31.01.2023, 9:46
Оқылды: 258

Сөгістен сабақ ала ма?

Жуырда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында Бәйтерек ауданындағы Махамбет ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселесі талқыланды.  

0140e46c-2056-4f67-ad89-1adf95e8d816

Алдымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Дәулетова сөз алды. Ол  Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиевке қатысты тәртіптік іс жөнінде баяндады. Бас маманның айтуынша, департамент қызметкерлері Бәйтерек ауданы әкімінің хаты негізінде Бейбіт Серікұлына қатысты қызметтік тергеу-тексеру жүргізген.

b7249198-539c-483a-9b0c-af2fae7b741e

– Округ әкімі  @uralsk_week парақшасында жарияланған бейнежазба бойынша түсініктеме берді. Бейнежазбада Аманғалиев «Уральская неделя» газетінің тіл-шісіне «Халықты несіне тыңдайсыздар, халық қазір мал болып кетті ғой» дейді. Әкім түсініктемесінде тап осылай айтқанын мойындады. Сондай-ақ ол 2022 жылғы желтоқсанның 7-8-і күндері Павлов пен Горбунов ауылдарында газ құбырларының бойында мұз қатып, көгілдір отын өшіп қалғаны туралы жазған.

Апатты қалпына келтіру барысында әкім газет тілшісіне сұхбат бергенін, ауыл тұрғындарына қатысты балағат сөзді байқаусызда айтқанын баяндады. Аманғалиев ауыл тұрғындарының қадір-қасиетін кемсітетін сөздер айту арқылы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің 6-тармағының 4-тармақшасында көзделген талаптарды сақтамай отыр. Бәйтерек ауданы әкімінің аппараты ұсынған қызметтік мінездемеге сәйкес, Аманғалиев бүгінге дейін тәртіптік жаза алмаған. Білгір басшы және жақсы ұйымдастырушы ретінде сипатталған. Тергеу-тексеру кезінде департаментке Махамбет ауылы тұрғындарының атынан округ әкімін қолдаған хаттар түсті. Сондай-ақ әкімді жауапкершілікке  тартуды сұраған бір хат келді, – деді баяндамашы. Өз кезегінде Бейбіт Аманғалиев округте газ құбырын қалпына келтіру үшін бір тәулік бойы демалыссыз жұмыс істегендерін баяндады. «Жауапты сәтте  шаршап, қиналып жүрген едім. Бірақ  халыққа жаман сөз айтатын ойым болмады. Жаман сөз аузымнан байқаусызда шығып кетті», – деді әкім. «Сіз өзіңіздің әрекетіңізбен мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтірдіңіз. Биліктің халыққа қызмет көрсететін өкілісіз. Сондықтан сіздің бұл әрекетіңіз – бізге үлкен сын. Тек сіз ғана емес, облыстағы барлық аудан-ауыл әкімдері халыққа қызмет ететіндерін ұмытпаулары қажет. Қандай жағдай болса да әдеп нормаларын сақтаулары тиіс», – деді облыс әкімі аппаратының басшысы  Абат  Шыныбеков.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидасына тоқталды. Оның айтуынша, әрбір тәртіптік теріс қылық елеусіз, елеулі және өрескел  деп жіктеледі. Мемқызметші тәртіптік жаза алмаған болса немесе бірінші рет тәртіп бұзушылық жасаса, елеусіз болып саналады. Ол үшін «ескерту», «сөгіс» немесе «қатаң» сөгіс беріледі. Әдеп кеңесінің мүшелері Б. Аманғалиевке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы  шешім  қабылдады.

Кеңес отырысында сондай-ақ Қаратөбе ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және әдеп талаптарының сақталуы бойынша атқарған жұмысы талқыланды. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиевтің баяндауынша, аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгер бос лауазымына өткізген конкурста қағида талаптары өрескел бұзылған. Сол себепті персоналды басқару қызметінің бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ баяндамашы аталмыш ауданның мемлекеттік қызметшілерінің өздері ерікті түрде қабылдаған шектеулерді сақтамайтынын айтты. Атап айтсақ, аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы мемлекеттік қызметші бола тұра, өзінің атына кәсіпкерлік нысанды тіркеген. Бұл қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кеңес мүшелері аталмыш аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменовтың есебін тыңдады. Сондай-ақ отырыста жергілікті атқарушы құрылымдардағы мемқызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына қатысты жүргізілген талдау нәтижесі айтылды. Мысалы, облыстық басқармаларда 2021 жылы – 87, былтыр 105 әкімшілік құқықбұзушылық жасалған. Мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларды бұзғандары үшін мемқызметшілерге 89 әкімшілік хаттама толтырылған.

– Облыстағы әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысты ширатқаны жөн. Алдағы уақытта жоғарыда аталған деректерді барынша болдырмау қажет. Мемлекеттік қызмет, әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру  жұмысының қарқынын артыру керек, – деді жиын соңында Мұрат Байсалов.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале