5.04.2024, 16:45
Оқылды: 48

Оралда бөгеттерді нығайту жұмысы жалғасып жатыр

Қазіргі уақытта қаланы су басудың негізгі қаупі - Ресей Федерациясынан келетін үлкен көлемдегі өзен суы.

IMG-20240405-WA0135

Оренбург облысының су ресурстары бөлімінің мәліметінше, қалыптасқан гидрологиялық жағдайға сәйкес Жайық өзеніндегі Ириклин су торабы арқылы су ағызу шығындары 2 150 м3/сек дейін ұлғайған. Бұл көрсеткіш әлі өсуі мүмкін. Салдарынан судың мол мөлшері жақын арада Орал қаласына жетіп, Жайық өзенінің жайылымында орналасқан тұрғынжайларға қауіп төндіруі ықтимал,-деп мәлімдеді БҚО ТЖД-да өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысы Миржан Сатқанов.
Орал қаласының әкімі сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы аталған өзен жайылымында орналасқан барлық саяжай, жеке қосалқы шаруашылық, жақын аудандардың тұрғындарына алдын ала қауіпсіз жерге көшу жөнінде хабарлама жасалғандығын айтты. Құзырлы орган қызметкерлері аталған тұрғынжайларды аралап, эвакуация жөнінде хабарлауда.
- Су тасқыны болған жағдайда, тұрғындарды уақытша орналастыру үшін жедел-эвакуациялық пункттер дайындау шаралары қолға алынған. Қазіргі уақытта 10 мың төсек-орын әзірлеп қойдық. Енді эвакуациялық пункттер жасақталатын нысандар анықталуда. Сондай-ақ тұрғындарды эвакуация жұмысына қажетті автобустар тартылады. Жайық өзені маңында бөгеттер бар. Қауіпті жағдайды ескере отыра, аталған бөгеттерді одан әрі нығайту жұмысын бастадық. Бөгеттерді нығайту Курени ауданы, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының маңы (Станция Юнатов), Шағанның жағасы және Жайық өзенінің төменгі белгілерінде жүргізіледі. Ол үшін 200 арнайы техника, 2 000 қол күші дайын. Қаладағы құрылыс және мердігер мекемелерден қосымша техникаларды жұмылдыру жөнінде келісім бар. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу жұмысы үшін 100 мың инертті материал толтырылған қапшықтар дайын, қажет болған жағдайда қосымша қапшықтар әзірленеді, - деді Орал қаласының әкімі М.Сатқанов.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале