31.05.2022, 10:00
Оқылды: 116

Шошқаға жем болған... «Буштың борбайы»

«AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік  корпорациясы» АҚ-ның қызмет бағыттарының бірі  –  тұрақтандыру қорына тауар сатып алу. Қорға сатып алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  түрлері әлеуметтік дүкендер мен дүңгіршектер арқылы тұтынушыларға ұсынылады. Осылайша мемлекет тұрмысы қиын, қалтасы жұқа азаматтарды қолтығынан демеп, қамқорлайды. Мемлекеттің саясаты дұрыс болғанымен, кейбір лауазым иелерінің салғырттығынан арзан бағамен халыққа ұсынылатын тауық еті шошқаға жем болды.  «Обал-ай, обалы кімге?»  –  деген сауалымызды корпорация басшылығына қойғанбыз.

C16E5EB7-5C11-4386-9DE9-93725320615C

– 2020 жылы қыркүйек айында мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы 30 тонна тауық еті сатып алынды. Содан кейін былтырғы шілденің 3-інде корпорацияның жұмыс тобының төрағасы атынан ауыл шаруашылығы басқармасына тауық етін саттыққа шығару жөнінде қатынас хат жолданды. Бірақ оған жауап болмады. Ол кезде қазіргі басқарма басшылығында басқа адамдар болды. Өнімнің сақтау мерзімі аяқталуы жақын болғандықтан, 30 тонна тауық етінің 4 тоннасы жеке кәсіпкерліктерге, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген. Қалған 26 тоннасы сатылмай қалды, оның үстіне  2021 жылғы қыркүйекте тауық етінің сапа сертификатының мерзімі (сақтау мерзімі бір жыл) аяқталды. Сол жылдың қазан айында корпорация басшылығы ауысты. Қызметке келісімен басшылықпен кеңесіп, бұл мәселені шешуге тырыстық.  Өйткені корпорация «Сауда Интер» ЖШС-ға  тауық етін тоңазытқышта сақтап отырғаны үшін ай сайын 500 мың теңгеден төлейді. Сатып үлгермеген  26 тонна еттен сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға сапасын тексеруге жібердік. Зертхана ет бұзылмаған, бірақ халыққа сатуға болмайды, малға өңдеп пайдалануға болады деген шешім берді. Сондықтан 26 тонна тауар жеке кәсіпкерліктерге шошқаға беретін жемге қосатын сүйек ұнына айналдыру үшін сатылды, – деді корпорацияның тұрақтандыру қоры департаментінің басшысы Жандос Нығметов.

Корпорация 30 тонна тауық етінің келісін 750 теңгеден, 22 млн 500 теңгеге сатып алды. Еттің 26 мың тоннасын өңдеушілерге 6 млн 500 мың теңгеге сатты. Осының есебінен 1,5 жыл етті сақтауға жұмсалған шығынды жапты. Алайда «Буштың борбайы» корпорацияны 16 млн теңге шығынға батырды. Негізі, бұл қаржы корпорацияның есебінен шыққанымен, мемлекеттің қазынасы екені белгілі.

«Мерзімі өткен тауарды өзіміз анықтап, прокуратураға, құзырлы орындарға хабарладық.   Қылмыстық іс қозғалған жоқ»,  –  деді Жандос Нығметов.

Биыл облыстық бюджеттен қорға азық-түлік алуға 1 млрд 212 млн 111 мың теңге қаржы бөлінді. Облыс әкімдігі мен тұрақтандыру қоры жөніндегі комиссияның шешімімен бірқатар жергілікті тауар өндірушіге 1 млрд 018 млн 533 мың теңге нөлдік пайызбен несие берілген. Оның 214 млн 185 мың теңгесі кері қайтарылған. Қазіргі кезде өндірушілердің «айналым сызбасында» халыққа ұсынатын әлеуметтік азық-түліктің 2,3 мың тоннасы  сақтаулы. Оның ішінде тауардың 6 түрі: күнбағыс майы - 178, қырыққабат – 453, картоп – 847, пияз – 237, сәбіз – 463, сүт 681 тонна бар.

...Әнебір жылы корпорация халыққа сатылуы тиіс сиыр етінің орнына тірілей сиырдың өзін сатып алып «шыжыққа» батқан. Енді, міне, сол қызықтың ізі суымай жатып әрі ішпей-жемей, 26 тонна «Буштың борбайы» талпақ танаудың қарнын тойдырды. Қара халықтың емес... Мұның барлығын бұрынғы басшылық кезінде болыпты деп ақтағанмен, корпорацияның жұмысын қадағалайтын әкімдіктегілер, тиісті басқармадағылар ай қарап отыр ма? Тағы не «қызық» болар екен деп корпорация жаққа елеңдейтін болдық.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале