17.11.2020, 11:45
Оқылды: 86

«Өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізу  керек»

Өткен аптада ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман  Скляр бастаған үкіметтік делегация өңірімізде жұмыс сапарымен болып кетті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев мәртебелі меймандарды ҚР Президенті Жолдауы аясында берілген  тапсырмалардың Ақ Жайық  өңірінде жүзеге  асу барысымен таныстырды.

FAED3CCE-EA4F-4A6B-902F-12265B34E6FA

Сондай-ақ үкіметтік  делегация бірқатар стратегиялық  және өндірістік нысандарда болып, «Нұрлы  жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді.

Вице-премьер алдымен «Орал» халықаралық әуежайдағы қайта құру және жаңғырту жұмысының барысымен танысты. Құны шамамен 6,8 миллиард теңгені құрайтын жобаны «ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландыруда. Әуежайды 2021 жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Жаңғырту нә-тижесінде терминалдың аумағы 4,5-тен 6,6 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, ал бір сағатта өтетін жолаушылар саны 200-ден 400-ге дейін артады деп күтілуде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Теректі ауданы Тоқпай ауылында жүргізіліп жатқан алты пәтерлік 20 тұрғын үйдің құрылысын көрген соң, Подстепный ауылында салынып жатқан 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Осында мемлекет басшысының Жолдауы ауқымында бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат берілді.

Орал қаласына келген соң, Премьер-министрдің орынбасары «Батыс су арнасы» ЖШС-ға барды.  Кәсіпорын ғимаратында қаланы сумен қамтамасыз ету, индустриялық аймақтағы инфрақұрылым желілерін салу мәселелерін шешу жолдарымен танысты. Облыс орталығында қосымша ұңғымаларды бұрғылау арқылы жеткізілетін су көлемін ұлғайту жоспарланып, төтенше жағдай кезінде шығынды азайту мақсатында негізгі магистральдық желілерге қысым датчиктері орнатылып жатқаны баяндалды. Үкімет басшысының орынбасары сумен қамтудың маңыздылығын атап өтіп, жобаларға оң бағасын берді.

Индустриалды аймаққа барған кезде мәртебелі меймандар қазақ-голланд кәсіпорны жерге қатысты жұмыстарын бастап кеткеніне куә болды. Олар мұндағы 60 гектар жерге өндірістік жылыжайдың төртінші буын салуды жоспарлауда. Инвестицияның жалпы сомасы 160 млн теңге. Бұл еліміз бойынша ең ірі жылыжай болмақ. Ал индустриалды аймақтың басқарушысы болып табылатын британдық компания 11 млрд. теңге көлемінде қаржы салуды көздеп отыр. Сөйтіп, аймақ аумағына инженерлік инфрақұрылымдар тартылмақшы. Бұл аумақтың кәсіпорындармен толуына және  тартылатын инвесторлардың санын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Отандық мұнайгаз секторына арналған мұнайгаз өнімдерін шектеу мақсатында бүгінгі таңда Италиядағы өндірісшілер конфедерациясымен келісімшарт жасалды. Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында әлеуметтік экономикалық аймақтың тұжырымдамасы да дайындалды.

– Өңіріміздегі өндірістің 80 пайызы Қарашығанақ кен орнымен байланысты. Осы тәуелділікті барынша азайту мақсатында өңдеу өндірісі мен мұнайсервистік қызметтерге қарай бағыт ұстанудамыз, – деп атап өтті облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр әлеуметтік экономикалық аймаққа қатысты заңнамаға өгерістер енгізілгенін, бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы билік өкілдерінің, басқарушы компания өкілеттіліктерін кеңейтеді.

Батыс Қазақстан машина жасау компаниясындағы қорғаныс өнеркәсібінің жаңа жобалары мен турбина жөндеу орталығының қызметі таныстырылды. Биыл зауыт құрлық әскердің негізгі қаруы болып табылатын зеңбірек өндіруді қолға алды. Сөйтіп, елімізде алғаш рет зеңбірек қаруының өндірісі басталды. Келер жылы мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс бойынша аталмыш қару түрі өндірілмекші. Міне, сол үшін сынақ орталығы қайта жарақтандырылды. Облыс басшылығының көмегімен полигон мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ осы өндіріс орнына теңіз қаруларын құрастыруға лицензия берілгенін де айта кеткен жөн.

Үкіметтік делегация «Оралагрореммаш» кәсіпорында машина жасау зауытының жүктемесі және өрт сөндіру депосын салу мәселелерін талқылады. Бүгінгі күні зауыттың желісіне автоцистерналар, сұйықтық құюға арнаған тіркеме техника, өрт сөндіру және коммуналдық жабдықтар, тез құралатын ғимараттарға арналған металл конструкциялар, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған евроконтейнерлер бар. Зауытжылына 500 дана арнайы техника және 3000 тоннаға дейінгі металл құрылымдар шығаруға қауқарлы.

Әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының құрылымына кіретін «Зенит» зауытында биыл жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрайтын катер мен кемелер құрастыруға және техқызмет көрсетуге бес келісімшарт жасалғаны туралы айтылды. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ның басшылығы кәсіпорынның дамуын ҚР Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін катерлер мен роботтандырылған жүйелер өндірісін кеңейту және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асырумен байланыстыратындарын жеткізді.

– Байқағанымыздай, өңірде машина жасау, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешені сынды салалар жақсы дамыған. Яғни еліміздің қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенінің негізі осында деуге болады. Үкімет өз өкілеттілігіне сәйкес өндіріс орындарына барынша қолдау көрсетіп келеді. Мемлекеттік индустиалды-инновациялық даму бағдарламаларынан бастап салалық бағдарламалар жүзеге асуда. Жергілікті атқарушы билік тарапынан да қажет шаралар алынуда. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін облыстағы қорғаныстық зауыттар өндірісті дамытуға жете көңіл бөлініп отырғандығы қуантады. Ең бастысы, ондағы өндіріс көлемінің төмендеуіне, қызметкерлердің жұмыссыз қалуына жол бермеу, өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Бұл істе БҚМК-ны (ЗКМК) үлгі етіп айтуға болады, – деді Роман Скляр «ҚазАрмаПром», «Орал трансформатор зауыты» және өзге де өндіріс орындары басшыларымен кездесуінде.

Облыс әкімі жергілікті кәсіпорындар облыстағы немесе өзге өңірлердегі мұнайгаз жобаларына қатысу үшін бірігетінін, яғни ішкі кооперация бар екенін айтып өтті.

«Кублей» ЖШС-на барған кезде кәсіпорында ауысымына кем дегенде 150 мың дана жоғары сапалы консервілер шығарылатыны, ал номенклатурасы 100-ден астам тауарды қамтитыны баяндалды. Компанияда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Серіктестік кешенінің жалпы қуаттылығы жылына 20 мың тонна ет өңдеуге есептелген. Сою және ет өңдеу цехтары толығымен аутоматтандырылған, соңғы үлгідегі еуропалық жабдықтар орнатылды.

Былтыр құны 17,5 млрд. теңгенің 17 177 тонна консервісі өндірілді. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, Жайық өзенінің арналарын жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау жайы кеңінен сөз болды.

Үкіметтік делегация сапары барысында Орал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй мен 900 орындық №51 орта мектептің құрылысымен  де танысты.

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале