11.01.2021, 16:06
Оқылды: 151

Су мәселесі бізді де мазалайды

Жер бетіндегі тіршілік иелеріне, тіпті өсімдіктерге, қыбырлаған тірі организмдерге дейін ауамен қатар ең алдымен қажет болатыны су екені әлімсақтан белгілі. Басқасын айтпағанда, адам ағзасының (кез келген тірі организм сияқты) 70 пайыздан астамы судан тұратыны тағы бар.  Тоқ етері су болмаса, жерде тіршілік атаулы болмайды.

 аман

Жер бетінде су құрлықтың көп бөлігін алып жатқаны белгілі. Бірақ ауыз суға жарамды су көп емес. Мұхиттар мен теңіздерге келетін болсақ, оның  суының құрамында тұз мөлшері жетіп артылады, тұщытпай ішу мүмкін емес, ал ащы суды тұщыландыру деген өте қымбатқа түсетін аққұла шығын. Біздің бағымызға қарай, Қазақстан аумағында ішуге жарамды тұщы судың жеткілікті қоры бар. Дегенмен ысырапшылдыққа баруға мүлдем болмайды. Бұған мемлекетіміз де ұдайы көңіл бөліп, халықтың назарын үнемі аударумен келеді.

Еліміздің Президенті өзінің Жолдауында қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау қажеттігін, оның маңыздылығын, экологиялық мәселелерге тұрақты, қатаң назар аудару керектігін ерекше атап өтті.

Туған облысымызға келетін болсақ, өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету – облыс басшылығының үлкен кеңестерде жиі көтеретін  басты мәселелерінің бірі.

Айтар болсақ, өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен облыс орталығының сумен қамтамасыз етілуі және суды бұру мәселелері талқыланды. Облыс әкімі проблемалық міндеттерді шешу және нақты жоспар дайындау жөніндегі ұсыныстардың орындалуы туралы Орал қаласының әкімдігі мен «Батыс су арнасы» ЖШС-ның есебін тыңдады. Онда өзекті мәселелер сөз болды. Алдағы күндерге айқын міндеттер белгіленді.

Осыған орай «Медет» қоғамдық қоры бұл міндеттерді іске асыруға тиісті мекемелер мен ұйымдармен бірге облыс тұрғындары да атсалысуы тиіс деп есептейді. Тұрғындар ортақ іске жанашыр болып, белсенділік танытса, су жолдарының ақауларын дер кезінде жоюға, судың үнемді пайдаланылуы мен  жеке меншіктегі суды жеткізу құрылғылары мен арналарына техникалық жөндеу жұмыстарының дер кезінде әрі сапалы жүргізілуіне бас-көз болса, мәселе өз шешімін табады.

Осы арада құрылғанына көп уақыт бола қоймаған «Медет» қоғамдық қорының алдына қойған мақсаты мен мұратына  қысқаша тоқтала кеткен жөн сияқты. Ең алдымен, қатарына облыстың белсенді азаматтарын тарта отырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Қазіргідей пандемияның бәсеңсімей тұрған кезінде қоғамымыздағы өзекті мәселелерді зерделеу және оны шешуге атсалысу мақсатында төмендегідей жұмыстарды атқару қажет санайды.

– ТҮКШ саласын реформалау және ПИК-ті МИҚ-қа (мүлік иелері қоғамы) трансформациялау, туындайтын мәселелер, оның ішінде сумен қамтамасыз ету бар, тұрғындар үшін әзірленген сауалнама-сауалдарды қала тұрғындарының назарына жеткізу және жауаптар алу;

– қоғам белсенділерінің, мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің, еріктілердің және т.б. қатысуымен Орал қаласының көппәтерлі үйлері мен жеке сектор тұрғындарының пәтерлерін аралау, сауалнамаларын ұйымдастыруды жалғастыру, бұл ретте пандемиямен күрес жөнінде халықтың пікіріне, олардың бірінші кезекте қажетті азық-түлікпен, сумен қамтамасыз етілуіне және осы мәселелерді шешу бойынша олардың тілектеріне баса назар аудару қажет;

– қазіргі уақытта халықтың көңілінен шықпай отырған мәселелердің себептерін анықтау, оларды жою бойынша тиісті ұйымдар мен мекемелерге ұсыныстар жеткізу, осы бағытта жүргізілген  сауалнамалардың нәтижелерін зерделеу, талдау;

– «Медет» қоғамдық қоры арқылы ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтарға ұсынбалар дайындау, ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты азайту, кооперативтік қозғалысты дамыту жөнінде практикалық ұсынымдар әзірленіп, өңірдің экологиялық проблемаларын зерделеп, олардың шешімдерін әзірлеу.

Облыс халқын сумен қамтамасыз ету мәселелеріне атүсті қарау мынадай түйткілдердің пайда болуына әкеліп соқты:

– оңтүстік аудандарда ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін судың жетіспеушілігі (вегетациялық кезеңде суармалы судың жеткіліксіздігі);

– ауыз судың тиімсіз пайдаланылуы;

– су қорғау аймақтарындағы су көздерінің ластануы;

– экологиялық жағдайдың айналып келгенде көршілес мемлекеттердің (РФ) су саясатына тәуелділігі, су ресурстарын ысырапсыз пайдалану нәтижесінде су көздерінің сарқылуы. Міне, осы мәселелер бүгінде біздің қоғамдық қорымыздың да жанына батуда. Оны шешуге біз де өз үлесімізді қосамыз.

 

Аманкелді Дәулетжанов,

Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері  кәсіподағының  ҚБ төрағасы, «Медет» жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» қоғамдық қорының басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале