19.01.2021, 19:06
Оқылды: 1838

«Сары» аймақтың шегінде тұрмыз»

Облыста коронавирус індеті бойынша  эпидемиологиялық ахуал күн санап күрделенуде. Жыл басталғалы, яғни 1-18 қаңтар аралығында СOVID-19 індетін өңірдегі 764 тұрғын жұқтырған. Олардың 373-сі ЖРВИ белгілері бойынша емханаға қаралғанда, 200-і науқастармен қарым-қатынаста болғандарды тексергенде анықталса, қалғандары профилактикалық тексеріс нәтижесінде белгілі болған. Облысымыздың Бәйтерек, Жәнібек аудандары «қызыл» аймаққа еніп, бұл аудандарда індеттің өршуіне байланысты қарантин талаптары күшейтілген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен жедел штаб отырысында айтылды.  

44678565-9ED5-4744-99FA-C11DF5294B75

     Коронавирус індетінің алдын алуға байланысты ұйымдастырылған жиында облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен атқарылатын санитарлық шаралар талқыланды.

Өңірде эпидахуал тұрақсыз. Қазір коронавирус симптомдары бар науқастар саны күн санап артуда. Індетті жұқтырғандардың дені жұмыс жасайтындар, зейнеткерлер, сондай-ақ облыста 14 жасқа дейінгі 44 бала індет жұқтырған. Бірінші қаңтардан бастап тұрғындарға 33095 ПТР талдама жасалды. 158 мониторингтік топ құрылып, жұмыс жасап жатыр, оның 20-сы Орал қаласында, 138-і аудандарда. Олар жыл басталғалы 220 рейд жүргізіп, 2637 нысанды тексерді. Жәнібек ауданының Борсы, Ақжайық ауданының Қабыршақты, Чапаев, Жаңабұлақ ауылдық елді мекендерінде карантиндік талаптар күшейтілді. Тұрғындар індетті той-томалақ ұйымдастырып, көпшілік орындарға барып, сондай-ақ аутобуста, жұмыста жұқтыруда. Жалпы облысымыз «сары» аймақтың шегінде тұр. «Қызыл» аймаққа да ену қаупі басым, - деді деді облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев.

02F32C75-FF7B-44A5-9A79-EA0AB5928C70

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтың айтуынша, облыста 7 жұқпалы аурулар ауруханасы жұмыс істеп тұр. Оның екеуі облыс орталығында – облыстық көпбейінді аурухана, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы және Бөрлі, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Бәйтерек аудандық ауруханаларында КВИ бойынша науқастарды қабылдап, емдеу шаралары жүргізілмек. Сондай-ақ оларда 62 реанимациялық орын жасақталған. Бүгінде «Жедел жәрдем» қызметінен бөлек, емханалар жанынан 124 мобильді бригада жұмыс істеуде. Олар ЖРВИ белгілері бойынша шақырған адамдардан СOVID-19 індеті бойынша талдамалар да алады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды сапалы жүзеге асыру бойынша барлық шараларды қолға алуды, қауіпті аймақтардан келетін адамдарды бақылауды күшейтуді тапсырды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале