14.08.2021, 19:50
Оқылды: 384

Спорт нысандарының жұмысымен танысты

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бірқатар спорт нысандарын аралап, қарады. Ол алдымен Деркөл кентінде орналасқан олимпиада резервінің мамандандырылған облыстық мектеп-интернат-колледжінде болып, ғимараттың интернатын, спорт залын, асханасын аралап шықты. 

IMG-20210814-WA0011

– Мұнда тәрбиеленетін балалар 1-сыныптан бастап, 6-сыныпқа дейін өздерінің ауылдарындағы және қаладағы мектептерде оқыса, содан кейін осындағы мектеп-интернатта оқуын жалғастырады. Бүгінгі таңда бізде спорт мамандары өте тапшы. Алдағы уақытта мұнда оқып, тәрбиеленушілер 11-сынып бітіргенге дейін колледж ашып, осында үш жылдай оқытпақ ниетіміз бар. Бұл өте тиімді, спортшы балалар 11-сынып бітірген соң басқа жаққа кетіп қалмай, осында қалады. Колледж ашылса, спорттық кәсіби маман қалыптастырамыз. Бұған байланысты биыл құжаттар дайындалуда. Келесі жылы бұл мектеп-интернатында колледж ашу жоспарда бар. Нәтижесінде аталған нысан мектеп-интернат колледжі болып қайта құрылмақ, - деді Бақытжан Хаберұлы.

IMG-20210814-WA0012

– Спорт мамандарын даярлайтын колледж қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Қазіргі уақытта мектеп-интернат колледжін құру үшін лицензияға өтінім берілді. Бұл жерде тағы да мәселе туындаған жағдайда біздің департамент тарапынан көмек беруге әзірміз. Алдағы жылы колледж ашылады деген сенімдеміз, - дейді облыстық білім саласын сапалы қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева өз сөзінде.

IMG-20210814-WA0008

Олимпиада резервінің мамандандырылған облыстық мектеп-интернат-колледжі директорының спорт жөніндегі орынбасыры Артур Үмбетқалиев мекеменің 2002 жылы ашылғанын, 2019 жылы жаңа ғимарат салынып, соған қоныс аударғанын айтты.

IMG-20210814-WA0009

– Бұнда 235 оқушы 13 спорт түрімен шұғылданады. Оқушылардың 60 пайызы ауылдық жерлерден келген. Балаларды 7-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқытамыз. Келесі жыл осыннан колледж ашу туралы облыс әкімдігі қолдау  көрсетуде. Біз қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.

IMG-20210814-WA0010

Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебінде тәрбиеленуші 607 ұл-қыз спорттың 7 түрімен айналысады. Аталған мектеп бүгінгі таңда спорттық ойын түрлерімен айналысу үшін қаладағы 5 спорт ғимаратын жалға алады. Осы мақсатта оған облыс әкімдігінен қаражат бөлінеді.

IMG-20210814-WA0007

– Қазіргі таңда Зашаған кентінде зәулім спорт кешені салынуда. Ол пайдалануға берілсе, бізге қолайлы болады, спорттық ойын түрлері бойынша қаражат үнемдейміз. Облыс әкімдігінен бізге бұл тұрғыда үлкен қолдау бар. Біздің қазіргі ғимарат 1970 жылдан жұмыс істейді, қаладағы көне мектептердің бірі. Зашағандағы спорт кешенінің құрылысы аяқталса, жағдайымыздың жақсаратыны айдан анық, - дейді аталмыш мектептің директоры Есенгелді Айсағалиев.

IMG-20210814-WA0006

Зашаған кентіндегі облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының құрылысы биыл ақпанда басталған. Құрылысты «KazConstructionGroup» ЖШС құрылысшылары жүргізуде. Аталған серіктестік директорының орынбасары Ернияз Удреевтің сөзінше, кешеннің құрылысы биыл қазанда аяқталмақ. Күні бүгін құрылыстың 80 пайызы біте келген. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нигметуллин болашақ спорт кешенінде әкімшілік-қызметкерлерге арналған орынмен бірге үлкен спорт залдары, жертөлесінде бокс залы болатынын айтады.

IMG-20210814-WA0004

                                                                                   Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

                                                                                                                      Толығырақ облыстық «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале