25.06.2021, 10:58
Оқылды: 311

«Сиыр-бұзау» технологиясының тиімділігі неде?

Биылдан бастап әр үйдің  қоражайда бордақыланған малы ет өңдеу кәсіпорнына тапсырылса, оның тірі салмағының бір келісіне 200 теңгеден демеуқаржы төленеді. Ол үшін мал иесі ауыл шаруашылығы құрылымының немесе өндірістік кооперативтің мүшесі болуы керек.  

kazahskaya-belogolovaya-poroda-korov-opisanie-i-pravila-soderzhaniya-4

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір елде өндірілген жалпы агроөнімнің 45%-ы мал шаруашылығына тиесілі.  «2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы» шеңберінде бұл салада инвестициялық жобаларды субсидиялауға шамамен 35,9 млрд теңге бөлінген. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда  етті мал шаруашылығы ұзақ мерзімді басымдыққа ие. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Алмат Есполовтың айтуынша, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы, жайылымдық алқаптары мал шаруашылығының етті бағытына бейімделген. Әсіресе, оңтүстік аудандар қысы-жазы  жайылымға ыңғайлы болғандықтан, ірі қара, қой, жылқы өсіруге тиімді.

– Етті мал өсіру технологиясы дегеніміз – етті малдың жоғары өнім беруі  мен еттің өзіндік құнын қалыптастыру. Етті мал шар-уашылығында  қолданылатын «сиыр-бұзау» технологиялық жүйесіне сәйкес, сиырлар сауылмайды, бұзаулар енесімен алты-сегіз айға дейін бірге жүреді. Ет малдың кеудесі  кең, жауырын бөлігі мен белі бұлшықетті, тұрқы ұзын келеді.  Бордақыланатын жануардың туған кездегі  тірі салмағы 30-40 келі болады. Үш жасқа дейінгі салмағы 250-ден 350 келіге дейін жетеді. Бордақыланған бұқашықтар белгілі  кондицияға жеткеннен кейін етке өткізіледі. Ұрғашы бұзаулар табынды молайту үшін жыныстық тұрғыдан жетілгенше өсіріледі. Бұл бағыттағы мемлекеттің басты ұстанымы – шаруалардың  малды «сиыр-бұзау» технологиясы бойынша өсіріп, күзде мал бордақылау кешендеріне өткізуі. Ол үшін  мал тапсыратын шаруашылыққа мемлекет тарапынан тірі салмағының әрбір келісіне 200 теңгеден субсидия беріледі. Яғни шаруалар  бұзауды енесінің бауырында өсіріп, 200 келіден кем емес салмақ жинатып, бордақылау алаңдарына тапсыруы керек. Егер  тапсырылған төлдің салмағы 200 келі болса, 40 мың теңге, 300 келіге 60 мың теңге төленеді. Алайда бұл қолдау жекелердің қолындағы малға берілмейді. Жеке адамдар малын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы тапсырады. Сондай-ақ  малына асыл тұқымды аталық бұқашықтарды қосып, солардан алынған төлді тапсырған жағдайда мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Бастысы,  бұқаның ата-тегі белгілі болуы керек. Қазір  аудандарда 200-ден астам өндірістік кооператив бар. Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандары  негізінен сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысады. Ал оңтүстік аудандар етті бағытта мал ұстайды. Олар 2012 жылдан бері асыл тұқымды аталық бұқашықтарды қоғамдық табынға қосу арқылы да шағылыстырып келеді, - дейді бөлім басшысы.

Биыл облыстағы ірі қара мал басы 650 мыңға жетіп отыр. Соңғы үш жылда 20 пайызға артқан. Мамандар бұл мемлекеттік қолдаудың нәтижесі деп есептейді. Негізінен, қолдағы түліктің 90%-ға жуығы етті бағыттағы  ірі қара мал. Оның өзі соңғы үш жылда 30%-ға артқан.  Қой  төрт пайызға өскен. Мамандардың  айтуынша, мал басының өсімі сұранысқа тәуелді. Нарықта сұраныс болған соң, қой өсіру  қолға алынған. Қазір  республика бойынша қой басы кеміп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан берілетін көмекқаржы мөлшері артқан. 2020 жылдың шілде айының соңына дейін бір қойды асылдандыруға 2500 теңге төленсе, былтыр тамыздан бастап бұл 4 мың теңгеге өскен. Ал тауарлы аналық қойға төлейтін субсидия 1500 теңгеден 2500 теңгеге көтерілген.

Республика бойынша біздің облыс етті бағыттағы ірі қара мал өсіруден Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі орында тұр. Соңғы жылдары ет экспортының көлемі артуда. Облыс соңғы жылдары ірі қара мал мен қой етін Ресей, Армения, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран және Қытай елдеріне экспорттап келеді. Соңғы үш жылда шетелге 11,2 мың тонна ет және ет өнімдері экспортталды. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1892,2 тонна сиыр еті мен ет өнімдері, 195,9 тонна қой еті экспортталған. ІҚМ еті мен ет өнімдері Ресей Федерциясына – 424,6 тонна, Арменияға – 303,2 тонна, Қырғызстанға – 568,6 тонна, Түркменстанға – 563,5 тонна, Әзірбайжанға 32,4 тонна экспортталған болса, 195,9 тонна қой еті Ресей Федерациясына жөнелтілген. Биылғы 18 маусымдағы жағдайы бойынша 445,9 тонна сиыр еті және ет өнімдері, 74,5 тонна қой еті шетке шығарылды. Облысымыздың ет және ет өнімдерін негізгі экспорттаушылары ретінде «Кублей», «Ет индустриясы», «Зира ет» ЖШС-лары мен «Жәрдем», «Гитинов» ШҚ-ларды атап өтуге болады.

– 2010 жылы Бәйтерек ауданының Янайкин ауылында «Crown-Батыс» ЖШС мал бордақылау кешенін іске қосқан еді. Алайда кешен қаржылық қиындықтарға байланысты 2016 жылдың наурыз айынан бастап қызметін тоқтатты. БҚО әкімдігі және «ҚазАгроӨнім» АҚ кешенді сатып алуға әлеуетті инвесторларды іздестірген еді. Соның нәтижесінде 2019 жылғы наурызда түскен баға ұсынысына сәйкес «ҚазАгроӨнім» АҚ мен «АкОрдаCapital» ЖШС арасында бордақылау кешенін сатып алу туралы алдын ала шарт жасалды. Былтыр кәсіпорын «АқОрдаCapital» ЖШС-ға сатылды. Алайда пандемия салдарынан жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып,  малды бордақылауға желтоқсан айында қабылдай бастады. Қазіргі таңда 300-ге жуық  бұқашық бордақылауда тұр. Кешен 27 жаңа жұмыс орнын ашты. Нарықтағы бағаға сәйкес, малды 800-850 теңгеден қабылдайды, - деді Алмат Есполұлы.

Ал 2019 жылы желтоқсан айында Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округіндегі Қайшықұдық елді мекенінде орналасқан «Ет индустриясы» ЖШС-ы бір мезетте 5 мың басқа арналған бордақылау кешенін іске қосты. Бүгінде онда 600-ден астам бас тұр. Сондай-ақ бордақылау кешені 555 бас асыл тұқымды бұқашықты тауарлы табынға жалға беріп келеді. Қазіргі таңда облыстағы аудандарда бұдан бөлек 28 мың басқа арналған барлық инфрақұрылыммен жабдықталған 14 мал бордақылау алаңы тіркелген. Былтыр жыл соңында  шаруа қожалықтары 7710 бас бұқашықты бордақылау алаңдарына өткізсе, жыл басынан бері 1200-ге жуығы тапсырылды. Сонымен қатар Теректі және Ақжайық аудандарында 4000 ірі қара мен 500 жылқыны бордақылауға арналған алаңдардың құрылысы жүруде.

– Биыл шөп бітік шығып келеді. Соңғы жылдары негізгі қиындық тудырып отырғаны – су тапшылығы. Оңтүстік аудандарда етті мал шаруашылығын дамыту үшін екпе шөп өсіруді қолға алуда. «Электр бақташының» көмегіне жүгінетін шаруалардың саны артып келеді. Олар 41 мың гектар жерді қоршауды жоспарлап отыр. Бұл әдіс мал шаруашылығындағы жайылым айналымын қалпына келтіруге, су шығаруда көмек болады деген ойдамыз, - дейді бөлім басшысы.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале