19.03.2021, 22:17
Оқылды: 37

Спортшы сардар

Әскери қызметте жүріп, спортты жанына серік еткен жанның бірі – 5517-әскери бөлімнің жас сардары, лейтенант Нұрсұлтан Жүсіпов. Ол «Салауатты өмір сүрудің негізгі қағидасы – ауруға шалдықпай, алдын алу, тұрақты  түрде дене тәрбиесі жаттығуларымен шұғылдану» деп санайды.

7A1CA603-E62F-40A9-AC90-D41D7FE1498D

Нұрсұлтан  Жанатұлы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Жаналық ауылында дүниеге келген. Әкесі Жанат пен анасы Арайлым тұңғыш ұлы Нұрсұлтанның бойына мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін дарытып,  Отанын, елін, жерін, отбасын сүюге тәрбиелеген.

Кішкентайынан ата-анасының айтқанын тыңдап, бауырмал болып өскен ол мектепте зеректігімен, тәрбиелігімен ұстаздардың көңілінен шығады. Сабағын тиянақты орындап, үздік атанған Нұрсұлтан мектепте өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға да белсене қатысады. Әсіресе,  сегіз жасында атасы туған күніне сыйлаған шаңғы оның спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған еді. Бесінші сыныпқа өткенде Петропавл қаласындағы «Дарын» қазақ интернатында шаңғы спорты секциясына барып, қалалық  жарыстарға қатыса бастайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Нұрсұлтан интернатта оқып жүргенде жан-жақтылығымен ерекшеленді. Тоғызқұмалақтан мектеп чемпионы атанса, іс-шараларда домбырамен күй тартып, қысқы спорт ойындарында шаңғымен жарысты.

Жетінші  сыныпқа өткенде, нағашы ағасы Ринат Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұланның әскери институтына оқуға түседі. Ағасының әдемі әскери формасына қызыққан ол  офицер болуға бел буады. Осылайша 2016 жылы мектепті үздік бітірген Нұрсұлтан Петропавл қаласында орналасқан әскери институтқа оқуға түседі. Өзі қалаған әскери институтқа түскен курсанттың  қуанышында шек жоқ еді.

Бұл оқу орнында да қоғамдық іс-шараларға белсенді араласқан ол  «Жайдарманға» қатысты. Бала кезінен сүйіп айналысатын шаңғы спортын да әрі қарай жалғастырады. Жыл сайын өтетін институт біріншілігінде бірнеше рет жүлделі орынға ие болды. Былтыр Павлодар қаласында өткен Ұлттық ұланның қысқы ойындар біріншілігінде  жас сардар  жүлделі 2-орынға ие болып, спорт шеберіне үміткер атанады. 2020 жылы Нұрсұлтан әскери институтты бітіріп, алғашқы әскери «лейтенант» шеніне қол жеткізеді. Жолдама бойынша Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімге келіп, үш жедел мақсаттағы рота командирінің ТжӘҚЖ  жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.

Лауазымға тағайындалғаннан бастап рота ұжымымен танысып, сарбаздарға ұстаз-тәрбиеші атанды. Өзіне берілген кез келген тапсырманы тез және тапқырлықпен орындаған ол  аға буын офицерлердің көзіне жақсы жағынан түсе бастады.  Қызмет барысында да, көптеген тәрбиелік, мәдени-ағарту іс-шараларына қатысып,  әскери бөлімнің ұжымына белсенді сардар ретінде танылды. Биыл «Ақжайық» шаңғы маусымында жүзден жүйрік шығып, чемпион атанды. Нұрсұлтан парасаттылығымен, мамандығына деген сүйіспеншілігімен, Отанына адал қызмет ететіндігімен ерекшеленіп келеді.  5517-әскери бөлімінің үмітін ақтап, Ұлттық ұланның атын шығарған жас сардарымыздың алар асуы көп болсын дейміз.

Ертуған Әубәкір,

капитан,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале