28.09.2023, 9:45
Оқылды: 44

Серпін сыйлаған сабақтастық

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасының мәжіліс залында қалалық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттары алдыңғы шақырылымдағы халық қалаулыларымен кездесті. Іс-шара 1 қазанда басталатын Қайырымдылық айлығы және Қариялар күніне орайластырылды.

калалык маслихат

Басқосуда қала әкімі Миржан Сатқанов ардагер-депутаттарға өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы еңбектері үшін алғыс айтты. «Орал қаласының көркейіп, дамуына, экономикалық әлеуетінің артуына қосқан үлестеріңіз зор. Бүгін жаңадан сайланып, іске кіріскен депутаттармен жүздесіп, тәжірибе алмасып  отырмыз. Ел ағаларының бұрынғы игі істері әрі қарай жалғасады деген үміттеміз. Халық аманатын орындау міндетін абыроймен атқарыңыздар», – деді қала басшысы.

Кездесуге келгендер арасында екі-үш мәрте сайланып, сайлаушылардың аманаттарын арқалаған тәжірибелі депутаттар болды. Басқосуда Мақсот Берген, Қайдар Қапанов, Семён Кустанович,  Зинатолла Халилов, Валерий Власов және басқалары сөз алып, естеліктерімен, бай тәжірибелерімен бөлісті. Экс-депутаттарға алғысхаттар табыс етіліп, сый-сияпат жасалды. Жиын Жастар мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы ән-күймен өріліп отырды.

– Депутат болып жүргенімде қала көшелерінің атауларына көңілім толмайтын.

Көпшілік атауларды ауыстыру не «переименовать» деп айтады. Оны олай айтпай, көше атауларын заңдастыру деуіміз керек. Мысалға, Светлый, Темный, Тупиковый деген атаулар көңілден шықпайды. Осындай атаулардан құтылған жөн. Шаһардың түкпір-түкпіріндегі заңсыз гараждар мәселесін көтергенмін. Заңдастырудың жолын табайық дегенмін. Жоғарыдан нұсқау не заң шығарады деп күтудің еш қажеті жоқ, осы мәслихаттың ықпалымен күрмеуі шешілетін түйіндердің бірі еді. Оралдың 70 гектардай жерінде кеңестік заманнан қалған ескі гараждар әлі тұр. Осы мәселені аяғына дейін жеткізуіміз керек-тұғын. №7 округке  (Ескі әуежай, Жұлдыз шағынаудандары) қарайтын кей көшенің жолын жөндеу, трансформаторды жаңарту мәселелері шешілмей қалды. Қазіргі шақырылымдағы халық қалаулылары сондай түйткілдерге сергек қарап, шешеді деп үміттенемін, – деді VІІ шақырылымның депутаты болған кәсіпкер Жұмабек Жаппарқұлов.

Қазіргі VIII шақырылымдағы халық қалаулылары бір мандатты жүйемен тікелей сайланған. Мәслихат депутаттарының 70 пайызы жаңарды. Қалалық мәслихаттың төрағасы Есентай Қалиевтің айтуынша, депутаттардың белсенділігі жоғары, өздерінің халық алдындағы жауапкершілігін жете сезінеді. «Елімізде 2020-2022 жылдары саяси реформалар жүзеге асырыла бастады. Ата заңымызға, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Мәслихат депутаттары заңдарға енгізілген өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында және соған байланысты жергілікті жерде тиісті шешімдер, құжаттар қабылдау бағытында еңбектенуде. Сайланғалы бергі 5 ай ішінде өздеріне жүктелген депутаттық міндеттерін ойдағыдай орындап келеді. Депутаттар корпусында бес партияның өкілі бар. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғам белсенділерімен жұмысты жандандырудамыз, – деді Есентай  Қалиев.

«Алдыңғы толқын – ағалар,  кейінгі толқын – інілер» дегендей, халық қалаулыларының кездесуі емен-жарқын, қамқорлық, ізгі ниет, достық рәуіште өтті. Басқосуға қатысушылардың ой-пікірі алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген тұжырымын тағы бір растағандай болды.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале