12.03.2021, 17:13
Оқылды: 2453

Оралда «Мусина мектебі» ашылды

Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық айтыс – VII «Алтын домбыраның» иегері Жансая Мусинаның «Жансая Мусинаның өнер мектебінің» ашылу салтанаты өтті.

 ж1

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, өңірдегі белгілі ақын-жазушылар Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубайқызы, басқа да өнер майталмандары, мәдениет ошақтарының басшылары қатысты.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Бөкей ордасының 220 жылдығы қарсаңында Нарын құмында дүниеге келген Жансая ақынның туған күнінде Жансая Мусина мектебі ашылды.

Айтулы додаларда өз есімін алтын әріптермен жазған Жансаямыз қолындағы кішкентай домбырасын да алтынға айналдырды. Жайық жұртшылығының мақтанышына айналған Жансая жерлестеріне екі мәрте алтын домбыра сыйлады. Бұл барша батысқзақстандықтар үшін зор мақтаныш. Ақын қызымыз тағдыр бұйырған талантты маңдай термен, еңбекпен шыңдап ел-жұртты өнерімен тәнті етіп жүр. Артынан ерген шәкіртеріне өнердің алтын бесігін ашқалы отырған Жансая Мусина бастаған ұжымының қоғамдық жұмысына табыс тілейміз, - деді Бақытжан Хаберұлы.

ж2

Салтанатты шарада сөз алған белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ Бөкей ордасы ауданының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген «Мусина мектебінің» ашылуын тарихи сәйкестік деп атап, Жәңгір хан ашқан мектептің жолын берсін деп батасын берді.

ж3

Айтыскер ақын Жансая Мусина талантты балаларға арналған өнер мектебін ашуды көптен ойлап жүргенін айтты.

– Осы кезге дейін жинаған тәжірибемізді, сахнадан үйренгенімізді, қалыптасқан ортамен араласып, бойымызға жиғанымызды өсіп келе жатқан ұрпаққа үйретсек деген идея баяғыдан ойымызда жүр еді. Бүгін осы идея Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры  Бауыржан Ергенұлының мұрындық болуымен жүзеге асуда. Қадыр Мырза Әли атындағы орталықтың ішінен орын тепкен бұл мектептің ашылуына айтыскер ақындар да үлес қосуда.

ж5

«Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болады» деп айтып кеткен А.Байтұрсынов атамыздың сөзін алға ұстап,  барымызша осы мектептің тәй-тәй басқан қадамын нықтау үшін мықты мамандармен келіссөздер жүргіздік. Түрлі сала бойынша Жайық өңірінің айнасына айналған Фархат Оразов, Қуаныш Сайлауұлы, Талғат Жұмабекұлы, Бекболат Қаленов, Жандос Хамза сынды өз ісінің мамандарымен бірлесіп еңбек етуге шақырдық. Енді ашылып жатқан мектебімізге алыс-жақын аудан-ауылдардан да хабарласып жатқандар өте көп. Бізге сенім білдірген ата-аналарға да алғыс айтамын, - деп сөзін сабақтаған Жансая Мусина Мусина мектебіне келген шәкірттер Мусина мектебінің мықтыларына айналса екен деген тілегін ортаға салды.

ж6

Шарада «Серілер» квартеті, белгілі жыршы-термеші Фархат Оразов, жас ақын Әділ Ахметов өнер көрсетті. Мектептің жұмыс жоспарымен танысқан соң, Жансая Мусина шара қонақтары алдында мектептің алғашқы оқушыларына шеберлік сағатын өткізді.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале