Елде жылына орта есеппен 25 баладан остеосаркома — сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі анықталады.
Фото: pixabay
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты дәрігер онкологі, онкоортопед Бахрам Жұмадуллаевтың айтуынша, остеосаркома — сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Дерт көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі.
— Ғылыми орталықта балалардағы остеосаркомалар кезінде ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей күрделі операциялар 2012 жылдан бері жасалады. 13 жылда 100-ден астам жасөспірімге мега-эндопротездеу операциясы жүргізілді. Бұл оталар балалардың аяқ-қолын сақтауға ғана мүмкіндік бермей, толыққанды өмір сүруге ықпал етті. Бұдан бөлек, сүйек ісігі кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізу арқасында басқа органдарға метастазданудың төмендеуі және өміршеңдік артты. Емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90 пайызына қолданылады, — дейді № 2 хирургии бөлімінің меңгерушісі Бахрам Жұмадуллаев.
Онколог елде жылына орта есеппен 20-25 баладан остеосаркома — сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі анықталатынын атап өті. Барлық остеосаркоманың 50 пайызы тізе буынына, 30 пайызы иық-буынына жақын орналасады.
— Аяқ-қолды сақтай отырып емдеу аяқталғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайлары елімізде 71 пайыз. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді. Онкология саласындағы ең күрделі операция тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде тегін жасалады. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың өмір сүру сапасы жақсарады. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен қатар деңгейде мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті тұрмыс құрып 2-3 баланың ата — анасы атанып жатқандар бар, — деді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат