29.08.2023, 12:30
Оқылды: 102

Студенттік шаққа саяхат

Қыркүйек айының бірінші жұлдызында еліміздегі барлық оқу орнының есігі айқара ашылып, сынып бөлмелері мен дәрісханалар бүлдіршіндер және жасөспірімдердің шат күлкісіне, шадыман үндеріне толып кетеді. Сондай бақытты сәттерді қазір жасы ұлғайған біз де бастан өткерген болатынбыз. Бұл күндері ата-әже атандық, немерелеріміз мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Мәңгіге үзілмейтін ұлы өмір көші деген – осы. Біз күрделі кезеңдерде дүниеге келіп, өсіп-өндік. Қазақ елі 1991 жылға дейін КСРО деп аталған алып империяның құрамында болды. «Ұлттар ұйысады, тілдер тоғысады, яғни кеңес халқы деген бір халық болады, бір тілде сөйлейді» деген қағида алға тартылды. Қазақ тілінің өрісі тарылып, маман мұғалімдер даярлау ісі күрт тежел-ді.

студент

Бұл А. Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтында да айқын көрініс тапты. Біз оқуға түскен 1964 жылы пединституттың тарих-филология факультетінің қазақ бөліміне бар болғаны жиырма адам қабылданды. Құжат тапсырған талапкерлер саны жүзден асқанын кейін естіп-білдік. Біз өзімізді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің соңғы мұғалімдері болармыз деп ойлаушы едік. Сондықтан әлденеге серттескендей, ана тілі үшін күресуге бел буғандай күйде болып, оқуға бар жанымызды салдық. Оқу тобымызда ұлдар аз, қыздар шоғыры көп болды. Айтқали Нәріков, Бақытжан Сапаров, Сембай Қаңтарбаев, Серікболат Зақаров – орта мектепті бітіргеннен кейін қоғамдық еңбекке араласып, әскер қатарында болып қайтқан сақа жігіттер еді. Қазіргі белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріков орта мектепті тәмамдаған соң бір жылдай ауылда кітапхана меңгерушісі болып қызмет істепті. 1961 жылы пединститутқа түсіп, әскерге алынып, үш жыл қару асынып, 1964 жылы үзілген оқуын жалғастыру үшін біздің оқу тобымызға келіп қосылды. Ал Сембай Қаңтарбаев болса, Ақтөбе педагогикалық училищесін үздік бітіргендіктен, институтқа емтихансыз қабылданған болатын.

Пединституттың дәрісханаларындағы жұмыс таңертең басталып, түске дейін созылатын. Екі-үш сағат тыным алып, қайтадан бас корпусқа қарай аяңдайтынбыз. Төртінші қабатта орналасқан қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіндегі оқулықтар мен кітаптар санаулы болатын. Сол себепті институт кітапханасынан орын алуға асығатынбыз. Бос орын табыла қоймайтын. Сарылып кезекке тұрушы едік. Орын босай қалғанда, керекті кітаптар қолда болып шығады. Ақыры, қолға түскен кітапты бірлесіп пайдаланушы едік. Татулықтың арқасында зачет-емтихандардан сүрінбей өтіп жүрдік.

«Сұлудан сұлу озар салыстырса, жүйріктен жүйрік озар жарыстырса» дегендей, арамыздан үздіктер шыға бастады. Алдымен, Серікқали Шарабасовты атап өткен орынды сияқты. Ол төрт жыл бойына кілең «5» деген бағаға оқыды. Лениндік стипендия алып тұрды. Секеңді институттың вахтерлерінен бастап, ректорына дейін жүзбе-жүз танитын. Серікқали Шарабасов институтты бітіргеннен кейін еңбек ете жүріп, ғылыми ізденістерін дамытып, филология ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғады. Іле-шала академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен докторлық диссертацияға отырды. Екі-үш монографиясы шықты. Көзге көрінбек түгілі, қолмен ұстағандай болған докторлық Серікқали Ғабдешұлына бұйырмады. Өмірде мұндай жағдайлар болып тұрады ғой. Бұдан Секең кеміген жоқ. Төңірегі, әсіресе студенттер қауымы оны пір тұтты. Өмірден ерте өткен профессор Серікқали Шарабасовты топтастары жүректе сақтап келеді.

Сембай Қаңтарбаев та жақсы оқыды. «Жай басып, жалпақ алатындардың» қатарынан еді ол. Секең де кейінірек филология ғылымдарының кандидаты болып, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс оқыды. Оқу тобымыздағы кенжекейіміз Күләш Ғұбайдуллина болатын. Институтқа түскенде ол бар болғаны 16 жаста еді. Мінезі пысық, ойы алғыр, мақсатқа берік Күләш зачет-емтихандарға өте мұқият даярланатын. Сөйтіп, «5» пен «4»-тік баға алатын. Күләш та институтта алған білімін жетілдіре түсіп, филология ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғап, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде студенттерге дәріс оқыды.

Көркем әдебиетті талдауға келгенде көбімізден мойны озық Айтқали Нәріков қалам қайраткері жолына түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында, Қазақстан Жазушылар одағы жүйесінде еңбек етті. Оның жиырмаға жуық кітабы жарық көріп, әдебиетшілер қауымы мен оқырмандар тарапынан кезінде лайықты бағасын алды. Тобымыздан үш профессор, бір ақын шыққанын біз мақтан етеміз.

Топ старостасы Бақытжан Сапаров – өзін үнемі бірқалыпты ұстайтын, орнықты жігіт  болды. Тілдесіп отырғанда адамды сынап та отыратыны байқалатын. Яғни лидерлік-көшбасшылық қасиеттен құралақан емес-ті. Бәкең тобымыздағы актөбелік ару Айманға үйленіп, қалғандарымызға жанұя болудың жолын көрсетіп берген еді. Бақытжан мен Айман Шыңғырлау ауданына жолдама алды. Бәкең он жылдай мектеп директоры болды. Одан жоғарылап, ұзақ уақыт аудандық оқу бөлімін басқарды.

Жарқ-жұрқ етіп күлетін, жалт-жұлт етіп жүретін Жансалқам Бисманова қыздардың «бригадирі» болды. Үйленіп, доғарысқа кеткен старостамыз Бақытжанның орнына бірауыздан Жансалқамды сайлап алған едік.

Жамихан, Сәуле, Ақырыс, Света, Роза, Хамия, Бақытжамал – адамгершілік қасиеттері жоғары, достыққа адал, бір-бір шаңырақтың шамын маздататын құрбылар болды. Тобымыздағы ұл-қыздар өмірлік серіктерін тауып, тамырларын тереңге жіберіп, жапырақтарын жайды. Мамандығымыз бойынша еңбек еттік. Өздеріміз тұрып жатқан ауыл-аймақтың өмірімен мидай араластық. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдік. Бұйырған марапатқа қол жеткіздік. Топтастарымыздың кейбіреулерімен жиі, кейбіреулерімен сирек кездесіп жүрдік. Өзім жайлы қысқаша айтсам, институтты жақсы тәмамдадым. Үшінші курстан бастап Орал телестудиясында диктор болып қызмет істедім. Оқу бітіргеннен кейін тұрақты штатқа алынып, 1972 жылға дейін Батыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде қызмет еттім. Ауылдасым, институттың физика-математика факультетін бітірген Қаримоллаға тұрмысқа шықтым. Қалай болғанда да қала магнитінен ауыл магниті басым түсіп, Казталов ауданына ат басын бұрдық. Бостандық ауылында мұғалім болдық. Бірталай жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымында істедім. Зейнетке шыққан соң, 2001 жылы «Асыл әже» ансамблін құрып, 22 жыл бойы жетекшілік етіп келемін.

2018 жылы институтты бітіргенімізге елу жыл толуына орай топтастар Оралда бас қостық. Елу жыл көп уақыт қой, қатарымыз селдіреп қалыпты. Көптеген достар сыңарларынан айрылыпты. Бала қайғысын арқалағандар да бар екен. Қайтесің, өмір ғой. Ұстаздарымыздан Меруерт Жолдықайырова апамыз ғана аман-есен екен, ол кісіні төрге отырғыздық. Елу жылдан кейінгі кездесу қызықты да мазмұнды өтті.

Биыл, яғни 2023 жылы ин-ститутты бітіргенімізге елу бес жыл болды. Қалада тұрып жатқан қыздармен хабарласып едім, мүмкіндігі барлар бас қосатын болып келістік. Оралдың жаңа шағынаудандарының біріндегі коттеджде Айтқали, Жансалқам, Ақтөбеден Күләш, Роза, Хамия қосағымен, Қарлығаш бас қостық. Фәниден бақиға өткендерді бір минут үнсіздікпен еске алдық. Өмірде жүріп өткен жолдарымыз туралы бір-бірімізге есеп бердік. Әрқайсысымыз бір-бір әулеттің отағасы-отанасы болып отырғандықтан, ұрпақ тәрбиесі де әңгіме арқауы болды. Бізге елпілдеп жүріп қызмет еткен жастар жанымызды тербеткен әндерді шырқады. Пенде қартайса да, көңілі қартаймайды екен.

Бұл мақаланы неге жазып отырмын? Жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек еткендер жүздеп, мыңдап саналады ғой. Десек те қазіргі білім қуған жас буын алдыңғы толқынның өмірінен хабардар болсын, тәлім-тәрбие алсын деген ой тұрды көңілде.

Гүлбану Шынтемірова,

ардагер-ұстаз,

Бостандық ауылы,

 Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале