27.07.2023, 10:15
Оқылды: 64

Серікқали Шарабасов: «Арлы ұстаздардың алдын көрдік»

 Азат ойдың азабын тартқан  немесе «қоңыраулы» ұстаздар туралы

Бір жердің, бір топырақтың, бір институттың түлектері болғандықтан, Серікқали ағаның сұхбатта аттарын атаған ұстаздардың барлығын көре қалдық. Кейбірінен дәріс тыңдадық.

Шарабасов

1965–1967 жылдары Жаңа-Қазан (Новая–Казанка) ауылындағы бастауыш мектепте оқыдым. Сол жылдары мектеп директоры республикадағы санаулы ғана «Халық ағарту ісінің үздігі», даңқты педагог Қабадаш Нұрымғалиев болатын. Осында жұртқа елеусіздеу көрінуге тырысатын, бірақ істеген ісі мен ұстаздық тұлғасы әріптестеріне де, шәкірттеріне де өнеге Ленин орденді мұғалім Ғұмар Салықовты да көре қалдық. Жаз шықса, ауыл сыртындағы мектептің оқу-өндірістік орталығы -  «Ғұмар бағына» теориялық білімімізді іспен бекіндіруге баратынбыз. Құм жиегіндегі тал-теректері желмен сырласып, сыбдырласып тұратын аумағы атшаптырым бақ – нағыз Жерұйықтың өзі. Бақтың қақ ортасындағы мөп-мөлдір суы тіс жаратын құдық қандай?! Сол суды шелектеп тасып, теректерді, өсімдіктерді суарамыз. Зәулім ағаштардың түбінде жатып, рахаттанып дем аламыз. Ғұмар атайдың бас болуымен жаңа көшеттер отырғызылатын. Гүлдер мен көкөністер егеміз. Соның бәрінің қалай атқарылатынын ұстазымыз бүге-шігесіне дейін айтып, зердемізге құя түседі. Бақсақ, Ғұмар атайдың бұл бағы – республикадағы ең үздік деп танылған оқу-өндірістік орталық екен. Осы еңбегі үшін ұстаз өңіріне Ленин орденін таққан. Әрі «халық жауы» деген жаладан арылып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «қара тізімінен» шығарылған. Дарынды ұстаздың даңқты мұғалім сапына қосылуына мектеп директоры өз басын бәйгеге тіге жүріп, өлшеусіз қамқорлық жасаған. Міне, көненің адамдары!

Ғұмар атайдың мектептегі кабинетіне бас сұғып шығудың өзі бір дүние!  Көк желекке көмкеріліп тұрған лабораториясында не кереметтің бәрі бар. Ағаш көшетіне ілініп тұрған сап-сары лимондар, өсімдік басында үлпілдеп тұрған мақта, теңкиіп жатқан қауын-қарбыз, асқабақ, көздің жауын алған әсем гүлдер! Бәрі осында. Балауса өсімдіктердің хош иісі танауды жарады. Соның ішінде ұстаз атайдың жай басып, жалпағынан алып, қыбырлап бірдеңелерді істеп, жазып, аударыстырып жүргені. Бүгінде өзі болмаса да, көзі бар. Ұрпағы Ербол Салықов — облыс басшылығында абыройлы ісімен танылған азамат. Мектеп директоры – Қабадаш Нұрымғалиевтің ұрпақтары да өскен әулет. Ал сол даңқты адамдардың кеңес заманында тағдырлары қыл үстінде жүріп, ел ертеңі жолында күрескен жанкештіліктерін ұрпақтары шығарған өмірбаяндық кітаптар мен көзкөргендердің естеліктерінен  ғана білуге болады.

Аманкелді Шахин

Ғұмар Салықов

(1907 – 1990)

салыков

Батыс Қазақстан облысындағы Қарасу ауылдық кеңесінің Қошқар елді мекенінде 1907 жылы 8 сәуірде дүниеге келген. 1932 жылы Фурманов ауданындағы (қа-зіргі Жалпақтал ауылы) педагогикалық техникумды бітірген. Ұзақ жылдар Жаңақаладағы С. Киров атындағы орта мектепте химия-биология пәнінен дәріс берген. Мектептердің өндіріспен байланысын қалыптастыру жөніндегі шақыруға үн қосып, Жаңақала ауылының күншығыс бетінде оқу-тәжірибе участогын (1,5 гектар) ұйымдастырып, бау-бақша, дәнді дақылдар өсіруде зор жетістіктерге жетіпті. Тіпті құмды өңірге мақтаны да жерсіндірген көрінеді. Білім мен еңбекті ұштастырудағы табыстары үшін Ленин орденімен марапатталады. Кезінде «Ғұмар бағы» аталған тұста қазір «Ғұмар терегі» өсіп тұр. Бұл кісі «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» де атанған.

Қабадаш Нұрымғалиев

(1913 – 1989)

нурымгалиев

Батыс Қазақстан облысындағы Ноғайбай ауылдық кеңесінің жерінде 1913 жылы дүниеге келген. 1930 жылы мұғалімдер даярлайтын қысқа курста оқып, 1932 жылға дейін №3 Балқұдық бастауыш мектебінің меңгерушісі болыпты. 1938 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогика ин-ститутының филология факультетін бітіріп, Қызылорда педагогикалық училищесіне жолдамамен жіберіледі. 1941-1942 жылдары Арал қаласындағы Т. Шевченко атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарып жүріп, Ұлы Отан соғысына аттанады. Майданда екі рет жарақат алып, елге аман-есен оралғаннан кейін Жаңақаладағы С. Киров атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, кейін ұзақ жылдар директор болған. 1948-1956 жылдары Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін де атқарады. Қазан революциясы орденімен марапатталған. Бүгінде Жуалыой ауылындағы мектеп Қ. Нұрымғалиевтің есімімен аталады.

Атымтай Көшімбаев

(1910 – 1977)

кушимбаев

Қостанай облысының Пресногорьков ауданында 1910 жылы дүниеге келген. Филология ғылымдарының кандидаты (1958), докторы (1968), профессор. Бейімбет Майлиннің жолын ұстанған шәкірті Ұлы Отан соғысына қатысып, соңынан ҚазПИ-ді бітіреді. Десек те, майданда тұтқынға түсіп, соғыстан кейін саяси айыппен сотталған.

1932-37 жылдары Қарашығанақ ауылындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының әдістемеші-инспекторы, ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері (1938-50), Оралдағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі (1951-54), Орал педагогикалық институтының аға оқытушысы (1954-75) сынды қызметтерді атқарған. Әрі А. Көшімбаев – жоғары оқу орындарында әдебиетті оқыту әдістемесі жөнінде алғашқы бағдарламаны жасап, оқу құралын жазған ғалым. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі. Соғыста тұтқынға түсіп, Түркі-стан легионына қатысқаны үшін жазаланып, қуғын-сүр-гінге де ілігеді. 1977 жылы дүниеден озды.

Атымтай Ыбырайұлының алдын біз де көре қалдық. 1975 жылы институттың филология факультетіне оқуға түскенде әдебиет теориясынан сабақ берді. Бойы аласа, дауысы жіңішке, қарлығыңқы шығады. Дәріс кезінде аудиториядағы биік терезенің алдына барып, саңылаулап ашып қойып, темекісін будақтатып тұрып сабақ береді. Ешбір қағазға қарамайды. Ауыз әдебиетінен бастап, Абайдың, Махамбеттің және басқа көптеген ақынның өлеңдерін жатқа оқиды. Кейде лекция-
дан соң Ленин даңғылының бойындағы «Сәлем» кафесі-нің барынан қырлы стаканға қызыл шарап құйғызып алып, темекісін сораптап, ішіп отыратыны бар. Кең, бағаға жомарт адам. Шәкірттеріне асқан сүйіспеншілікпен қарайды. Бірде тіпті «зачет» алуға қызғын келіп, бәріміздің зачеткаларымызды жинап алып, автоматты түрде «тапсырды» деп белгі соғып бергені бар. Онысы дұрыс та шығар. Сабағын сүйсініп тыңдағандықтан, әдебиет теориясын қай-қайсымыз да жақсы меңгердік. 1977 жылғы қыста, ұмытпасам, ақпан айында болар-ау, біраз сырқаттанып жатып, дүниеден озды. Институт жанындағы ұстаздарға арнап салынған көпқабатты үйдің шағын екі бөлмесінде тұрды. Қабірін қазып, жерлеуге қатыстық. Соңғы сапарға елеусіздеу аттанған қадірлі ұстазымызбен қимастықпен қоштастық. Жарықтық, лекциясында Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын» және өзі жазған «Әдебиет теориясын оқытудың методикасын» басшылыққа алатын. Кейін сол кітаптарды жата-жастана, кітапханадағы аз ғана данасын таласа-тармаса оқып, білім алдық қой.

Атымтай Көшімбаевтың түрмеден шыққасын қандыкөйлек серігі Хамза Есенжановты сағалап Оралға келуінің де сыры бар сияқты. Зайыбы Күләш Қаленқызы – сол Хамза Есенжановтың аталас ағайыны, «Ақ Жайық» трилогиясындағы Қален Көптілеуұлының қарындасы. Олардың Жәнібек және Мереке деген ұлдары болды. Азан шақырып қойған аттары қайсысы екенін білмейміз, екі ұлдың Еділ, Жайық деген де қосымша есімдері бар-ды. Еділі қаладағы белгілі шахматшылардың бірі болса, Жайығы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жанындағы «Ақ Жайық» ән-би ансамблінің эстрадалық тобына жетекшілік етті. Жаңылыспасам, екі ұлы да дүниеден ертерек озды-ау деймін. Жайығын студент кезімізде көре қалдық, жағында үлкен қа-лы болды. Көпшілік «Көшімбаевтың баласы» дейтін. Қаланың бас даңғылының бойындағы «Сәлем» ресторанында гитара ойнап тұратын-ды.

Ғабдырахим Әбуханов

(1912 – 1995)

абуханов

Институт қабырғасында ғажап ғалым Ғабдырахим Әбухановтың алдынан дәріс алудың бақыты бұйырғаны және бар.  Қазақ тілінің морфологиясынан лекция оқыса, қазақ әліпбиінің тарихынан қосымша сабақ  берді.  Аса білімдар,  текті, зиялы адам екені білініп тұратын. Лекциясында басқа ұстаздар сияқты оқулықтарда жазылған ережелер мен бұрыннан таныс ғылыми деректерді баяндамай, өз қолтаңбасымен ірі етіп сойдақтата жазылған, тілі мен ұғымы айрықша жатық баяндамасын құлаққа жағымды қоңыр даусымен  оқитын. Анда-санда оң қолының күректей салалы саусақтарының ішінен бас бармағын маңдайына апарып, қасқа басын салют берген кейіпте қасып қоятыны бар. Сол кезде жасы алпыстан асып кеткен, ұзын бойлы, иықты, сүйекті, ірі, тұлғалы  адам-ды. Сосын, міндетті түрде жазып отыруды қажетсінетін, кейін еш оқулықтан таптырмайтын лекция шәкірттерді де жалықтырмайтын. Ғалым атамыз жасында рахитке шалдығып, бір қолы иықтан төмен бітіпті. Соғысқа қатыспағаны да сондықтан болса керек. Тағы бір құлағымыз шалғаны – ғалымның бай тұқымы екені. Тіпті сол үшін талай қудаланып, оқуынан шығарылып, қызметінен де айырылған. Мақалаға деректер жинағанда осының бәрі шындыққа жанасатынын аңғардық.

Ғабдырахим Әбуханов 1912 жылы 25 ақпанда  Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылдық округінде дүниеге келген. Ол – өңірге байлығымен ғана емес, зиялылығымен, аса мәдениеттілігімен
және жомарттығымен  аты жайылған Қанай байдың ұрпағы екен. Атасы сұлу, сымбатты адам болыпты.  Ұстазымыз тегіне айнымай тартқан сыңайлы. Қанай бай екі жыл жол жүріп, қажылыққа да барып қайтқан. Ұрпағының сауатты болуына ерекше мән берген. Балаларының бәрін оқытып, қыздарын ісмерлікке баулыған. Тіпті ол үшін үйіне  тігін машинасына дейін алдырған. Бертінде Кеңес үкіметінің тәркісіне ұшырап, шолақ белсенділер мал-мүлкін тартып алғанда, аштық жариялап, дүниеден өтіпті.

Иә, күнінде Қанай байдың ауылы тазалығымен, мәдениетімен төңіректі там-сандырған деседі. Тіпті осы ауылды бетке алғандар ат-көлігін бірнеше шақырым жердегі арнайы орынға туарып кетеді екен. Заманында Қанай ауылының тазалығы мен мәдениетіне өңірге сапарлап келген орыс, неміс саяхатшылары да таңданысын жасырмапты. Осындай ортада өсіп, тәрбие алған Ғабдырахим жастайынан зерек, алғыр, білімдар болып ержеткен. Кеңес өкіметінің қысымына шыдамаған әкесі Әбухан ел-жұртынан, отбасынан жыраққа кетіп, қайтып оралмайды. Бұл жағдай он үш жасар жеткіншекті ерте есейтіп, ширата түседі. Отбасында қалған қос бауыры – Ғабдолхан мен Ұрқияға және анасы Ханифаға өзі қамқоршылық жасайды. Сөйте жүріп білімнен де қол үзбейді. 1930 жылы Оралдағы мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдаған жас жігіт екі жыл ауылдағы бастауыш мектепте сабақ береді. Кейіннен жаңадан ашылған Орал пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Осы кезде бай ұрпақтарын айыбы болсын, болмасын, түртпектеу күшейеді. Оқу орнындағы шолақ белсен-ділердің назарынан бұл да тыс қалмайды. «Кісі ақысын жеп, жарлы-жақыбайларға тізесін батырған әйгілі алпауыт байдың тұқымы кеңестік оқу орнында алаңсыз білімін жалғастырып жатыр»  деген сыпсың құпия мекеме тыңшыларына жетеді. Ақыры, ол екінші курстан кейін оқуын тастап, елге кетіп қалады. Екі жылдай ауылда ұстаздық етіп, 1937 жылғы саяси дүрбелең саябырсыған соң институтқа қайтып оралады. Содан 1939 жылы оқуын үздік бітіріп, институт әкімшілігінің ұйғарымымен осында оқытушылық қызметке қалады. Орыс тілі кафедрасында аспирант болып, ғылыми-педагогикалық жұмыспен шұғылданады. Артынан Ұлы Отан соғысы басталып, институттың уақытша жабылуына байланысты майданға жарамсыз болғандықтан, Жымпиты өңіріне жолдама алып, әуелі ұстаз, кейін мектеп директоры болады. Ал 1944 жылы Оралдағы мұғалімдер институтына қызметке шақырылып, директордың орынбасарлығына тағайындалады. Бұл жерде екі жылдай еңбек етіп, артынан Алматыға бет түзейді. Мұнда Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, филология ғылымдарының кандидаты атағын алған жас ғалым 1950 жылы Орал педагогика институты ректорының орынбасары болып елге оралады. Осы қызметті бес жыл абыроймен атқарып, 1955 жылы Н. Байғанин атындағы Ақтөбе педагогикалық институтына басшылыққа жіберіледі. 1958 жылы аталмыш оқу орнының таратылуына байланысты қайта елге оралып, Орал педагогикалық институтында 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін проректор болды. 1995 жылы 28 сәуірде дүниеден озды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале