29.03.2021, 20:59
Оқылды: 291

Озық мектепте өткен апталықтың ауқымы кең

Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатында дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндері бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дене белсенділігі – денсаулық кепілі» атты апталық өтті.

 Апта2

Апталық жас ұрпаққа денсаулықтың маңыздылығы мен өмір сүру қажеттілігін ұғындыру, әдістемелік бірлестік мұғалімдерінің іс-тәжірибелерімен өзара бөлісу мақсат-міндеттерін көздеді.

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Марат Купбаев Zoom платформасында 10 б сыныбына «Биологиялық қару», дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қажмұқан Атошев 5б сыныбына «Баскетбол ойын элементтерінен құралған қозғалмалы ойындар» тақырыптарында ашық сабақтар өткізді.

Ал үстел теннисі үйірмесінің жетекшісі Гүлжаухар Акишева 9-11 сыныптар арасында жарыс өткізіп, жүлдегерлер анықталды. Жарыста І орынды Нұрайдар Дүйсенғалиев, ІІ орынды Мұхтар Орынбай, ІІІ орынды Асхат Амангелдиев иеленді.

Мектеп дәлізіндегі интерактивті панельде Тимур Ғатау «Мектеп мақтаныштары» тақырыбында үстел теннисінен Қазақстан Республикасы құрама команда мүшелері туралы шара өткізсе, Марат Купбаевтың «Қазақстан Республикасындағы азаматтық қорғаныс» тақырыбында өткен танымдық шарасы оң бағаланды.

Апта01

«Кешегі түлек – бүгінгі тірек» тақырыбында мектеп түлегі, Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров өткен кездесу кеші өзіндік ерекшелігімен есте қалды.

Кездесуде Қаймен Есенаманұлы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, мектеп кезіндегі қызықты сәттерімен бөлісіп, оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралықпен спортпен айналысуға шақырды.

Апталық аясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері өткізген ашық сабақтар педагогикалық ұжымда жоғары бағаға ие болды. Әсіресе, Рафих Сагутдинов пен Тимур Ғатаудың 5а сыныбына «Баскетбол ойынының техникалық тәсілдері» тақырыбында өткізген ашық сабақтарының мазмұнды да мағыналы шықты.

Интерактивті панельде «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» тақырыбында самбодан әлем чемпионы, мектеп түлегі Асқар Шайхиев туралы, «Елдің абыройын асқақтатқан спорт тарландары» атты бейнекөрсетілімдер оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Бейнекөрсетілімдерді дайындауда мұғалімдер Р.Сагутдинов пен Қ.Атошевтің еңбегі ересен.

Zoom платформасында Т.Ғатау 7 сыныптар арасында «Дарабоз» интеллектуалды сайысын өткізсе, үйірме жетекшісі Ш.Шоңыраев 3-5 сыныптар арасындағы шахмат жарысын өткізді.

Апталық аясында ерекшелігімен есте қалған шаралардың бірі – «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» атты Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов туралы «smart» таныстырылымы.

Аталмыш шараны өткізуде дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндері бірлестігінің жетекшісі, дене шынықтыру пәні мұғалімі Үбішев Ыбырай әріптестердің ыстық ықыласына бөленді. Таныстырылым барысында Олимпиада чемпионының жетістіктері баяндалып, мектеп өрендері Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновті туған күнімен құттықтап, бейнебаяндарын жолдады. Бейнебаянды қабылдаған Олимпиада чемпионы мектеп-интернат оқушыларына өз ризашылығын білдіріп, өрендердің оқуда жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдіріп, спортпен айналысуға шақырып, бейнебаян жолдады.

«Спорт – денсаулық кепілі» интеллектуалдық ойынды Хасанов Сұңғат өткізді. Ойын кезінде дене шынықтырумен айналысқанда ағзаға тигізер пайдасы жөнінде айтылып, сұрақтар қойылды. Сұраққа жауап берген оқушыларға сыйлықтар берілді.

Сонымен қатар 5 сыныптар арасында ұйымдастырылған «Шынықсаң, шымыр боларсың» эстафеталық спорттық сайысы, мұғалімдер арасында шахмат пен тоғызқұмалақ ойыны жарысы, 9, 11 сыныптар арасында баскетболдан жарыс өтіп, қатысушы мұғалімдер мен оқушылардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыра түсті.

 

Сұңғат Хасанов,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале