23.06.2022, 10:15
Оқылды: 106

Саптағы сақшылар, төл мереке құтты болсын!

Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1992 жылғы 23 маусымда сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Бұл – тәртіп сақшысының мақсат-міндеттерін айқындайтын бірінші құқықтық акті болған еді. Жалпы полиция қызметкерлері қай кезде де тәуекелге бел буып, қиын жағдайға душар болған адамдарға қол ұшын беріп, түрлі қылмыстық қолсұғушылық әрекеттерден қорғайды, оларды зерттеп, зерделейді, қылмыстарды ашады.

WhatsApp Image 2022-06-21 at 06.58.40

Жасыратыны жоқ, биылғы жыл Қазақстан халқы үшін өте ауыр басталғаны баршаға мәлім. Еліміз қасіретті қаңтар оқиғасын бастан кешірді. Осы кезде біздің тәртіп сақшылары террористік актілерге уақтылы тойтарыс беріп, анттарына адалдық танытты, өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, кәсіби шеберліктерін көрсете білді. Әрі жеке құрам түгелдей күшейтілген тәртіпке көшіріліп, екі апта бойы казармалық режімде қызмет атқарды. Не бір сындарлы сәттерден сүрінбей өтіп, жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Яғни халқымыздың амандығы үшін сақшыларымыз еш нәрседен тайынған жоқ. Сондай ерен ерлік пен шынайы батылдықтың үлгісін көрсете білген бірқатар әріптесіміз ведомстволық наградалармен марапатталды. Осы ретте тәуелсіздік жылдары облысымыз бойынша өз міндетін орындау кезінде 32 әріптесіміз ерлікпен қаза тапқанын айта кеткен артық болмас. Олардың есімі біздің жүрегімізде  мәңгі  сақталады.

Бүгінгідей мереке күні Қазақстан полициясының жарқын дәстүрін сақтауға қосқан зор үлесі үшін ардагерлерімізге айтар алғысымыз шексіз. Аға ұрпақ өкілдері әр кез құқық қорғау құрылымдарының дәстүрін жас толқынға үйретіп, өздерінің озық тәжірибелерін ортаға салып отырады. Осынау ардақты ардагерлеріміздің қатары сиремей, шат-шадыман ғұмыр кеше беруіне тілекшіміз.

Ал енді келесі сөзімді біз үшін  қымбат жандарға арнағым келеді. Құқықтық тәртіп пен заңдылықты  сақтауда түрлі қиындық пен қатер қатар жүретіні баршаға аян. Сондай кездерде біздің жанымыздан табылатын, әрине, ол отбасы мүшелеріміз – ата-аналарымыз, жұбайларымыз және балаларымыз! Ауыр да абыройлы, қиын да құрметті мамандық иелеріне өздерінің қолдау-көмегін көрсетіп келе жатқан олардың да үлкен-кішісіне  ризашылығымыз  шексіз.

Қысқасы, мынау өмірде баянды бейбітшілік пен тыныш тірлікке жетер не бар?! Жаңа Қазақстанымызда жарқын істер молайып, ел-жұртымыздың  ырыс-несібесі  арта  берсін  деп  тілейік!

Махсудхан  Аблазимов,

БҚО ПД  бастығы,

полиция  генерал-майоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале