19.06.2021, 10:35
Оқылды: 487

Сырымда "Ұлттық дәстүр - тәрбие негізі" атты аудандық байқау ұйымдастырылды

Сырым ауданының Бұлан ауылдық округінде еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұмыт болып бара жатырған дәстүрімізді, ұлттық рухты, тәлім-тәрбиені дәріптейтін "Ұлттық дәстүр - тәрбие негізі" атты аудандық байқау ұйымдастырылды.

IMG_0549

Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов байқауға бақ сынамаққа келген барша нәзік жандыларға сәттілік тілеп, қазақылықтың иісі аңқыған бұл байқаудың ерекше екенін атап өтті.

Қатысушылар "Бидай қуырып, диірмен тарту", "Киіз басу", "Құрақ көрпе - құндылық", "Қазақтың ұлттық тағамдары" кезеңдері бойынша өзара сынға түсті.

20210619_102907

- Бұлан ауылдық мәдениет үйі жанындағы "Ару ана" әжелер ұжымының жетекшісі, зейнеткер ұстаз Г.Көлбаева, "Ақ ниет" әжелер ансамблінің жетекшісі, зейнеткер ана Г.Сарғозиева секілді аналарымыз бастап Г.Әуелбекова қазылық еткен байқаудың ерекше болғаны сөзсіз. Қазылар әрбір кезең бойынша қатысушыларға берілген тапсырмалардың мүлтіксіз орындалып, көңіл қуантарлық нәтиже көрсеткендеріне дән риза. Қатысушылар да осал емес, шетінен "сен тұр, мен атайын" болды, - дейді мәдени-демалыс жұмысы бөлімінің ұйымдастырушы маманы Гүлсара Зинуллина.

Байқау нәтижесі бойынша, "Бидай қуырып, диірмен тарту" кезеңінде ІІІ орын Б. Төлегеноваға, ІІ орын Б.Мәдиеваға, І орын А.Мергеноваға, бас жүлде бұландық Сымбат Бақтығазиеваға бұйырса, "Киіз басу" аталымында ІІІ орынға Н.Әлжанова, ІІ орынға З.Құдайбергенова, І орынға Л.Рахметқалиева, бас жүлдеге жетікөлдік З.Рахметова лайық деп танылды.

IMG_0564

Ал, "Құрақ көрпе - құндылық" кезеңі бойынша Г.Есенова ІІІ орынға, А.Калиуллина ІІ орынға, М.Ашимова І орынға, талдыбұлақтық Н.Ербөлекова қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге лайық деп танылса, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауда ІІІ орынға Р.Фатирова, ІІ орынға А.Тастемірова, І орынға А.Өміртаева, бас жүлдеге бұландық Ғибрат Еділова лайықты екендіктерін дәлелдеді.

20210619_102854

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық мәдениет,​ тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале