23.09.2022, 16:30
Оқылды: 475

Оралда моноспектакльдер фестивалі шымылдығын түрді

Бүгін Орал қаласында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығы аясында Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылған I Республикалық моноспектакльдер фестивалі салтанатты түрде ашылды.

1 (189)

Фестиваль қатысушылары мен қонақтарын дәстүрлі қызыл кілемде қарсы алған соң, фестивальдің әділқазылар алқасы мен жүлделер тізілімі таныстырылды. Фестивальдің салтанатты ашылуында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Ақ Жайық өңірі үшін тарихи оқиға моноспектакльдер фестивалінің ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар Бақытжан Хаберұлы театрдың бас режиссері Алмат Шариповке қызметтік пәтердің кілтін табыстады.

1 (99)

Алмат Шарипов осы өңірдің тумасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Жергілікті театрға шақыртумен келіп қызметін бастағанына үш ай болған, оған дейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет еткен. Қазіргі уақытта Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, өнертану магистрі.

WhatsApp Image 2022-09-23 at 16.20.13

- Келер жылы қаңтар айында Түркияда өтетін театрлар фестиваліне құжаттарымызды жолдадық, жауабын күтіп отырмыз. Режиссер театрға келген кезде өзінің бес жылдық жоспарымен келеді. Жобаларымыз көп, үлкен-үлкен туындыларды қоюды жоспарлаудамыз. Олардың ішінде классикалық шығармалар, көрермендерге арналған заманауи драматургия, еліміздің, шетелдік драматургтардың еңбегін сахналау ойымызда бар, - деп келешекке жоспарлары туралы баяндады Алмат Шарипов.

1 (215)

Салтанатты жиынның шымылдығын  Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әртісі, мультиинструменталист Аслан Гумаров ашып, көркін қыздырды. Кейін фестиваль ұйымдастырушылары мен әділқазылар алқасының мүшелері қатысқан баспасөз мәслихаты өтті. Фестивальдің қазылар алқасы Қазақстанның Халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов, театртанушы, өнертану магистрі Айзат Қадыралиева, жазушы-драматург, сценарист Мұрат Қолғанат, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, актер, режиссер Сердеш Қажымұратов, «Парасат» орденінің иегері, актриса, режиссер Нұрлыгүл Жұбатова сынды өнер майталмандарынан жасақталған.

WhatsApp Image 2022-09-23 at 16.20.14

- Қазақстанда тұңғыш рет моноспектакльдер фестивалі өтіп жатыр. Моноспектакльдің басқа спектакльдерден айырмашылығы актерлер жабылып үлкен спектакльдерді қойып, бір тақырыпты екшеп, қозғайтын болса, моноспектакльді актер бір өзі ғана жанын салып алып шығады. Оған көмек ететін ешкім жоқ. Өзінің жан-дүниесі, өмірге деген көзқарасы, шеберлігі ғана көмекке келеді. Сүйенетін, арқа сүйейтін ешкімі жоқ. Бір өзі ғана халықтың алдына шығады. Айырмашылық осыда, - деді моноспектакль туралы қысқаша түсінік берген Тұңғышбай Жаманқұлов.

Фестивальге М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Шығыс Қазақстан облысынан «Дариға-ай» жастар театры, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрлары қатысуда.

WhatsApp Image 2022-09-23 at 16.26.15

WhatsApp Image 2022-09-23 at 16.26.20

WhatsApp Image 2022-09-23 at 16.26.18

Театр фойесінде Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылған. Фестиваль 3 күнге созылады, яғни  23 – 25 қыркүйек күндері аралығында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қала тұрғындары мен қонақтары моноспектакльдер фестивалі аясындағы қойылымдарды тегін тамашалай алады. Бұл өнер сүйетін, өнерді бағалайтын театр көрермендері үшін ерекше мереке!

Фестиваль Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Медея» трагедиясымен басталды. Аталған туындының авторы Ж.Ануй болса, қойылым режиссері Қуандық Қасымов.

Альфия Шамаева,

Фотоны түсірген: Эльвира Меңдіғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале