8.11.2022, 10:15
Оқылды: 95

«Сен тек өз еліңе керексің!»

Ол өткенді есіне алғысы келмейді. Сирияда жүрген сүреңсіз күндері есіне түскенде даласында қылтанақ шөп өспейтін  әлдебір елді мекенде (атын ұмытқан) терең шұңқыр қазып, оған ескі киім, матрастарды жыртып салып, от жағып, кебекті (отруби) қуырып жеген сәттер көз алдына келеді. Өңделмеген, тазартылмаған құрғақ  кебек тамақты қырнайтын. Әрі тым дәмсіз болатын. Бірақ шұрылдаған асқазанын олар солай алдайтын. Басқа амал жоқ еді... Ол аш-жалаңаш өзге елде қалып, «Ертеңіміз не болады?» деп алаңдап жылаған күндерін  ұмытпағанын айтады.

zhusan-god-spustya

Ол намазға неге жығылды?

Кейіпкеріміз Дариға апайды 2004 жылы машина қағып кетіп, ойламаған жерден көз жанарынан айырылады. Ол кезде Дариға апай екі баласымен қаланың қақ ортасында жайлы үйде тұратын. Анасы марқұм оны Мәскеуге дейін апарып, қымбат оталар жасатады. Дәрігерлер оның бір көзін сақтап қалуға тырысады. Бірақ жарық дүниені жарытып көре алмаған жас келіншек күйзеліске түседі. Жұбайымен бес жыл тұрып, ажырасып кеткен кейіпкеріміздің бір ұл, бір қызы бар еді. Салы суға кетіп жүргенінде, жалғыз жұбанышы қамқор анасы өмірден өтеді. Осы жәйттердің барлығы оған оңай тимейді. Ол жанын тыныштандырып, Құдайға жақындағысы келеді. Сөйтіп, 2011 жылы қағазға қарап намаз оқи бастайды. Төртінші қабатта тұратын шешен келіншек те намаз оқитынынын білетін. Содан бәрін сұрап алып, ұзын көйлек киіп, басына орамал тартып, намаз оқи бастайды. Анасына қарап, өсіп қалған қызы да орамал тартып, намаз оқығанды жөн көреді. Ол ешқашан қызына «Ұзын көйлек ки, орамал тарт, намаз оқы» деп айтып көрмепті. Бірақ қызының шешіміне қарсы келмей, қолдау көрсетеді. Мектеп бітірген соң қызғалдағы ғаламтор арқылы бір жігітпен танысып, сөйлесіп жүріп, оған күйеуге шыққысы келетінін айтады.

«Қыз бала болған соң оның өмірі алаңдатпай қоймайды. Бостан-бос жүргенінше, күйеуге шыққаны да дұрыс болар деп, қарсы болмадым. Күйеу жігіт те қарапайым, ауылдың аңқылдаған баласы. Бес уақыт намазын оқитын таза жігіт көрінді. Әу бастан өзім Ислам дінін ұстанатын адамдар таза, адал деп ойлайтынмын. Шын ниетіммен оған сеніп, қызыма рұқсатымды бердім. Олар мешітке барып, некесін қидырды. Той болған жоқ. Ауылдан жігіттің анасы келіп, шағын қонақтық жасадық. Сөйтіп,  олар пәтер жалдап, бөлек шығып кетті» дейді әңгімесін бастаған Дариға апай.

Содан кейін Дариға тағдырдың жазуымен өзі қалаған азаматқа күйеуге шығады. Олар да мешітке барып, некесін қидырып бірге тұра бастайды. Ол намаз оқымайды. Бірақ «Өзің оқи бер, бір күндері мен де намазға тұрармын» деп, қолдау көрсетеді. Апайдың 1992 жылғы студент баласы оларға: «Мені өз-өзіммен қалдырыңдар. Намаз оқымаймын» деп талабын қояды. Апай бұл кезде жұмыссыз, ақшасыз пәтер жалдап жүрген қызына алаңдап, оларды өздерімен сыйысып, бірге тұруға шақырады. Екі бөлмелі үйдің бір бөлмесінде студент ұл жатады. Оны қозғамай өздерінің бөлмесін ыңғайлап, ас бөлмесін босатып, жастарға қолайлы бұрыш жасап беруге тырысады. 2012 жылы қызы тұңғыш жиенін дүниеге алып келеді. Осы кезде бірінші жұбайы студент ұлды бөлек бір бөлмелі үйге шығарады. Өмірінде орын алып жатқан әр жағдайдан жақсылық көруге тырысқан Дариға апай студент баласының у-шудан жырақ, алаңсыз оқығаны дұрыс болар деп, ұлының үйін жинап, тамағын пісіріп араласып тұрады. Күйеу баласы ет сатып, жұмыс істеп жүреді. Оның да «Жер алып, үй саламын, мал жинап жатырмын» деген әңгімелеріне риза болып, қуанып жүреді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Тек аяқ астынан қызы Египетке барып, білім алатындықтарын айтқанда аңтарылып қалады.

Екі бөлмелі үй мен саяжай неге сатылды?

– Қызымның алысқа кететіні маған ауыр тиді. Өйткені менің жетелеп жүретін көз жанарым сол еді ғой. Жалғыз жібергім келмей жыладым. Үйде талай рет ұрыс-керіс, жанжал болды. Қазір ойлап қарасам, күйеу баламыз сол кезде радикал болған екен. Бірақ бізге білдірмеді. Ол қызыма: «Анаң да бірге жүрсін, бала бағысар» депті. Сөйтіп, жолға дайындалдық. Жұбайыммен ақылдасып саяжайды, екі бөлмелі үйді саттық. Ол «Сен қайда барсаң, мен сонда барамын» деді. Қызым мен күйеу балам маған ноутбуктен әдемі үйлерді көрсетеді. Соған риясыз сендім. Оларға қолдау көрсеткім келді.  2013 жылдың маусым айының басы еді ғой ол кездер. Бау-бақша егеміз деп дайындалып жүр едік. Бәрін тастап бір күнде көшіп кеттік. Күйеу балам қызымды асықтырып, бізге  «Ешкімге айтпаңдар. Артық әңгіме керек емес» деген талап қойды. Сөйтіп, жолға шықтық. Алдымен Атырауға, сосын Ақтауға, Ақтаудан Грузияға бардық. Жолда түрлі адамдармен кездестік.  Грузияда менің ақшама қонақүй жалдап,  бес күндей болдық. Қазір ойласам, мен оның демеушісі болыппын. Ол таңертең кетеді, кеште келеді. Не істеп жүргені түсініксіз. Төртінші күні бізді қонақүйден жылтыраған  қара машина келіп, алып кетті. Екі қабатты үлкен үйге бардық. Төменде қызым, жиенім үшеуміз болдық. Жоғарыда өзге ұлттар, сақалды ер адамдар жиналып алған «Не айтады? Не істеп жүр?» Бізге жұмбақ,  түсініксіз. Келесі күні тағы бір грузиннің үйіне бардық. Оның екі әйелі бар екен. Сол үйге қондық. Грузиядан шығып, Ялла қаласына келгенде күйеу балам:  «Каирге бара алмаймыз. Ол жерде көтеріліс болып жатыр. Тынышталғасын барармыз» деді. Ялладан бір кабардинец билет алып, бізді жайлы аутобусқа мінгізіп жіберді. Түнімен жүріп, маң далаға тоқтадық. Ол жерде бізді ақ машина күтіп алып, бір үйге алып келді. Орамал жамылған әйелдер подноспен кеуіп қалған шелпек, тағы да бізге түсініксіз тағам түрлерін ұсынды. Түскен үйімізден шай ішіп, намаз оқып, кері шықтық. Жалғыз аяқ жолмен тағы да жаяу ұзақ жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қайда бағыт алғанымызды да білмейміз. Ешкім үндемейді. Жаяу келе жатып, жерге қадалған қазыққа аяғымды соғып, ауыртып алдым. Сол кезде ғана мен Түркияның шекарасын жаяу кесіп, Сирияға өткенімізді түсіндім. Ол жерде жол бастап барған сақалды өзге ұлттың адамымен  бір ағаштың түбінде біраз тұрдық. Бір кезде «Пикап» көлігімен автомат асынған, түсі суық адам келді. Сол кезде ғана мен уайымдап, алаңдай бастадым, - дейді Дариға апай.

Сириядағы сүреңсіз күндер

Сирияның ауа райы жылы. Қысының өзі жаңбырлы. Үйлері де қызық. Жазда қатты ыстық болғасын, мәрмәр тастардан салынған.  Алғашында олардың ауа райына, тамағына үйрене алмай қиналдық. Түрлі-түсті хиджаптарымызды тастап, қара киімдер алдырып кидік. Өйткені олар біздің жабық жүруімізді талап етті. Күйеуім екеумізге ай сайын жәрдемақы сияқты 100 доллардан береді. Бірақ ол жақта 100 долларға көп нәрсе сатып ала алмайсың. Біз Сирияда, Иракта тұрдық. Ол жердегі қазақтар Батыс жамағаты, Оңтүстік жамағаты, Шымкент жамағаты деп бөлінеді.  Неше түрлі үйлерде өмір сүрдік.  Барғаннан бастап, көшіп-қонумен болдық. Бір үйге енді үйрене бастағанымызда, көшу керек болады. Сол қиын. Күйеулеріміз шекара күзетіп жүрміз деп сырт жақта жүреді.  2015 жылы бомба түсіп күйеу балам қайтыс болды. Бізге оның кішкентай жайнамаз үстінде жансыз жатқан видеосын көрсетті. Бұл жағдай қызыма ауыр тиді. Одан бұрын жеті айлық сәбиі шетінеп кетіп, күйзеліп жүр еді. Жұбайын жоғалту оған ауыр тиді.  Қиналып, құр сүлдері қалды. Сондықтан біз жұбайым екеуміз Ирактың Тиляпии  қаласына көшуге шешім қабылдадық.  Жасыл желегі бар, әдемі таза қала екен. Еңсеміз көтеріліп, жақсы болып қалдық. Қызым да жайлап күйзелістен шыға бастады.  Сөйтіп жүргенде жұбайымды Синжар тауына алып кетті. Ол сонда барып-келіп жүрді. Басында атыс-шабыс болған жоқ. Тыныш еді. Кейіннен таудан қайтып келе жатқанда бомба түсіп, төрт адам қайтыс болды. Үш жігіт аман қалған. Қайтыс болған төрт адамның бірі менің жұбайым еді. «Қайда барсаң да, сенімен бірге боламын» деп қасыма еріп келген қолдаушымнан айырылу маған да оңай болмады. Қатты күйзелдім. Ертеден қара кешке дейін бір нүктеге қарап отыра беремін. Өмір тоқтап қалғандай күй кештім. Кейіннен бізді жесірлер үйіне апарды. Бір айдан соң, сол жерде басқарып жүрген адамдар  «Мосулге әлде Сирияға барасыз ба?» деп сұрады.  Біз Мосул қаласын таңдап, сол жерде он ай тұрдық. 2016 жылдың тамызында ол жерде де бомбалау басталды. «Қоршауда қалып қоямыз ба?» деп қорқып, Сирияға қайта оралып, Ракканың қасындағы ауылда тұрдық. Ирактағы жақсы жағдайға үйреніп қалған бізді тұрмыстың ауырлығы қинай бастады. Адам тұруы мүмкін емес жерлерде өмір сүруге тура келді.  Азып-тозған үйдің ішінде әрлі-берлі жүгіріп жүретін тышқандар  төбемізде ойнақтай бастағанда қызым  «күйеуге шықпасам болмайды» деп шешті.

«Ол жақта күйеуің болмаса, адам емессің»

Қызымды үшінші, төртінші әйел етіп алғысы келгендер көп болды. Олардың ішінде  өзге ұлттар да, қазақтар да бар.  Қызым бірден «Екінші, үшінші әйел болмаймын, бірінші әйел болып, тек қазаққа шығамын» деп талап қойды. Өзінің тілегіне орай, жаралы қазақ жігітіне бірінші әйел болып күйеуге шықты. Оның жұбайы бомба түсіп, қайтыс болған.  Павлодардың тумасы, өте пысық, елгезек адам екен. Біздің жақсы тұруымызға ықпал етті. Мейіргер болып жұмыс істеді. Солай, өмір өтіп жатты. Маған да құда түсіп келе бастады. Өйткені ол  жақта күйеусіз, ер адамсыз (махрам) өмір сүру мүмкін емес еді.  Қасыңда ер адам болмаса, көшеде ұзақ жүруге болмайды. Мен де өзімнен 12 жас кіші оралдық жігітке екінші әйел болып, күйеуге шықтым. Оның әйелі менің қызыммен құрдас еді, қарсы болмай, келісімін беріпті. 2017 жылдың  қаңтарында некемізді қидық. Көшіп-қонып жүргенде де, бізге сол күйеулеріміз көмектесті. 2018 жылы ол бірінші әйелін, балаларын, мені бірге көшіріп, өз қолымен қоныстандырып кетті. Кейіннен оның да бомба түсіп қайтыс болғанын естідік.  Қызым екінші жұбайымен келісе алмай, қайтып келді. Оның екінші сәбиі  дүниеге келді. Солай екі-үш ай сайын ауылдан-ауылға көшіп жүрдік. Бір үйде бірнеше әйел бала-шағасымен тұра бастадық. Шулаған әйел, бала-шаға. Әйелдер баласы үшін, тамақ үшін бір-бірімен ұрысады. Әжетханаға бару үшін ұзын-сонар кезекке тұрасың. Жолдардың бәрі жабық. Басында тағам, қажетті заттар қымбат болса да бар еді. Кейіннен қымбат затты да таппай қалдық. Жағдай күн өткен сайын қиындай берді.

«Біз далада қаңғып қалдық»

Сириядағы үйлерді менсінбей жүргенде соңында сол үйлерге де зар болып қалдық. Басында окоптарға қашып, тығылып, тынышталғасын шығып жүретінбіз. Кейіннен сол окоптарда өмір сүре бастадық. Су да, тамақ та жоқ. Арасында машина келіп адамдарға бір тостаған сорпа береді. Ұзын кезекке тұрып, оның өзін әзер аласың. Үйлерде тұрғанда тамақты керосинкаға пісіретінбіз. Кейіннен  сол керосинка да арман болып,  көшеде от жағып, не бар соны қуыратын болдық. Біреуде кішкентай май, кішкене күріш болса қуанып кетеміз. Айлап жуынбағасын балалар да, өзіміз де азып кеттік. Кейіннен қасымыздағы әйелдер азая бастады. Сөйтсек, олар жайлап-жайлап күрдтердің лагеріне қашып жатыр екен. Бір күні бізге де үлкен жүк машинасы келді. Шулаған әйел, бала-шағаны қой сияқты тиеп алды. Бір-бірін таптаған адамдар. Балалармен, қызыммен тұрып барсақ шыдадық соған. Екі тәулік салдырлап жүріп, межелі жерге  жеттік. Лагерьде бізге таза киім, жуынатын заттар, ыстық тамақ берді. Ол жерде біз екі ай тұрдық. Екі айдан соң мен «Жусан-2», қызым «Жусан-3» бағдарламасымен елге оралдық.

«Самаладай жарқыраған өз елім-ай!»

Ең алғаш туған топырағыма аяғым тиген күнді ұмыта алмаймын. Біз Ақтауда оңалту орталығына тоқтадық. Ол жерде жарқырап жанып тұрған жарықты көргенде қуанғаным-ай. Қанша күн, қанша ай қараңғы жерде өмір сүргендіктен, жарқыраған жарық жер адамның еңсесін көтереді екен. Тап-таза төсек, таза киім. Жуынуға «Чистая линия» шампунін берді. Мен оны иіскеп ұзақ отырдым. Сол сәтте өзімді бақытты сезіндім. Сирия сапары маған да, менің отбасыма да үлкен сабақ болды. Біз өмірдің бағасын білдік. Адастық, сүріндік. Бірақ көп нәрсені түсіндік. Осы жәйттердің бар-

лығы біздің білімсіздігімізден, діни сауатымыздың жоқтығынан болды. Кей адамдар «Орамалды әлі шешпепсің» деп мені кінәлайды. Мәселе орамалда емес. Орамал маған өмір сүруге кедергі келтірмейді, керісінше күш береді. Сондықтан адамдар діни таным-түсінікті, алғашқы діни білімді, өзіміздің қасиетті дәстүрлі исламды жүйелі де сауатты уағыздайтын  мешіт-медреселерден алса екен деймін. Қаншама адам қазір жазасын өтеп түрмеде отыр, қаншама адам әлі сол лагерьде қалды. Біз мемлекетіміздің аялы қамқорлығының арқасында елге оралдық. Түсінгенім, сен тек өз еліңе керексің! Өзге елде кез келген уақытта тауарға айналып кетуің мүмкін. Туған еліңде қара су ішіп, қара нан жесең де, бейбіт өмір сүрудің өзі зор бақыт екен.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале