21.09.2024, 10:31
Оқылды: 100

Орал қаласында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жаңа пәтерлер берілді

Кеше Орал қаласы күнінің қарсаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Кемеңгер көшесі, 41 үйден жаңа пәтерлердің кілттерін қоныс иелеріне табыс етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 

IMG-20240921-WA0003

ҚР Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023—2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысы шыққан болатын. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, республикалық және облыстық бюджет есебінен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлер алынады. Осыған сәйкес, жуырда әртүрлі категориялар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 36 пәтер сатып алынған болатын.

IMG-20240921-WA0002

«Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысты негізінен екі бағдарлама арқылы жүзеге асырудамыз. Біріншісі - кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтерлер сатып алу. Биыл қалада осы тәсілмен 200-дей отбасыға жаңа баспана алып береміз. Сонымен қатар қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы көппәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға жеңілдетілген ипотекалармен беріледі», - деді өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев жаңа пәтер иелерін баспаналы болуларымен құттықтап, шаңырақтарына құт-береке тіледі.

IMG-20240921-WA0001

Қазіргі уақытта Орал қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы 12 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 8-і биыл қолданысқа беріледі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале