10.07.2026, 17:30
Оқылды: 6

Оралда көлік қағып кеткен 7 жастағы қыз қаза тапты

Орал қаласында автокөлік 1970 жылғы әйел мен 2019 жылғы қызды қағып кетті, - деп жазады Kazinform.

Полиция ЖП

Фото: Сайт архиві 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 6 шілде күні шамамен сағат 19.40-та болды.

Жүргізуші Mitsubishi Outlander автокөлігімен Әбілқайыр хан даңғылымен келе жатып, Д.Қонаев шағынауданы 67-үй тұсында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Сөйтіп белгіленбеген жерден жүгіріп өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Салдарынан 1970 жылғы әйел мен 2019 жылғы қыз бала түрлі дене жарақаттарымен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Кейін 7 жастағы қыз көз жұмды.

— Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жан-жақты тергеу қорытындысына сәйкес заңды процессуалдық шешім қабылданады. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.

Әлеуметтік желіден мәлім болғанындай, жол апатына әжесі мен немересі ұшыраған. Қазіргі кезде қыздың тума-туысқандары аталмыш жол-көлік оқиғасының куәгерлері мен бейнежазбасы бар жүргізушілерді іздестіріп жатыр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале