25.05.2021, 11:25
Оқылды: 883

Тарихтың куәгерлері

Ең көне саябақты білесіз бе?

Қазақ халқының XIX ғасырдағы әдебиет толқынына жататын, ақын, өр рухты Махамбет Өтемісұлының:

Еменнің түбі сары бал,

Еріскен көңіл бәрі бал.

Жоғарыдан төмен төгейін.

Керегіңді теріп ал!, - деген өлең жолдары жазылған тақтайшада «1840 жылы отырғызылған емен ағашы» деген жазуы тағы бар. Бұталары жайылған ағаш, осы саябақтың мәуелі бәйтерегі іспеттес. Иә бұл Ақжайық жұртшылығының сүйікті демалыс орнына айналған қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Тек батыстағы емес, Қазақстандағы ең көне саябақтың бірі.

Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтап, дәріптеуді тапсырған еді. Киелі орындар картасын жасап, патриотизмнің нағыз өзегіне айналатын «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды. Тарихымыз қайта түгенделіп, киелі нысандар мен мәдени мұрамыз бағалана бастады. Саябақ сондай мәдени мұра.

Жанға тыныштық, ләззат беретін сұлулық! Саф, таза ауа. Шаған өзенінің жағасында 23,9 гектар жерді алып жатқан саябақта таудай тұлғалардың ізі қалған...

1840 emen park (1)

1923 жылдың қарашасында Оралға келген Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, жазушы, қоғам қайраткері, қазақ зиялысы Сәкен Сейфуллиннің саябаққа келіп, саясында отырып, серуендегені туралы дерек бар.

181-інші жылына аяқ басқан саябақта талай жақсының ізі қалған. Саябаққа Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Сәбит Мұқанов, Қадыр Мырза Әли, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев сынды ақын-жазушылардың табаны тигенін жергілікті халық жақсы біледі.

park (3)

1843 жылғы тарихи деректерге зер салсақ: «Оралдың солтүстік-батысына қарай, бір шақырым қашықтықта, Шаған өзенінің сол жақ жағалауында негізі қаланған қоғамдық әскери бақ тамырын кеңге жаюда. 1840 жылы отырғызылған 3500 көшеттің болашақта үлкен баққа айналарына үміт зор» деп жазылған. Тіпті 1850 жылы бақты өсіріп баптауға арнайы маман бекітілген. Саябақтың өркендеу кезеңі атаман Аркадий Столыпиннің есімімен де байланысты. Оның жетекшілігімен бақта жол төселіп, бірнеше аллея пайда болды. Меймандарға арналған әскери демалыс саяжайы бой көтереді. 1862 жылы «Казактар» романына материал жинау үшін, Оралға келген орыс жазушысы Лев Толстойға саяжайда құрмет көрсетілген.

- 1884 жылдан бастап шаһардағы шағын мерекелер мен айтулы күндердің барлығы осы саябақта аталып өтілген. Оған дәлел 1891 жылы Орал казак әскерінің 300 жылдығына келген ханзада, болашақ император  ІІ Николайға атаман, генерал Николай Шипов мерекелік кеш ұйымдастырады. Олар осы кеште орыстың әлемге әйгілі әртісі, актер, әнші Федор Шаляпиннің өнерін тамашалайды. Әнші бір естелігінде: «Біздің сол керемет қызықты Бузулук, Орал, орынбор сапары жадымнан еш шығар емес!» деп жазады, - дейді бізбен әңгімесінде қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры Жасұлан Сакенов.

park (5)

Қоғамдағы, сол кездегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға байланысты бақтың атауы бірнеше мәрте ауысқан. Қазан төңкерісінен соң «қазыналық бақ» деп өзгертіліп, 1919 жылы мемлекет меншігіне алынады.

Ал 1923 жылы Орал қаласының шекаралық аумағына енгізіледі. 1925 жылдың жазында металлистер кәсіподағы бақты қамқорлыққа алып, ескі саяжайды жөндеуден өткізіп, жұмыскерлер үшін демалыс үйін ашады.

1927 жылы 19 маусымда бақтың ресми атауы «Кәсіподақ бағы» деп өзгертілген. Дәл осы сәттен табиғи саябақтың екінші тынысы ашылды десек, қателеспейміз. Қақпа орнатылып, жолдар төселіп, ойын алаңдары салынып, жаңа кейіпке енді. Дәстүрлі мерекелік шарадан бөлек әскери дайындық шарасы да жиі өтіп тұрған.

20210612_173315

1935 жылы 23  мамырда саябаққа С.М.Кировтің есімі беріліп, 2009 жылы 3 тамызда Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен «Қалалық мәдениет және демалыс саябағы» болып өзгертілді.

Қазан төңкерісі, ашаршылық кезеңі, екінші дүниежүзілік соғыс, 1942 жылы су тасқынының куәсі болған саябақ түрлі құлдырау кезеңінен өтсе де, түп-тамырын сақтап қала алды. Табиғи апаттан кейін 1944 жылы ғана саябақ қайта қалпына келтіріліп, көркі кірді. Алайда 1960-ыншы жылдарға дейін бұрынғыдай жұмысы жанданбайды.

20210612_173944

1970 жылдан бастап қалалық мәдениет бөліміне құрылымдық бөлімше ретінде енгізілді. Баққа радио толқынын тарататын аппарат қойылып, ағаш алқабы кеңейтіледі.

1988 жылы алғаш рет кең көлемде көктем мен жаңару мерекесі, шығыс халықтарының ең көне мейрамдарының бірі «Наурыз» мерекесі тойланды.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін саябақтың жұмысы жан-жақты жандана түсті. Мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, 2008 жылы толық жөндеуден өтті. Осы жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев іс-сапармен келіп, саябақ жұмысына сәттілік тілейді. Қойнауы қатпарлы тарихқа толы саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының баратын бірден бір орны. Күні бүгінге дейін ауқымды шаралар, жарыстар ұйымдастырылып келеді.

park (6)

Алқабында ағаштың 4 мыңнан астам түрі, бұтаның 12 түрі өссе, 24 емен мен 7 қарағай ағашы бар. Емендердің ұзындығы 26 метрге жетсе, қалыңдығы 80 сантиметр. Ал қарағайлардың қалыңдығы 52 см болса, ұзындығы 30 метрге жетеді. Саябақ жыл сайын гүлденуде. 2011 жылы «Торнадо» әуенді субұрқағы іске қосылса, 2016 жылы ашылған «WorkOut» спорт алаңы халыққа таза ауа аясында дене шынықтыруға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында Шаған өзені үстінен жаяу жүргіншілер үшін көпір салу да сәтті жүзеге асты. Шағанның арғы бетінде жүгіру жолағы және веложолақ салынды. Қалтаңызда артық ақша болмаса да, саябақтың тұмса табиғатына тамсанып, бір серпіліп қаларыңыз анық.

park (8)

Оралға келіп, еліміздегі ең көне саябақтың бірін іздесеңіз Желтоқсан оқиғасынын құрбаны, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков (1) атындағы көшеден табасыз...

Хандардың ізі қалған...

Орал өңіріндегі тағы бір киелі де тарихи орын Хан тоғайы. Жылдың қай маусымында да өзіне тән көркі бар. Жайық пен Шаған өзендерінің қосылар тұсындағы 400 гектарды алып жатқан орман алқабына 200 жылдан асып кеткен.

Дәл осы Хан тоғайында «Тұңғыштар мекені» аталып кеткен Бөкей ордасының негізін қалаған Бөкей сұлтан мен саясаткер, реформатор Жәңгірді ақ киізге көтеріп, хан етіп  сайлады.

20210612_173929

Әңгімені әріден бастасақ.  Ресей императоры І Павел Кіші жүздің сұлтаны Бөкейге 1801 жылы Еділ мен Жайық арасында өзіне бағынышты рулармен көшіп-қонуға рұқсат береді. 1801 жылдың 11 наурызында І Павел рұқсатын беру туралы рескрипт-жарлыққа қол қойды. Ал 12 наурызда Бөкей хандығы құрылады.

Бізге жеткен мәліметтерде Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызуды ерекше салтанатпен ұйымдастыру жоспарланып, таңдау Орал қаласы маңындағы тоғайға түсіпті.

1812 жылдың 7 шілдесінде көп қонақтың алдында Бөкей сұлтан дәл осы жерде хан тағына отырды.

Салтанатты шарада Бөкейді хан сайлап, бекіту туралы императордың жарлығы оқылған.  Ханның өзі Құран кітапты ұстап, ант берді, иығына бұлғын ішік жабылып, қылыш сыйланды.

Тоғайда аппақ хан ордасы тігіліп, айналасына дастархан жайылған. Тарихи деректерде шара соңында пушкалардан 12 рет оқ атылып, салтанатты музыканың сүйемелдеуімен мылтықтан үш рет оқ атылған.

1840 emen park (2)

1815 жылдың 21 мамырында Бөкей хан қайтыс болады. Тақ мұрагері Жәңгір жас болғандықтан, хан тағына регент есебінде уақытша сұлтан Шығай Нұралыұлы отырады.

1823 жылы Жәңгір Бөкейұлы хан тағының мұрагері атанып, 1824 жылдың  22 маусымында Астрахань губернаторының қатысуымен «Хан тоғайында» ақ киізге көтеріліп, хан сайланады. Айта кетелік, Жәңгірдің билігі қазақ халқына ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық әкелді.

Міне, бұл екі тарихи оқиға тоғайдың Хан тоғайы аталуына себепші болды. Бірақ Бөкей де, Жәңгір де бұл жерге ол тарихи оқиғадан соң келмеген. Сонау Кеңес уақытында тоғайға Максим Горькийдің аты берілген. Бірақ оралдықтар тоғайды қашанда орман алқабын Хан тоғайы деп атады.  Бұл тоғайда Оралға келген әйгілі тұлғалар, ақын-жазушылар А. Пушкин, И. Даль, В. Короленко да серуендеп, шабыт алған.

khan togai (7)

Қанша уақыт өтседе Хан тоғайы қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Тоғайға келсеңіз сирек кездесетін өсімдіктер мен құстарды да кездестіресіз. Шұбар шымшық, құнақ, сарышымшық, ементұмсық, қара тоқылдақ, шиқылдақ, қарапайым қараторғай, қарапайым көкшіл шымшық секілді құстардың да небір түрін, тіпті батыста сирек кездесетін орман көгершіні – дыркептерді де көзіңіз шалады.

Батысқазақстандықтар көнеден жеткен қос мәдени мұраны көзқарашығындай сақтап келеді.

Динара Тілекқызы,
Суреттерді түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале