26.12.2023, 9:45
Оқылды: 39

«Пиротехникалық заттарды тұрғын үй маңында жаруға болмайды»

Төтенше жағдайлар министрлігі мерекелік іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын сақтауға қоғам назарын аудару мақсатында республикалық ауқымды «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясын өткізуде. Бұл жөнінде өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов мәлімдеді.

ернур

Қыс мезгілінде өзендер мен көлдерде мұз қатып жатқанда өңір тұрғындарының балық аулауға баратыны немесе мұз үстінде сырғанайтыны белгілі. Көп жағдайда адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Салдарынан суға батып кету сияқты жағдайлар орын алады. Сондықтан да қыста су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына назар аударған әрі қатаң сақтаған жөн. Су бетіндегі мұздың қалыңдығын немесе беріктігін ешуақытта аяқтың күшімен тексермеген абзал. Аталған департамент бастығының сөзінше, биыл облыс аумағындағы су айдындарында 16 адам суға батып кеткен. Ал Төтенше жағдайлар қызметкерлері суға батып бара жатқан жерінен 17 адамды құтқарып қалған. Бүгінде өзен-көлдердегі мұздың орташа қалыңдығы 15 см болып отыр. Соның ішінде Орал қаласындағы Шаған өзенінде – 20 см, Деркөл өзенінде – 20 см, Жайық өзенінде – 15 см және Шалқар көлінде – 6 см болса, Чапаев кентіндегі Жайық бойында – 15 см. Бір ғана жаяу адамның жүріп өтуі үшін мұздың қалыңдығы кемінде 10 см болуы керек екен, ал бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды немесе аутокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 см-ден кем болмағаны дұрыс. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Сапарұлы мұздың қауіпті аймағында жиналуға, мұздағы ойықтар мен жарықтарға жақындауға, мұзда от жағуға, сондай-ақ белгіленген өткелдер болмаса, көлікпен мұздан өтуге және түрлі жабдықтар мен қоқыстарды лақтыруға болмайтынын ескертеді. Сонымен қатар балық аулайтындарға мұздың қалыңдығы кемінде 25 см болғанда және жеке құтқару құралдарымен жүргенде ғана рұқсат берілетінін атап өтті.

Өңірде өрт жағдайының да өршіп тұрғанын айта кету керек. Биыл желтоқсан айының 20-сына дейінгі есеп бойынша 554 өрт жағдайы тіркелген. Онда 10 адам қаза тауып, 9 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Ал сол өрттерден келтірілген жалпы шығын 157 750 000 теңге болған. Негізінен, адамдардың электр сымдарының қысқа тұйықталуына мән бермеуі, пештерді орнату, пайдалану кезінде және жалпы қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан өрт туындап жүргені мәлім. Сондай-ақ Жаңа жыл мерекесінде адамдар пиротехникалық заттарды пайдаланғанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың соңы үлкен өрттің шығуына апарады. Мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша бүгінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар мен қоғамдық ұйымдар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

– Жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп Жаңа жыл мерекесі өткізілетін 159 нысанның есебі жүргізілді. Оның ішінде 136-сы білім беру, 19 денсаулық сақтау және 4 нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернат. Осы нысандардың өртке қарсы жай-күйі, әлеуеті тексеріліп, әкімшілігі мен қызметкерлеріне ұсынымхаттар таратылып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ облыстық және қалалық маңызы бар мәдени мерекелік іс-шаралар өткізілетін нысандардың аумағында өрт сөндіру техникасын қою көзделді. Бұдан бөлек облыстық полиция департаментімен, еріктілермен бірлесіп адамдар көп жиналатын жерлерге және пиротехникалық бұйымдар сатылатын сауда орындарына рейдтік жұмыстар жүргізу жоспарланды. Жалпы Жаңа жылдық іс-шараларда қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет. Соның ішінде пиротехникалық заттарды жел екпіні секундына 5 метрден артық болғанда, қауіпті аймақтарда, тұрғын үй ғимараттары мен электр сымдары көп жерлерде, жабық үй-жайларда пайдалануға болмайтынын ескертеміз. Сонымен қатар нұсқаулықта және қауіпсіздік шараларында көрсетілмеген іс-әрекеттерді істеуге, балалардың қолына беріп қараусыз қалдыруға болмайды, – деп түйіндеді сөзін Ернұр Сапарұлы.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале