10.06.2026, 15:45
Оқылды: 45

Орал ұлттық тұрғыдан да жаңғыруы шарт!

«Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері.  Қалалар мен елді мекендер  келбеті  –  ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға  ықпалын  тигізеді».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

 DSC01417

Орал қаласының  сәулеттік  келбетін  жаңғырту  және  ұлттық  нақышпен  байыту  мәселесіне  байыпты  қадам  қажет. Қала  әкімдігіне  қарасты  урбанистика  және  сәулет  орталығы  жаңа  дизайн-код  әзірледі.  Бұл  бастама  қаланың  сыртқы  келбетін  біріздендіріп  қана  қоймай,  оның  тарихи  жады  мен  мәдени  ерекшеліктерін  сақтауға  мүмкіндік  береді.  Әсіресе  көше  кеңістіктерін,  қоғамдық  орындарды  және  сәулет  нысандарын  ұлттық  сипаттағы  элементтермен  үйлестіру  назарға  алынуда.  Мамандар ұлттық  нақышты  қолдануда  эстетикалық  талғам  мен  кәсіби  ұстаным  сақталуы  керек  деген  ұстанымда.  Бұл  жөнінде  «Орал  өңірі»  газетінің  биылғы №24  санында  басылған  «Шаһар  шығыс  сәулет  өнеріне  бет  бұра  ма?»  деген  тақырыпта  мақала  жарияланды.  Осыған  байланысты  қала  келбетін  қалыптастыруда  тарихшылардың,  археологтардың,  сәулетшілердің,  дизайнерлердің  және  өнертанушылардың  ортақ  көзқарасы  маңызды.  Ендеше  оқырман  назарына  кезекті  ой-пікір  шоғырын  ұсынамыз. 

 Г Шокеева

Гүлжанар Шөкеева, облыстық  қоғамдық  даму  басқармасы  басшысының орынбасары:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар архитектурасында ұлттық сәулет өне-
рінің нышандары болуы керек екені жөнінде бірнеше рет мәселе көтергені мәлім. 2025 жылдың соңында Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары,
құндылықтары мен бағыттары» атты құжат бекітілді. Дәл осы құжатта «Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді» делінген. Иә, ұлттық айдентиканың базалық элементтері облыс орталығында көрініс табуына мүдделі болуымыз шарт.

Орал – Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан, өзіндік тарихи тағдыры бар қала. Сондықтан оның сәулеттік кескін-келбеті де осы ерекшелікті айшықтап тұруы тиіс. Заманауи урбанистика әлемдік тәжірибеде қалалардың өзіндік бренді мен тарихи ерекшелігін сәулет арқылы танытудың маңызын көрсетіп отыр. Бұл ретте ұлттық ою-өрнекті, тарихи кезеңдерден жеткен көркемдік үлгілерді және өңірдің мәдени мұрасын заманауи архитектурамен ұштастырудың мәні зор.

Мәселенің тағы бір қыры – тарихи мұраны жаңа қалалық кеңістікке енгізу арқылы тұрғындардың мәдени жадысын нығайту. Ғимараттардағы сәндік элементтер, шағын сәулет нысандары, мүсіндер мен қоғамдық кеңістіктер белгілі бір тарихи кезеңдерді еске салып, өскелең ұрпақтың өткенге деген қызығушылығын арттыра алады. Сонымен қатар мұндай шешімдер қаланың туристік тартымдылығын күшейтіп, өңірдің мәдени келбетін (имиджін) қалыптастыруға ықпал етеді.

Ерсаев

Мирболат Ерсаев, «Жайық  қалашығы  тарихи-мәдени музей-қорығы»  МКҚК  директоры:

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, өзінің ұлттық болмысын, дүниетанымдық көзқарасын сәулет пен қала мәдениеті арқылы танытқан мемлекеттер ұтады. Өйткені қала келбеті – халықтың тарихи жады мен ұлттық идеологиясының көрінісі.

Мысалы, Түркия соңғы онжылдықтарда қалаларын дамыту барысында Осман империясы мұрасын кеңінен пайдаланды. Ыстанбұл мен басқа да қалаларда жаңа нысандар салынса да, олардың сәулетінде османдық нақыш, күмбездер, ұлттық өрнектер мен тарихи символдар сақталып келеді. Соның арқасында Түркияның қалалары әлемге өзіндік бет-бейнесімен танылды. Сол сияқты Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихына ерекше көңіл бөлді. Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты көне қалалар қалпына келтіріліп қана қоймай, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен ғимараттарда да ұлттық сәулет элементтері кеңінен қолданылды. Бүгінде Өзбекстанға барған турист ең алдымен өзбек өркениетінің рухын сезінеді.

DSC01411

Қазақстан үшін де маңызды бағыт осы. Әсіресе Орал секілді терең тарихы бар қала өзінің шығыстық тарихын, қазақы тамырын айқын көрсетуі қажет. Біз тарихи кезеңдердің бәрін құрметтеуіміз керек, бірақ қаланың негізгі көрінісі осы жердің байырғы мәдениеті мен тарихына сүйенуі тиіс.

Ортағасырлық Жайық шаһары – қазіргі Орал қаласының бастауы. Сондықтан қаланы көркейтуде Жайық қалашығының тарихи мұрасын негізгі идеялардың біріне айналдыру қажет. Көше кеңістіктерінде, қоғамдық орындарда, туристік бағыттарда, сәулеттік безендіруде қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен ұлттық нақыштарымыз көбірек көрініс тапса, Оралдың өзіндік келбеті қалыптасады.

Ұлттық стильге бет бұру – өткенді өзгерту емес. Бұл әлемнің көптеген елі таңдаған жол. Түркия Осман мұрасын, Өзбекстан Темір дәуірі мен көне қалаларын, Еуропа елдері ортағасырлық мұрасын мақтан тұтатыны сияқты, біз де Жайық өңірінің тарихи мұрасын қазіргі қалалық ортада лайықты дәріптеуіміз керек. Сонда ғана Оралдың келбеті қайталанбас әрі ұлттық сипаты айқын қалаға  айналады.

Sdykovmurat_508x710_0d6

Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, М.  Өтемісов атындағы БҚУ-дың ҚР тарихы кафедрасының профессоры:

– Кез келген қаланың сәулеті оның тарихи жадын, мәдени болмысын танытып тұруы тиіс. Орал – терең тарихы бар, бірнеше өркениеттің ықпалын бойына сіңірген шаһар. Сондықтан қала келбетін қалыптастыру кезінде ұлттық және тарихи ерекшеліктерге басымдық берген жөн. Бізде сәулет нысандарын салғанда көбіне әмбебап үлгілерге жүгінеміз де, өңірдің өзіндік ерекшелігі ескерілмей қалады. Ал шын мәнінде ғимараттардың сыртқы безендірілуінде қазақтың дәстүр-лі ою-өрнектерін, тарихи кезеңдерді бейнелейтін көркемдік элементтерді, шығыстық айшықтарды орынды қолдануға болады. Әсіресе Бөкей ордасы дәуіріне, Алтын орда кезеңіне қатысты символикалық белгілер қаланың мазмұнын байыта түсер еді. Этностиль – тек әшекей емес, ол халықтың тарихи санасын жаңғыртатын тәсіл. Қалаға келген қонақтар оның сәулетінен-ақ өңірдің өткенін сезіне алуы керек. Бұл туризмді дамытуға да оң әсерін тигізеді. Әрине, ұлттық нақыш сәулеттік тұтастық пен эстетикалық талаптарға сай қолданылуы қажет. Сонда ғана Оралдың қайталанбас келбетін қалыптастырып, тарихи сабақтастықты  сақтай  аламыз.

ЯНА

Яна Лұқпанова, «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей қорығы тарих және археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

– Қазіргі заманғы сәулет өнерінде Темір дәуіріндегі аң стилін қолдану ежелгі мәдени мұраны паш етудің, заманауи әшекейлерді сақ-сармат өнерінің дәстүрімен байланыстырудың тиімді тәсілі бола алады.

Аң стилі негізінен сәндік қасбеттерде көрініс тапқаны жөн. Сол стильге тән жануарлар (бұғылар, барыстар, арқарлар, жыртқыш құстар, жылқылар, қасқырлар) металл панельдерде, барельефтерде, тас бедерлерде, ойылған қасбеттерде де бейнеленуі мүмкін.

Заманауи, минималистік интерпретацияда орындалған жануарлар силуэттері ерекше таңқаларлық. Мысалы, үй қасбетіндегі алтын бұғы бедері немесе сақтардың алтын зергерлік бұйымдарынан алынған суреттерге арналған композиция көз тартады.

Аң стилі шағын сәулет үлгілерімен әдемі үйлеседі. Сәкілерде, шатырларда, орындықтарда, шамдарда және аутобус аялдамаларында қолдануға өте қолайлы. Осылай безендіру туристік тартымдылықты айшықтап, әрі жергілікті бренд нышанына айналуы да ғажап емес.

Алтын орда сәулет өнерінің элементтері бүгінгі архитектурада,  әсіресе Қазақстан мен Еуразия кеңістігіндегі тарихи және мәдени мұраны көрсететін нысандарды салған кезде пайдалану үшін үлкен әлеуетке ие. Әсіресе күмбезді құрылыстар – Алтын орда қалаларының ең танымал сәулеттік туындылары.

Біздің дәуірімізде күмбездерді мұражайлар мен мәдени орталықтарда, көрме павильондарында, әуежай мен теміржол вокзалының ғимараттарында пайдалануға болады. Ондай нысандарды шыны, металл немесе композиттік құрылымдар сияқты заманауи материалдардан құрастырған тиімді.

Алтын орда мәдениетінің маңызды элементтерінің бірі – қыш тақталармен безендіру. Сол кезеңде көк, ашық көк, көгілдір және ақ түсті бедерлі тақталардың кеңінен қолданылуын біздің этномәнерімізді байытатын тәсіл деп қарастырсақ, ұтылмаймыз.  Көк түс аспанды білдіреді, асқақтықты бейнелейді.

Алтын орданың ою-өрнек жүйесі де сәулет өнеріндегі ең тартымды тақырып болып табылады. Оның тарихи түпнұсқалығын жоғалтпай, кейінгі минимализмге кіріктіре аламыз.

Алтын орда шаһарларының кірпіш қасбеттері сәндік кірпіштің күрделі композицияларымен ерекшеленеді. Жаңа тұрғын үй кешендерін заманауи үлгіде салуға болады, соған сәйкес бедерлі қасбеттер, сәндік кірпіш қалау, кірпіш пен әйнектің үйлесімі және қабырғалардағы көлеңкелі өрнектерді пайдалану үздік архитектуралық шешім болмақ. Түстер үйлесіміне көгілдір, ақ, қызғылт-қоңыр және алтын сары реңктер енеді.

 

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

DSC01402 Орал вокзал спорт мектебі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале