ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалында 2026-2027 оқу жылына арналған қабылдау науқаны жалғасып жатыр.

Фото: gov.kz
Құжаттар 2026 жылғы 9 тамызға дейін қабылданады және осы мерзімге дейін үлгерген талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатыса алады.
Министрлік бұл филиалға «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» және «Аналитикалық химия» бағдарламалары бойынша 100 мемлекеттік грант бөлді. Қабылдау науқанының алғашқы кезеңінде 65 талапкер құжат тапсырып, олардың қатарында Атырау, Қызылорда, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл облыстарының жастары бар. Химия, математика және орыс тілі пәндері бойынша өткен жазбаша емтихандар нәтижесінде 54 талапкер мемлекеттік грант негізінде оқуға ұсынылды.
Қазіргі уақытта қабылдау науқаны жалғасып жатқандықтан, қалған гранттар бойынша конкурстық іріктеу келесі кезеңде жүзеге асырылады. Аталған филиал заманауи зертханалық инфрақұрылымды, халықаралық стандарттар мен өндіріс орындарымен тығыз серіктестікті ұштастыра отырып, елдің химия өнеркәсібі үшін жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауды жалғастыруда.