13.03.2023, 17:16
Оқылды: 37

Риддерден ақжолтай хабар жетті

Наурыздың 5-і мен 13-і аралығында Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында шаңғы жарысынан ІV жастар ойындары өтті. Төрт  жылда бір өтетін бәсекеге еліміздің 12 облысынан келген 240 спортшы қатысты.

Жарыстың алғашқы күні шаңғышылар 1400 метрлік «Спринт» бәсекесінде «Кім мықтыны» анықтады. Алдымен жасөспірім қыздар бақ сынасты. Қорытындысында ақсайлық Мәдина Жақсылықова 3-орынға ие болса, ұлдар арасындағы ұшқыр шаңғышылар сынында бәйтеректік Еділбек Елубаев қарсыластарын шаң қаптырып, ел жастары олимпиадасының жеңімпазы атанды. Одан соң спортшылар «Командалық спринт» сайысына шықты. Бұл бәсекеде өңір намысын Еділбек Елубаев пен Дамир Қабикесов қорғады. 12 облыс командасы сынға түскен жарыс қорытындысында  Батыс Қазақстан облысының командасы 4-орынға табан тіреді. Бұл да үлкен жетістік.

16ae9529-c449-4ab5-b344-e81848f7541e

Шаңғышылар жарысы наурыздың 10-ы күні жалғасты.  10 шақырым жолды классика әдісімен жүріп өткен спортшылар сынында Еділбек Елубаев қола жүлдеге қол жеткізді. Жастар ойынын 15 шақырымды еркін әдіспен жүгіру марафоны қорытындылады. Бұл бәсекеде Дамир Қабикесов жүлдеге таласуы керек болды. Жастайынан алыс қашықтыққа жүгіруге машықтанған Дамир үмітті ақтады. Алтын үшін соңына дейін айқасқан ол қола жүлде еншілеп, төбемізді көкке көтерді.

Осы жарыстан соң Еділбек Елубаев Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атанды. Соңғы он-он бес жылда облыс шаңғышылары мұндай жетістікке жетіп көрмеді. Ел мерейін асырып жүрген шаңғышылар ақсайлық Ислам Сағыналиев пен бәйтеректік Серік Хайруллиннің қол астында жаттығады. Енді облыстық шаңғы жарысы федерациясы мен спорт басқармасы жергілікті жастардың алаңсыз жаттығып, халықаралық жарыстарға шығуына атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.

         Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

525b06e6-41cd-4c96-a3b4-e3169b9f0726 056c005d-a42d-43b9-a5c5-df2e8b4d3177

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале