14.11.2018, 18:14
Оқылды: 81

Оралда қаржыгерлер марапатталды

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің айналымға шыққанына 25 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті.

DSC_0148

Ұлттық  теңге 1993 жылдың 12 қарашасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен айналымға енгізілді. Бұл Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің негізін қалауда және егемендігімізді нығайтуда маңызды әрі тарихи шешім болды. Төл теңгеміздің, яғни мемлекеттік  нышандарымыздың бірі валютаның пайда болуы еліміздің экономикасының дамуына және банк жүйесінің  қалыптасуына жол ашты.

Ұлттық валютамыз еліміз егемендік алған кезеңде қолданысқа енгізілді. Осы 25 жыл ішінде валютамыз көптеген қиындықтарды басынан өткеріп, талай соққыларға шыдас берді. Оған әлемдік нарықта дамыған мемлекеттермен, мықты экономикалармен бәсекелестікке түсу оңай болған жоқ. Дегенмен валютаның қаржы нарығында тұрақталып, нығая түсуіне екінші деңгейдегі банктердің, қаржы институттарының қосатын үлестері мол. Төл теңгеміз тек мұнайгаз саласына иек артып қоймай, сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытуға жұмсалуы тиіс. Екінші деңгейдегі банктердің, қаржы институттарының компаниялардың өсуін уақтылы несиелендіруінің маңызы зор, - деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов жиналған қауымды төл теңге күнімен құттықтады.

         Сонымен қатар бір топ қаржыгерге облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Олардың ішінде «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Диас Рақымжан, осы банктің  директорының орынбасары Айгүл Наурызәлиева, «Сбербанк» филиалының директоры Светлана Шашкова, Ұлттық банк БҚ филиалы директорының орынбасары Сергей Родин және өзгелері бар.

Шара барысында банк саласының ардагерлері Борис Ізбасаров, Ғалия Сатыбалдина тәуелсіз елдің белгісі ретінде теңгенің айналымға ену тарихынан сыр шертіп, әріптестерін төл мерекемен құттықтады. Ұлттық банк БҚФ директорының орынбасары Серік Қалдыбеков қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне мерекелік ақ тілегін айтып, банк саласының ардагерлеріне сый-сияпат табыстады.

Мерекелік шара соңы филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале