12.12.2022, 9:31
Оқылды: 201

Шетінеген сәбилердің обалы кімге?..

Іңгәлап жарық дүниеге көрінген сәби үш-төрт айдан кейін немесе бір жасқа жетпей шетінейтін болса, бұдан артық қасірет бар ма? Кейінгі жылдары өңірімізде өмір есігін ашқан нәресте саны артқанымен, олардың кейбірінің шетінеуі жиілей түскені кім-кімді  де алаңдатары анық.

14-1-1

Фото дереккөзі: egemen.kz 

26 жыл бойы бір перзентке зар болған оралдық Бақтыбай Әжіғалиевтің отбасында биылғы 25 тамызда ұл бала дүниеге келген.

Оның есімін әкесі Рамазан қойыпты. Мерзімінен бұрын шала туған шақалақтың салмағы сол кезде 660 грамм, ал бойы 30 сантиметр болған. Содан оны облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөліміндегі кувезге жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосады.

– Ұлымыз біртіндеп салмақ жинай бастады. 15 қыркүйекте зайыбым сәбиді тамақтандыруға барған. Рамазанның оң қолына катетер тағылған екен. Әйелім сол кезде сәбидің оң қолының салқын екенін және сәл қарайғанын байқайды. Мұны мейірбикеге айтады. Ол «Бақылауда ұстаймын» дейді. Үш сағаттан кейін қайтып барса, катетерді алып тастаған екен. Ал баланың қолын жөргектің астына жасырып қойыпты. Содан жұбайым дәрігерлерді шақырып, тексеруін талап еткен, – дейді баланың әкесі Бақтыбай Әжіғұлов Сәбидің жағдайы күн санап нашарлаған соң жергілікті және астаналық дәрігерлер кеңесіп (консилиум өткізіп), Рамазанды Астанадағы Ұлттық ана мен бала орталығына жолдайды. Аталмыш орталықта сәбидің қолын кесуден басқа амал қалмағанын жеткізеді. Осылайша, жуырда елордалық дәрігерлер бөбектің қолын шынтақтан төмен кескен (ампутация жасаған).

Мұндай жағдайдың орын алуына сәбидің ата-анасы облыстық перинаталдық орталықтағы дәрігерлерді кінәлап отыр. «Перзентхананың мамандары дұрыс қойылмаған катетерді дер кезінде алып тастағанда, бала мүгедек болмайтын еді» деп ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсіріп, тексеріс жүргізуді талап еткен. Министрлікке қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаменті бұл оқиғаға қатысты тәуелсіз сараптамалық комиссия құрып, тексеріс жүргізген. Соған сәйкес арыз ішінара қанағаттандырылыпты. Сараптама комиссиясы сәбидің туабітті кеселге шалдыққанын, яғни оның туғаннан көктамыры мен күретамырында қанның ұйып қалу қаупі жоғары болғанын анықтады.

Бірақ перзентхананың дәрігерлері ол диагнозды уақытында анықтамаған екен. Осыған орай бұл қайғылы оқиғаның мән-жайын білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдаған  едік.

– А. есімді азаматша облыстық перинаталдық орталыққа түсіп, жүктіліктің 24-аптасында босанды. Өздеріңіз білесіздер, толық жетілген бала жүктіліктің 37-40 аптасында өмірге келуі керек. Жарық  дүниеге көрінген шарананың салмағы да тым аз, 660 грамм болды. Келіншек жүктілік кезеңін ауыр өткерген. Қаназдық дертіне шалдыққан. Жүктіліктің 13-14, 17, 21-апталарында түсік тастау қаупі төнген. Жатырында үлкен мөлшерде миома да бар екен. Сол миомаға байланысты дәрігерлер шарананың 13-14 аптасында жасанды түсік жасатуға кеңес берген. Алайда перзентті болуды аңсаған келіншек түсік жасатудан бас тартқан. Босанғаннан кейін сәби бірден балалар жансақтау бөліміне орналастырылған. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, ағзалары жетілмегендіктен, кувезде тиісті емдом қабылдаған. Баланың әкесінің шағымы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаменті тексеріс жүргізді. Жаңа туған нәресте физиологиялық тұрғыда толық жетілмегендіктен, қан тамырларында тромбоз пайда болған, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Айнагүл Сақпосынова.

*   *   *

Сондай-ақ жуырда Орал қаласындағы облыстық ауруханада  тамағына ота жасалған үш жасар сәби операция жасалғасын, екі күн өткеннен кейін қайтыс болды. Жаңақала ауданының тұрғыны Айдана Мұхамбетиярова сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Қайғыдан қан жұтқан келіншектің айтуынша, отадан кейін бөбек мүлдем қараусыз қалып, көз жұмған. Нақтырақ айтсақ, Айназдың тамағындағы қабынған без сылып алып тасталғасын, Айназ палатаға ауыстырылады. Сол кезде бәрі жақсы болатын. Алайда ертесіне бөбектің қолы мұздап, тыныс алуы қиындайды. Шақыртқан дәрігерлері уақытында келмепті. «Тыныс алуы қиындап, әбден әлсірегенде ғана мамандар көмек көрсетуге асықты. Бірақ бәрі кеш еді...» дейді анасы.

– Науқас сәби шұғыл түрде ЛОР патологиясымен ауруханаға түсті.

Тексеріс қорытындысы бойынша ілеспе диагноздар болған (С-М Дауна, туабітті жүрек ақауы). Ауруды асқындырып алмас үшін науқастың туыстарының келісімімен шұғыл ота жасауға шешім қабылданды. 18 қараша күні балаға интубациялық анестезиямен аденотонзилэктомия операциясы жасалды. Ота сәтті өтті. Отадан кейін бала ояну бөлмесіне, одан соң ЛОР палатасына ауыстырылды. Палатаға шыққаннан кейін баланы емдеуші дәрігер мен анестезиолог қайта қарады. Баланың жалпы жағдайы тұрақты еді. Палатада қыз анасымен бірге жатты. Отадан кейін ертесіне науқас әлсізденіп, тамақтанудан бас тартты. Осыны ескере отырып, қайтадан реанимация бөліміне ауыстырылып, онда қарқынды терапия, реанимациялық ісшаралар жүргізілді. Өкінішке қарай, бөбекті құтқару мүмкін болмады. Аутопсия жасалды, соның нәтижесінде жүрек ауруы мен пневмония негізгі аурудың асқынуына себепші болғаны расталды. Кез келген ота – белгілі бір дәрежеде тәуекелді талап ететін іс-әрекет. Ата-аналарға қайғырып көңіл айтамыз, – деді облыстық көпбейінді аурухананың отоларинголог дәрігері Орынбек Жұбанов.

Бүгінде бұл оқиға бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр. Яғни дәрігерлердің кәсіби міндетін қаншалықты талапқа сай атқарғаны анықталады. Содан кейін сәбидің атаанасы заң  құрылымдарына жүгінбек.

*   *   *

Нәрестенің жарық дүниеге он екі мүшесі сау, туабітті дертсіз келуінің басты факторы анаға байланысты. Дәрігерлердің айтуынша, бала өлімінің басты себебі ерлі-зайыптылардың жүктілікті алдын ала жоспарламауында. Балалы болуды жоспарлаған әр әйел 3-6 ай бұрын фолий қышқылын ішу керек. Сол кезде балада ұрықтың даму ақаулары болмайды екен. Сондай-ақ қан құрамындағы гемоглобинді тексеру маңызды. Өйткені жүктілік кезінде әйелдің бойындағы барлық қажетті дәруменді бала өз бойына сіңіретіндіктен, жас ананың ағзасы әлсіреуі мүмкін. Өздігінен босанған келіншектер үш жыл, кесір тілігімен босанғандар бес жыл күтінуі қажет. Осы уақыт аралығында ағзадағы физиологиялық құбылыс қайтадан қалпына келетін көрінеді. Ана мен бала өліміне алып келетін тағы бір жайт – келіншектің артериялық гипертензиямен (жоғары қан қысымымен) босануы.

Мұндай жағдайда дәрігерлер әйелді амалсыздан 23-24 аптада босандыруға мәжбүр. Өйткені келіншектің миына қан құйылу қаупі өте жоғары болады. Сондай-ақ нәрестелердің ірі салмақпен туылуы да қауіпті. Медицинада сәбидің салмағы төрт келіден  артық туылса, ірі болып есептелінеді. Босану кезінде әйелдің жатыры жиырылмай, қан кету қаупі екі есе жоғарылайды. Бұл жағдайдың алдын алу үшін жүкті келіншек дұрыс тамақтанып, инфекциялық дерттерді жұқтырмағаны абзал.

P.S. «Таяқтың екі ұшы бар». Жазықты қайсы, шарасыз кім? Кінә тағу да, қара күйе жағу да оңай. Бәлкім, білім мен білік ұштаспайтын тұстар көп шығар. Тіпті медициналық оқу орындарында білікті кадр даярлау ісі көптің көңілінен шыға бермеуі мүмкін. Қалай десек те, адам жанына араша түсуші дәрігердің антына адал, ісіне жауапты болғаны абзал. Кәсіби қателік жіберген дәрігерлерді жазалау да қажет шығар. Алайда, ең бастысы, сол қателіктің тағы да орын алмауын тыңғылықты  ойластырған жөн. Өйткені болашақ ұрпақ үшін оның зардабы орасан болатынын әсте ұмытпайық.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале