12.12.2017, 15:16
Оқылды: 66

Оралда жер телімдері ашық аукционға шығарылды

90f9de0d-95ac-4bf0-83f5-3daaf322dd5dБүгін Орал қаласында коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату бойынша аукцион өтті. 

Аукционда ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес үш жылға жалдау құқығын сату үшін 5 жер телімі, атап айтсақ, Круглоозерное кентінен екі жер телімі, Деркөл кентінен екі жер телімі және Орал қаласының Ескі әуежай аймағынан бір жер телімі ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін ұсынылды. Жалпы, аукционға 20 сатып алушы қатысты. Сауда-саттық ағылшын тәсілі бойынша өтті.

Бастапқы құны 53 мың теңгеге бағаланған Деркөл кентіндегі 4 сотық жер телімін жалға алу құқығын 2 млн. 525 мың теңгеге сатып алған  «РКЗ групп» ЖШС-ның өкілі Ринат Қадырғалиевтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін ашық әрі жариялы түрде ұйымдастырылған аукцион баршаға бірдей мүмкіндік беруімен және қолжетімдігімен тиімді.

Аукционның тартысты болғаны соншалықты, бесінші лотқа, яғни облыс орталығындағы Алаш және Қажымұқан көшелерінің қиылысында орналасқан көлемі 20 сотық жер теліміне 14 адам қызығушылық білдірді. Нәтижесінде бастапқы бағасы 330 мың теңгеге бағаланған жер телімін жалдау құқығын оралдық кәсіпкер 16 млн. теңгеге сатып алды.

-Сатып алушылар жер телімін үш жыл ішінде мақсатты пайдалануы керек. Олай болмаған жағдайда, ҚР Жер кодексінің 92-інші және 94-баптарына сәйкес жер телімі кері қайтарылып алынады. Жалға алу құқығының үш жылдық мерзімі аяқталған соң кәсіпкер кадастрлық құнын қоса төлеп, жер телімін өз меншігіне аудара алады. Бұл Орал қаласында өткен екінші ашық аукцион. Алғашқысы мамыр айында ұйымдастырылған болатын. Кезекті аукционды қаңтар айының соңында немесе ақпан айының басында өткізу жоспарда. Қазір қажетті құжаттар дайын,-дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисембалиев.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале