологиялық белгілер де пайда болады. Сол себепті індеттен сауығып шыққан тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіру қажет. Ел аумағында 40 Оңалту орталығы бар. Былтыр оңалтуға арналған 2000 төсек-орын болса, бүгінде олардың саны 4000-ға жетті. Бұл – үлкен  көрсеткіш. 50 мыңға жуық бүлдіршін оңалтудан өтті. Балалар жылы аясында балғындардың денсаулығын нығайтып, оларға медициналық көмек көрсету мақсатында әлі де жұмыстар жасалады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың дені қазір оңалту курсын қабылдау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барады. Енді сол бас қалаларда ұйымдастырылған толық медициналық көмекті әр облыста көрсету үшін жағдай жасамақпыз, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Басқосуда ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, ардагер Бақтығали Ахметов сөз алып, індетке шалдыққан кезде осы модульдік ауруханада емделгенін айтты. Дәрігерлерге алғысын жеткізіп, Оңалту орталығының тиімділігіне тоқталды.

3

– Бұл бөлімше облыс тұрғындары үшін өте қажет. Былтыр коронавирусқа шалдығып, осы модульдік ауруханада сегіз күн емделдім. Вакцина алсам да індетке шалдықтым. Ауруханадан емделіп шыққаннан кейін де үйде бір айға жуық жағдайым мәз болмады. Не істеп, не қойғанымды ұмытып қала бердім. КВИ-ге шалдыққан әр науқас оңалту курсын қабылдағаны жөн. Бүгін, міне, сол кеселден сауығып, аман-есен орталарыңда тұрғаным – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің, кіші қызметкерлерінің арқасы. Мұнда емделіп жатқан кезде осы орталық дәрігерлерінің жанкешті еңбегін көрдім. Сіздерге басымды иіп, алғыс айтамын, – деді Бақтығали Ахметов.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале