15.10.2021, 11:14
Оқылды: 124

Тәуелсіздік жемістері

Егемендік алғаннан кейін өңірімізде де түрлі денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, материалдық-техникалық база нығая бастады. Емдеудің жаңа әдістері енгізіліп, адам өмірін арашалап қалудың мүмкіндіктері де артуда. Дерттің алдын алу мақсатында 2013 жылы Оралдағы облыстық аурухана базасында инсульт орталығы ашылды.

obl3

Инсульт орталығындағы дәрігерлердің жұмысы миына қан құйылған адамдарды мүгедектікке жеткізбей, тез құтқарып қалу, олардың сауығып кетуіне жағдай жасау. Аталған орталық 30 төсек-орынға есептелген. Онда инсульт алған науқастарды сауықтыру, қалпына келтіру палаталары жұмыс істейді. Миына қан кеткендерге шұғыл көмек көрсету алгоритмі жасақталған.

Мұндай орталық облысымыздың  Ақжайық ауданында да ашылған болатын. Инсульт орталығы заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған. Онда Жұбан елімен қатар, төрт ауданның, яғни Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Қазталов ауданының тұрғындары да емделуде.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру мақсатында биыл Орал қаласында «Қамқорлық» оңалту орталығы бой көтерді.

Орталық ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілігімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ашылды. Онда жаңа туған сәбиден бастап 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге мүмкіндік бар. Орталықта отызға жуық маман жұмыс істейді, олардың бәрі Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық клиникаларда біліктіліктерін арттырған.

«Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Жадыра Сәрсенғазиеваның айтуынша, орталықта мүгедек, тірек-қимыл қозғалысында, туабітті жүрек ақауы бар, жүйке жүйесі сырқатына шалдыққан балалар емделеді. Кешен «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен Канада, АҚШ, Германия және Ресейде шығарылған заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Олардың құны 175 млн теңгені құрайды. Орталықта айына – 50, жылына – 600 бала оңалтудан өтеді. Емдеу курсы – 21 күн. Балғындарға жаттығу залдары, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, ойын залы әзірленген. Ал аудандардан келген балаларға стационар тәулік бойы қызмет етеді.

Гүлім Ақап,

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: "Мой город" тәуелсіз басылымы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале