21.10.2022, 22:26
Оқылды: 112

Оралдық педагог респбуликалық байқауда бас жүлдені иеленді

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте жастан дамыту институты ұйымдастырған республикалық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауында Орал қаласы №48 «Мұрагер» бөбекжайының әдіскері Ш.Сабирова бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлады Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі. 

IMG-20221021-WA0307

Биыл байқаудың бірінші – аудандық (қалалық) кезеңіне 10 мыңға жуық үміткер қатысқан. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары облыстық кезеңнен іріктеу арқылы республикалық байқауға жолданды.

Республикалық байқауға еліміздің әр түкпірінен үздік шыққан 18 әдіскер қатысты. Олардың жұмыстары Е-портфолионы зерделеу, «Мен – әдіскермін» атты онлайн сұхбат алаңын ұйымдастыруы, «Әдістемелік шеберлік» бейнероликті ұсынуы бойынша бағаланды.

Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Шолпан Шамұратқызы жоғары ұпай алып, республикадағы «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» атанды.

Шолпан Сабирова – педагог-зерттеуші. Білім беру саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әдіскер лауазымындағы еңбек өтілі – 11 жыл.

Әдіскерлер арасындағы республикалық олимпиада, блиц-турнир жеңімпазы атанған озық маман. Облыстық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздарға арналған басылымдарда шығармашылық ізденістегі жұмыстарын жариялап жүр.

2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру тренері қызметін атқарып келеді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале