12.06.2021, 10:33
Оқылды: 440

Оралда «Атамекен» жазғы балалар лагері жұмысын бастады

Орал қалалық білім беру бөлімінің «Атамекен» жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастады. Кеше, 11 маусым күні І ауысымға 70 бала қабылданды. Жаз бойы мұнда 500-ден астам балғын демалыстарын қызықты өткізеді деп күтілуде. Лагерь жұмысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

20210612_101444

«Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінде демалыс кезеңі мен балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін арнайы оқу-тәрбие және сауықтыру жұмыстарын жоспарлы түрде іске асыруға арналған іс-шаралар өткізіледі. Жоспар бойынша өткізілетін барлық іс-шаралардың мақсаты – оқушылардың жеке, шығармашылық қабілеттерін анықтау, дамыту, балалардың бойында қарым-қатынас дағдысын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, шығармашылық әрекет түрлеріне баулу.

«Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінің ғимараттарының сыйымдылығы 220 орынға есептелген. Десе де санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, қала мектептерінен аз қамтылған, жетім, қамқорлыққа алынған, өзге санатты отбасы және оқу озаттары мен дарынды 70 бала І ауысымға қабылданды. (Есептелінген орын 73 балаға жоспарланды). Барлық санитарлық–эпидемиологиялық талаптар сақталуда.

20210612_101410

Әр ауысым 10 күнге жоспарланған. Ауысымда балаларға лагерьдің тәрбиешілері арнайы қызықты бағдарлама дайындады. Оның ішінде түрлі танымдық шаралар,  қаламыздағы балаларға арналған демалыс орындарына, Жайық өзеніне, мұражайларға саяхаттар, белсенді демалыс – футбол және волейбол ойындары, командалық-спорттық жарыстар, туристік ойындар, факультативтік курстар, жасанды тауға өрмелеу, Шаған өзеніне қайықпен серуен, спорттық бағдарлау жарысы, көңілді старт және үстел ойындары өткізіліп, би кештері ұйымдастырылады.

«Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының әдіскері Ақмарал Көркембаеваның мәліметінше, биылғы лагерь бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда:

1. Еңбек қызметі – Қолөнершілер

2. Танымдылық қызмет – Жас таланттар

3. Экологиялық қызмет – Қолданбалы экология

4. Спорттық–сауықтыру қызметі – Жас спортшылар

5. Ұлттық отансүйгіштік қызмет – Жас өлкетанушылар

6. Қауіпсіздікті сақтау – Жас қорғаушылар

7. Ғылыми-зетттеуші қызметі – Ғажайып әлем.

Лагерь барысында  оқушылар шатыр құруды, туристік құрал-жабдықтармен жұмыстана білуді, және бағдарлауды үйренеді.

Сонымен қатар мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіледі.

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале