21.06.2024, 12:46
Оқылды: 137

«Су арқылы да инфекция тарайды» – Айтқали Батыров

Су – жер бетіндегі тіршіліктің негізі, ол әрбір ағзаның құрамында болады. Сонымен қатар су түрлі инфекциялық ауруды таратуы ықтимал. Жұқпаларды таратуда су ауадан кейінгі орында тұр. Климаты ыстық, гигиеналық жағдайы нашар елдерде эпидемиялық аурулар жиі тіркеледі.

62A2F372-3DFC-45C6-AD6C-EC4FB377E6E5

Сурет: pixabay.com

Сарапшылардың мәліметі бойынша әлемдегі барлық аурулардың 80%-ы ауыз су сапасының нашарлығынан және сумен қамтамасыз етудің санитарлық нормаларының бұзылуынан болады. Су арқылы бактериалды ішек жұқпалы аурулары көп тарайды.

Енді адам ағзасындағы қандай аурулар сумен
байланысты болатынын қаралық:

Бактериялық ішек жұқпалары: тырысқақ, іш сүзегі, А және Б паратифтері, шигеллез (дизентерия), эшерихиоз (ішек таяқшасынан туындаған жұқпалар).

Бұдан басқа кейбір зооноздық жұқпалар – туляремия, лептоспироз (су безгегі), күйдіргі су арқылы таралады. Вирустық жұқпалар: А вирустық гепатиті (Боткин ауруы), полиомиелит; Коксаки және ЕСНО энтеровирустық, әртүрлі вирустық ішек жұқпалары.

Протозойлық инвазиялар: амебиаз (амебалық дизентерия), балантидиоз, лямблиоз, криптоспоридиоз. Көбінесе климаты ыстық елдерде кездеседі.

Гельминтоздар (құрт инвазиялары): аскаридоз, анкилостомидоз, стронгилоидоз және басқалары.

Гельминтоздардың жұғуының негізгі жолы су болмаса да, жұқтыру ықтималдығы бар. Бұдан басқа, анкилостомидоз бен стронгилоидоздың дамуы үшін ыстық ылғалды климат қажет, бұл олардың Азия мен Африкада таралуы мүмкіндігін күшейтеді.

Суда өмір сүретін паразиттерден туындайтын аурулар: шистосомоздық дерматит («шомылушының қышуы», церкариоз), ришта (Африка мен Азияның тропиктері мен субтропиктерінде таралған дракункулез).

Безгек, сары безгек, батыс ніл безгегі, зика безгегі,
денге безгегі және басқалары – тасымалдаушы масалардың суда тірі және көбеюінен туындайтын аурулар. Тропикалық қызба мен безгек негізінен ылғалды және ыстық климатты өңірлерде таралған.

Су арқылы таралатын аурулардан қалай қоғануға болады?

Суды тек тексерілген және сенімді, жабдықталған су көзінен ішіңіз.

Су көзінің қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз.

Егер қандай да бір жұқпалы аурулар (сары қызба, тырысқақ, іш сүзегі, А вирустық гепатиті және басқалары) бойынша эпидемиялық жағдайы қолайсыз елге барғыңыз келсе, осы жұқпаларға қарсы екпе алыңыз.

Ыстық экзотикалық елдерде болғанда шөлмектегі
(немесе қайнатылған) суды ішу үшін ғана емес, жуыну, тіс тазалау, басқа да гигиеналық процедуралар үшін пайдаланыңыз.

Тексерілген, арнайы бөлінген су қоймаларында ғана шомылыңыз. Рұқсат етілген жерлерде шомылғанда да суды жұтпаңыз!

Ашық су айдындарындағы суды пайдалана отырып, көкөністі, жемісті және ыдыстарды жууға болмайды. Осы қарапайым нұсқауларды басшылыққа ала отырып, су арқылы берілетін аурулардан сақтана аласыз.

Айтқали Батыров
Орал бөлімшелік көліктегі санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау басқармасының
басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале