17.08.2026, 11:15
Оқылды: 7

«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ-ның басқарма төрағасы БҚО - дағы филиалдың жұмысымен танысты

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов облыстық тамыз кеңесінің жұмысына арнайы қатысты. Білім беру саласындағы маңызды жиынға қатысқаннан кейін Басқарма төрағасының жұмыс сапары «Өрлеу» БАҰО» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институтында жалғасты.

f281ca3f-e99e-49e5-af9f-8bb0165f9b6b

Басқарма төрағасына филиалдың материалдық-техникалық базасы, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мүмкіндіктері, кадрлық әлеуеті мен педагогтермен жұмыс істеудегі тиімді тәжірибелері таныстырылды.

Филиал директоры Софья Измуханбетова институттың қызмет бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында облыстың 2740 педагогін біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 63,2 пайызы біліктілігін арттырып үлгерді. Бұл көрсеткіш өңір педагогтерінің кәсіби дамуға деген сұранысы мен институт жұмысының ауқымын айқын көрсетеді.

074e4372-935d-46b5-946f-75a8b1eac94a

Филиалдың облыс педагогтерінің кәсіби белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстары да өз нәтижесін беруде. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңіне 1300-ден астам педагог авторлық жұмыстарын ұсынып, өздерінің озық тәжірибелері мен жаңашыл идеяларын ортаға салды. Сонымен қатар «Ұстаз» платформасы арқылы аттестаттаудан өтуге 2813 педагог өтініш берген.

Институт ұжымының кәсіби құзыретін арттыруға да ерекше мән берілуде. Филиалдың 10 қызметкері AELLCA бағдарламасы бойынша сертификатталып, оның 8-і Британдық Кеңестің пәндік тренері, 2-еуі мастер-тренері атанды. Бұл – институт мамандарының халықаралық деңгейдегі кәсіби дамуға ұмтылысының нақты көрінісі.

cece5fee-1030-43e9-9da4-666c17015a3a

Кездесуде ғылыми-зерттеу және халықаралық ынтымақтастық бағыттарына да назар аударылды. «Білім берудегі педагогикалық тәлімгерлік» жобасы жүзеге асырылып, Ресейдің Саратов және Самара қалаларындағы жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай байланыстардың өңірлік білім беру жүйесінің ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыруға ықпалы зор.

Сапар барысында Ғалымжан Бауыржанұлы филиалдың ширек ғасырлық тарихын қамтитын педагогикалық музейге де арнайы барды. Музей қорында Жәңгір хан мектебінің тарихына, өңірдің ағарту ісіне үлес қосқан көрнекті педагогтерге қатысты құнды деректер, сондай-ақ сирек кездесетін ғылыми-педагогикалық басылымдар сақталған. Педагогикалық музей – институттың ғана емес, тұтас өңірдің білім беру тарихын насихаттайтын маңызды рухани-танымдық орталық.

Жұмыс кездесулерінің маңызды бөлігінің бірі – педагогтерді аттестаттау мәселесі болды. Басқарма төрағасы өңірлік аттестаттау комиссияларының жұмысына тоқталып, әрбір өтінішті белгіленген мерзімде мұқият қарап, шешімдерді уақытылы қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ «Ұстаз» платформасының аттестаттау үдерісін цифрландырудағы тиімділігіне тоқталып, рәсімдердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Педагогтердің өтініш қабылдау мерзімі 17 тамызға дейін ұзартылғанын да хабарлады.

Басқарма төрағасы филиалдың профессор-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Алдағы уақытта оқытушылардың білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлеуіне басымдық беріліп, олардың қызмет нәтижелілігі негізгі тиімділік көрсеткіштері – KPI арқылы бағаланатынын атап өтті. Бұл тәсіл оқытушылардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді.

e6e1f3fb-c943-4391-bdbf-5d2fbea75c91

Педагогтердің кәсіби дамуы курспен ғана шектелмейтіні де кездесуде айрықша атап өтілді. Осыған байланысты курстан кейінгі қолдау жүйесін жетілдіру, педагогтің кәсіби жолының әр кезеңінде сүйемелдеу көрсету, алған білімдері мен дағдыларын мектеп тәжірибесінде тиімді қолдануына жағдай жасау қажеттігі айтылды.

Жұмыс сапары аясында Басқарма төрағасы институтта біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатқан педагогтермен кездесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Педагогтер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, кәсіби дамуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Мұндай тікелей диалог білім беру саласындағы өзгерістердің нақты педагог қажеттілігіне негізделуіне мүмкіндік береді.

Басқарма төрағасының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары – филиалдың бүгінгі қызметін саралап қана қоймай, оның алдағы даму бағытын айқындаған маңызды жұмыс кездесуі болды. Сапар қорытындысында институттың инфрақұрылымын жетілдіру, кадрлық әлеуетін нығайту, педагогтерді курстан кейінгі кәсіби қолдау жүйесін дамыту және өңір ерекшелігіне бағытталған жобаларды күшейту жөнінде нақты міндеттер белгіленді.

Бүгінгі таңда «Өрлеу» Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты – педагогтің кәсіби өсуіне қолдау көрсететін, тәжірибе мен инновацияны ұштастыратын маңызды әдістемелік алаң. Ал Басқарма төрағасының филиалға арнайы келіп, ұжымның жұмысымен жан-жақты танысуы – өңір педагогтерінің кәсіби дамуына, институттың әлеуетін арттыруға және білім сапасын жетілдіруге деген стратегиялық назардың айқын көрінісі.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ» филиалының баспасөз хатшысы
И. Бадакова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале