17.05.2021, 12:41
Оқылды: 167

Тайпақтағы колледж жабылғалы тұр

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданындағы білім нысандарының қазіргі жағдайымен қанық болды. Бұл бағытта күрмеулі түйткілдер баршылық. Әсіресе, Тайпақ ауылындағы колледждің тағдыры талқыға түсіп тұр екен. БҚО әкімдігінің 2019 жылдың 22 қарашасындағы №313 қаулысына сай Тайпақтағы техникалық-кәсіптік білім беру ұйымы Чапаев ауылындағы №14 Ақжайық аграрлық колледжімен біріктірілген. Бірақ басты мәселе – студент саны жылдан-жылға азайып келеді. Аграрлық колледждің Тайпақ бөлімшесінде бар болғаны трактор-машинист мамандығы бойынша ІІ курста 13 шәкірт білім алғанымен, биыл тас қалаушы мамандығы бойынша 18 студент оқуын тәмамдағалы отыр. Ал Тайпақтағы колледжде оқуға сұраныс білдіріп тұрғандар жоқтың қасы.

 тай1

Тайпақ колледжі 1987 жылы ашылған. Оған қарасты төрт ғимарат бар. Енді аудан басшылығы колледж ғимараттарын тиімді пайдалануға инвестор тартумен жұмыстанбақ.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ыбырай Алтынсарин атындағы орта жалпы білім беретін мектебіне барды. Колледжбен құрдас үш қабатты мектептің  «күнгейі» мен «көлеңкесі» тең екен. Олай дейтін себебіміз, спорт залы мен асханасы және концерт залы әбден тозған. Ғимарат төбесінен қабырғалардың ішкі бетімен сорғалап аққан су іздері анық көрініп тұр. Тіпті бір бөлмесінің едені дымқыл күйінде жатыр. Асүйдегі ескі парталар мен тамақ дайындайтын құрал-жабдық кеңестік кезеңнен қалған мұра екенін әйгілеп тұр. Сан спорт саңлағын тәрбиелеген Тайпақтағы мектептің мүсәпір кейпі кәдімгідей қынжылтып тастайды.

– Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 169 оқушы білім алып жатыр. Мектеп алды даярлық тобында 59 бала, шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оқу ғимараты 1987 жылы типтік үлгіде салынған. 2007 жылы ғимараттың екінші және үшінші қабаттарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Акт залды пайдаланбағанымызға оншақты жыл болды. Спорт зал мен асханалардың төбесінен су ағады. Мектеп терезелері 35 жылдан бері ауыстырылған жоқ. Биыл күрделі жөндеу болады деген қуанышты хабар естіп отырмыз, - дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Жамал Өтепбергенова.

тай2

Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыралиевтің айтуынша, мекеме ғимаратын күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. ЖСҚ 319 миллион теңгеге жасақталған. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жоспарлануда. Білім мекемесі туралы ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Мектепте 32 мұғалім қызмет етеді. Оқушылар танымдық, спорттық және туризм бағыты бойынша түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алып жүр. Ең бастысы, 2023-24 жылдары осында оқитындар саны 360-қа дейін көбейеді деген болжам бар. Мектеп дәлізіндегі шағын ботаникалық бақ пен мекеме музейіндегі құнды жәдіргерлерді көрген облыс әкімі Ғали Есқалиев білім ошағында еңбек ардагерлерімен кездесіп, олардың аудан дамуына байланысты айтқан ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале