16.11.2021, 10:22
Оқылды: 228

Pfizer вакцинасы туралы не білеміз?

Қазақстанға  Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Екпе, ең алдымен, 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салынады. 

R

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина пайда болғаннан бері әлемде бірнеше миллиард ересек адам КВИ-ге қарсы түрлі вакцинамен егілді. Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды Pfizer вакцинасымен егуді  ұсынып отыр. Қазір әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, Қытайда 3 жастан, АҚШ-та 5 жастан бастап екпе салынып жатыр. АҚШ-тың өзінде Pfizer вакцинасы шамамен 8 млн балаға салынған. Бұл елде коронавирусқа қарсы екпе 5 жастан бастап салынып жатқанын айттық. Қытайда қазан айындағы жағдай бойынша 3-17 жас аралығындағы 60 миллионнан астам бала мен жасөспірім екпенің инактивті түрін алған. Тамыз айының соңында Канада 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер­дің 58%-ына вакцина салынғанын хабарлады. Озық елдердің тәжірибесін, әлемдегі эпидахуалдың құбылмалылығын ескеріп, Қазақстан 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундау үшін тиімділігі іс жүзінде дәлелденген Pfizer вакцинасын жеткізе бастады.

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпе тегін әрі ерікті жүргізіледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабы бойынша, кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцинация екпе алушының келісімімен ғана жүргізіледі. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцина­лауға ата-анасының немесе олардың заңды өкілінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Қазақстанда вак­цинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық  жауапкершілік  қарастырылмаған.

12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналау білім беру ұйымдарының екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Ата-анасы немесе жасөспірімнің заңды өкілі қалап жатса, медициналық ұйымның егу пункттерінде вакцина салғызу мүмкіндігі бар. Мектептерде вакциналау жұмыстары медициналық ұйыммен бірлесіп жүргізіледі. Яғни орналасқан мекенжайына қарай медициналық ұйымдарға білім ошақтары бекітіліп беріледі. Сол тізім бойынша медициналық ұйым 12 жастан асқан оқушыларға екпе салатын бригадалар жасақтайды. Кез келген екпе препараты сияқты Pfizer вакцинасын да са­палы күйде ұстау үшін температуралық режімді қатаң сақтау қажет. Медицина қызметкерлері вакцина дозаларын егу бекеттеріне тасымалдау кезінде осы температуралық режімді сақтау бойынша нұсқаулықтармен танысып, меңгерді. Жалпы, бұл екпенің негізгі қоры облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларын­да минус 60-90°C температурада сақталады. Ал білім бе­ру ұйымдары мен медициналық ұйымдардың егу пункттерінде 31 күнге дейінгі плюс 2-8°C температурада сақтауға болады.

Медициналық ұйым мен мектеп басшылығының міндеті:

- ҚР Денсаулық сақтау министрінің №361 бұйрығы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес егу кабинет     терін жабдықтау;

- алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған препараттарды дайындау;

- вакцина алуға келгендерге «күту залы» мен «екпеден кейінгі бақылау бөлмесін» ұсыну, әлеуметтік қашықтықты сақтауға     жағдай жасау;

- адам көп шоғырланбау үшін екпе алушылардың ағынын реттеп отыру;

- вакцинация науқанына мектеп және медициналық ұйым психологтарын тарту.

Екпе алғанда:

- 12-18 жас аралығындағы екпе алушыға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен тексеру және сұрау жүргізіледі;

- иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаса,

екпе жүргізуге рұқсат рәсімделеді;

екпе алушыға және оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық екпенің ықтимал реакциялары, вакцинасыз    жүрудің салдары туралы толық және шынайы ақпарат беріледі.

Екпеден кейін:

Вакцина алған жасөспірім 30 минут бойы екпе алған жерде медицина қызметкерінің бақылауында болады.

Вакцинациядан  кейін  мынадай  реакциялар  болуы  мүмкін:

- ине сұққан орынның ауырсынуы, ісіну, шаршағыштық, бас ауруы, бұлшықет  ауыруы, буын ауыруы, қалтырау, диарея, қызба; аталған реакциялардың кейбірі 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде ересектерге қарағанда   біршама жиі кездескен;

инъекция орнындағы қызару, жүрек айну, құсу;

лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қолдың ауыруы, ұйқысыздық, инъекция орнындағы қышу, бөртпе немесе қышу сияқты аллергиялық реакциялар және т. б.

Иммундаудан кейін жағымсыз реакциялар туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.

Мынадай медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдар Pfizer вакцинасын салғызбау керек:

-белсенді затқа немесе препараттың кез келген басқа компоненттеріне аллергия;

алайда жұмыртқа мен оның сары уызы есептелмейді. Өйткені Pfizer екпесінің  құрамында бұл компоненттер жоқ.

- баланың жасы 12-ге толмаса;

- жүктіліктің алғашқы 16 аптасында;

- жіті инфекциялық ауруға шалдыққанда және созылмалы сырқаты асқынғанда вакциналауды кейінге қалдыру керек.

Pfizer  вакцинасымен  иммундау  кестесі:

1 дозасы - кез келген күн;

2 доза - бірінші дозаны алғаннан кейін  21-28 күн аралығында.

Pfizer  вакцинасы иммундаудың артықшылықтары:

-инфекция жұққанның өзінде індет жеңіл өтіп, асқынудан сақтайды;

-екпе алғандарды ғана емес, солардың айналасындағыларды да індеттен қорғайды;

-  «ұжымдық иммунитет» қалыптастырады;

-иммундаудан кейін берілетін «вакцинация паспорты» сапарлау      аясын  кеңейтеді.

Вакцина алмастан бұрын коронавирус инфекциясы мен антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін 6 айдан соң, вакцинациялау алдындағы жай-күйін мұқият тексеріп, Pfizer вакцинасын салғыза алады. КВИ-мен ауырып жазылған  адамдарды  сауыққаннан  кейін 3  айдан  соң  вакцинациялауға  болады.

Гүлсезім  Ерболатқызы,

zhaikpress.kz

Сурет: bing.com 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале