4.09.2020, 10:27
Оқылды: 11

Шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың қосымша шаралары

Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтар мен кәсіпкерлерді қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Атап айтқанда, қаржы ұйымдарынан бұрын алынған қарыздар бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін алуға қол жеткізілді. 

BIZNES

Ағымдағы жылғы шілдеде қаржылық жағдайды қалпына келтіру, сондай-ақ банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша мерзімі өткен берешектің пайда болу жағдайларын болдырмау үшін шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың қосымша шаралары қабылданды.

Fingramota.kz осы бастамаға қатысты негізгі сұрақтарға жауап берді.

Қанша азаматтың және қанша кәсіпорынның төлемдерді тоқтата тұруға өтініші мақұлданды және қаншасы кейінге қалдыру мүмкіндігін алды және қандай сомаға? 

 Төтенше жағдай режиміне байланысты 26 наурыздан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк кредиттері бойынша халықтың және ШОБ-тың төлемдерін уақытша тоқтатты.

Жеке тұлғаларға және бизнеске қарыздар бойынша төлемдерді 90 күнге кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді, ол 2020 жылғы 16 наурыздан 15 маусымға дейін қолданылды. Бір айта кететіні, бұл мүмкіндік өтініштің берілген күніне тәуелсіз жүзеге асырылды. Осы уақыт ішінде 1 890 443 адам немесе барлық қарыз алушы – жеке тұлғалардың 33,8%-ы 268,2 млрд. теңге сомасына, 12 455 ШОБ субъектісі немесе қарыз алушылардың жалпы санының 41,5%-ы 164,8 млрд. теңге сомасына кейінге қалдыру мүмкіндігін алды.

15 маусымда Агенттік ШОБ қолдау шараларын ұсыну тәртібін бекітті – бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдікті жағдайлар бойынша не банктердің кредиттерді қайта құрылымдау жөніндегі ішкі тәртібі бойынша кредитті қайта қаржыландыруға немесе бизнес өзінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін қажетті уақытқа кредиттер бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруды алуға болады. 3 тамызда карантин ұзартылды, сондықтан біз қосымша шаралар қабылдадық: қызметі шектелген, тыйым салынған не тоқтатыла тұрған шағын және орта бизнес үшін төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі ықшамдалды. 10 тамызда банктер ШОБ субъектілерінің 6 236 өтінішін мақұлдады: бір жарым мың өтініш қайта қаржыландыруға және қалған өтініш төлем мерзімін кейінге қалдыруға.

Қарыз алушы банктен ағымдағы жағдайда төлем мерзімін кейінге қалдыруды сұраған кезде оның кредиттік тарихы бұзылмай ма?

Банктер төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсынады, бірақ бұл шара қарыз алушының кредиттік тарихына жағымсыз әсер етпейді, өйткені мерзімі кейінге қалдырылған төлемдерді қарызды өтеудің қалған мерзіміне аустыруды көздейтін жай ғана жаңа өтеу кестесін қалыптастыруды талап етеді.

ШОБ субъектісіне төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін қалай алуға болады

ШОБ субъектісін қолдау мақсатында банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі ықшамдалды. Ол шектейтін карантин шараларын енгізу нәтижесінде қызметі шектелген, тыйым салынған не тоқтатыла тұрған субъектілер үшін әзірленген.

Мерзімін кейінге қалдыру үшін қаржы ұйымына ресми жүгіну қажет. Қарыз алушының өтініші еркін нысанда жасалады және кредиттік ұйымға электрондық пошта, «банк-клиент» онлайн жүйесі, интернет-ресурс, мобильдік қосымша немесе басқа да байланыс құралдары арқылы беріледі. Кредиттік ұйымда ішкі тәртіппен бекітілген өтініштің үлгі нысаны болуы мүмкін.

Жеңілдетілген тәртіп шеңберінде  қарыз алушы тиісті өтінішті берген күніне қарамастан, егер қарыз алушының өтінішінде өзге мерзім көрсетілмесе не кредиттік ұйымның шешімінде одан да ұзақ мерзім көрсетілмесе, кредиттік ұйымдар банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша төлемдерді  2020 жылғы 3 тамыздан бастап 1 қазанға дейін мерзімін кейінге қалдыруды ұсынады.

ШОБ субъектісі мерзімін кейінге қалдыруға рұқсат алуы үшін қандай құжаттар пакетін ұсынуы қажет?

Егер субъект қызметін мына 18 саланың бірінде жүзеге асырған жағдайда:

  • жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын базарлардың) жұмысы;
  • қалааралық автобустардың (микроавтобустардың), қала маңындағы жолаушы поездарының (жұмыс поездарын қоспағанда, электричкалар) қозғалысы, ортақ вагондарды қалыптастыру;

3) автобус станциялары (автовокзалдар);

4) ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысы;

5) мейрамханалардың, барлардың, түнгі және ойын клубтарының жұмысы;

6) тұруды ұйымдастыру бойынша қызметтер;

7) денсаулық сақтау саласындағы қызмет;

8) туристік агенттіктер мен операторлардың қызметі;

9) үйлерге қызмет көрсету және аумақты абаттандыру бойынша қызмет;

10) сыйақыға немесе келісім негізде жылжымайтын мүлікпен операциялар;

11) мәдени объектілердің, мұражайлардың жұмысы, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізу;

12) мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы (жеке, мемлекеттік тапсырыссыз);

13)  жеке орта білім беру ұйымдарының жұмысы;

14)  бұқаралық іс-шаралар (ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу және басқа да бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде үйде);

15) спорт залдарының, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, жағажайлардың, аквапарктердің жұмысы;

16)  діни объектілерді пайдалану;

17) косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондардың жұмысы;

18) коммерциялық қызметті қолдауға бағытталған кеңсе әкімшілік және қосалқы қызметтер саласындағы қызмет;

онда осындай кәсіпорынға кейінге қалдыру мүмкіндігі қарыз алушының өтініші негізінде «автоматты режимде» және қарыз алушы қаржылық жағдайдың нашарлауын растайтын құжаттарды ұсынбай-ақ беріледі;

Экономиканың басқа салалары бойынша Агенттіктің 2020 жылғы 15 маусымдағы № 251 бұйрығының шеңберінде ШОБ субъектілері ағымдағы жылғы 15 қыркүйекке дейін кредиттік ұйымға қаржылық жағдайының нашарлауын растайтын құжаттарды қоса өтініш бере алады. Осы ШОБ санаты үшін өтініштерді қарау 10 жұмыс күнге дейін қысқарды.

Егер ШОБ субъектісі ретінде маған қарыз мерзімін кейінге қалдырудан бас тартылса, не істеу керек?

 Бас тартқан жағдайда, Сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (немесе оның Өңірлік өкілдер басқармасына) Сізге ыңғайлы кез келген тәсілмен: сайт арқылы, [email protected] ресми электрондық поштасы арқылы немесе жазбаша ресми өтінішпен жүгінуге құқылысыз. Агенттіктің және Өңірлік өкілдер басқармаларының байланыс телефондарын finreg.kz сайтынан табуға болады.

Егер ШОБ субъектісі болып табылсам, алайда менің кәсіпорыным жеке тұлғаның атына ресімделген болса, мен қарыз мерзімін кейінге қалдыру жөнінде өтініш бере алам ба?

 Кез келген бизнес объектісі қарыз мерзімін кейінге қалдыру жөнінде өтініш жасауға құқылы. Шешімді қаржы ұйымы қаржылық жағдайды жеке талдау негізінде қабылдайды.

ШОБ үшін қарыз өтеуді кейінге қалдыру мәселесі қанша уақытта шешіледі?

Кредиттік ұйымдардың зардап шеккен 18 саланың қарыз алушыларының өтініштерін қарау мерзімі 2 жұмыс күнін құрайды. Басқа кәсіпорындар үшін қарау мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Берілген қарызды кейінге қалдыруға байланысты жаңа өтеу кестесімен қалай танысуға болады?

Жаңа кестені қаржы ұйымы әзірлейді және ұсынады. Егер шарттар клиентті қанағаттандырмаса, оның жаңа кестемен келіспеуіне болатынына  және қарызды өтеуді кейінге қалдырудан бас тарта алатындығына сіздің назарыңызды аударамыз.

Барлық қажетті материалдармен қаржы реттеушісінің сайтындағы «Қаржы нарығының жаңалықтары» бөлімінде танысуға болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале